Жангелдинде жаңалық көп (фоторепортаж)
Облыс әкімі Архимед Мұхамбетовтің өңірдің оңтүстік аудандарына жасаған іссапары Жангелдин ауданында жалғасын тапты. Аймақ басшысы бұл туралы "Инстаграм" желісіндегі парақшасында егжей-тегжейлі баяндап жазды.
А.Мұхамбетов жұмыс сапарын «Жұман» шаруа қожалығының қызметімен танысу арқылы жалғастырды. Осы нысан басында Амангелді және Жангелдин аудандарының ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының басшыларымен кездесу өткізді. Еркін жиын барысында облыста мал шаруашылығын дамыту мәселелері талқыланды. Сол жиында келтірілген мәліметтер бойынша, егіз аудан – Амангелді мен Жангелдинде ІҚМ басы 78,7 мыңға жетеді екен.Іссапар жоспарына сәйкес, аймақ басшысы бірқатар нысандарды аралап, Жангелдин ауданында «Жұмыспен қамту жол картасы» аясындағы жобалардың іске асырылу барысын тексерді. Мәселен, Қаратүбек орта мектебіне 172,8 млн теңге сомасына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Құрылыс жұмыстары арқылы 21 жұмыс орны құрылған. Жалпы, жұмыстар осы жылдың күзінде аяқталады."Сонымен қатар, «Топжарған» стадионы 154,8 млн теңгеге қайта жаңартылып жатыр. 40 жұмыс орны құрылды, оның ішінде жұмыспен қамту орталығы арқылы ашылғаны – 20 жұмыс орны. Жөндеу аяқталғаннан кейін стадионның сыйымдылығы 3000 мың орын болады, – деп жазды А.Мұхамбетов. – Жалпы, Жангелдин ауданында ЖҚЖК аясында жалпы құны 1,9 млрд теңге болатын 8 жобаны іске асыру басталды. 479 жұмыс орны құрылды, оның ішінде жұмыспен қамту орталығы арқылы 239 адам жұмысқа орналасады".Облыс әкімі одан әрі Жангелдин аудандық ауруханасының хирургиялық корпусында болды. «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында жалпы сомасы 419,5 млн теңгеге аурухананың хирургиялық корпусы күрделі жөндеуден өтуде. Мұнымен қоса, ол ауданның желілік-техникалық цехына барып, талшықты-оптикалық байланыс желісінің қосылуымен танысты. "Жоба "Цифрлық Қазақстан" бағдарламасы аясында 542 млн теңгеге жүзеге асырылды. ТОБЖ-ға ауданның 7 елді мекені қосылған. Сонымен қатар, «250+» мемлекеттік бағдарламасы аясында облыстың 62 ауылдық елді мекенінде 62 ұялы байланыс операторларының станциясын орнату жоспарланған", – деп жазды облыс әкімі.А.Мұхамбетов жұмыс сапарының соңында аудан әкімі Ш.С. Оспановқа өңірді дамыту аясында бірқатар нақты тапсырмалар берді.
Суреттерді түсірген Бердіболат Көркембаев