АРҚАЛЫҚТЫҢ АУҚЫМДЫ ЖОБАЛАРЫ
Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов Арқалық қаласына арнайы іс-сапармен барды. Бұл жөнінде аймақ басшысы өзінің Инстаграм парақшасында жазды. Ең алдымен ол Арқалық қаласының қайтадан жабдықталып жатқан жылумен қамту жүйесін тексеріп шықты. 2030 жылға дейін тәмәмдау жоспарланған нысан құрылысына 7,4 млрд теңге бөлінген. Қазіргі таңда бұл арадағы құрылыс қарқын алған. Басты корпус, багерлік, бетон-ерітінді торабы тұрғызылып, 3 бу және 2 су жылыту қазандықтары орнатылды.
Жылу қазандығының жұмысымен толықтай танысып, жергілікті билік пен мердігер компания өкілдеріне құрылысқа қатысты бірқатар тапсырма жүктеген аймақ басшысы осыдан кейін «Жігер» стадионына бет алды. Спорт нысанын «Алюминстрой» ЖШС күрделі жөндеуге кіріскен. Қазіргі уақытта спорт залын қайта жаңарту жұмыстары жүргізілуде.
65,1 млн теңгеге бағаланған жоба "Жұмыспен қамту жол картасы" аясында іске асырылып, 8 адам жұмысқа жұмылдырылған. Оның төртеуі халықты жұмыспен қамту орталығы арқылы алынған. Құрылыс шілде айында аяқталуы тиіс.
"Жұмыспен қамту жол картасы" аясында қаладағы № 2 орта мектепке де күрделі жөндеу жүргізілуде. 365,2 млн теңге жұмсалған жөндеу жұмыстарын оқу жылы басталғанға дейін аяқтау жоспарланған.
Бұдан кейін Архимед Мұхамбетов Арқалық қаласының Дала өлкесі тарихы облыстық музейіне барды. 1972 жылы негізі қаланған мәдениет ошағы "Жұмыспен қамту жол картасы" аясында қайтадан қалпына келтірілуде. Нысанды заман талабына сай жабдықтау мақсатында 157,9 млн теңге қарастырылған. Бүгінгі күні бұл арада 40 адам еңбек етуде. Оның 25-і халықты жұмыспен қамту орталығы арқылы жұмылдырылыпты.
Жалпы алғанда, "Жұмыспен қамту жол картасы" бойынша аймақта 1,1 млрд теңге сомасына 10 жобаны іске асыру жоспарланған. Нәтижесінде өңірдің 250 тұрғыны жұмыспен қамтылуы тиіс.
Аймақ басшысы осыдан кейін «Арқалық – көмек алаңы» фронт – кеңсесінде болды. Фронт-кеңселердің қызметі халықпен байланысты жеңілдетуге және азаматтарға қызмет көрсетудің ашықтығын, қолжетімділігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Аталған фронт-кеңсеге азаматтарға кеңес беретін қала әкімдігінің салалық бөлімдерінің мамандары жұмылдырылған.
Бұл арада қала басшылығы азаматтарды қабылдайды. Сондай-ақ, Электрондық үкімет порталына қосылған өзіне-өзі қызмет көрсету секторы жұмыс істеуде. Жақын арада медиация кабинетін ашу жоспарланған. Қостанай облысы бойынша дәл осындай форматта жиырма фронт-кеңсенің жұмыс істеп тұрғанын айта кеткен жөн.
Жұмыс сапары соңында аймақ әкімі ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерімен кездесу өткізді. Жиында оңтүстік өңірде жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобалар таныстырылды. Әкім назарына ұсынылған Арқалықтағы ауқымды жобалардың бірі – қуаттылығы 7,5 мың бас ірі қара мал шаруашылығы кешенінің құрылысы. Оған 5 мың басқа арналған бордақылау алаңы, 2 мың басқа арналған репродуктор және 500 бас асыл тұқымды мал кіреді. Жобаның жалпы құны 3,6 млрд теңгені құрайды. Жобаның бірінші кезеңін ағымдағы жылдың қазан айында, ал екінші кезеңін 2021 жылы пайдалануға беру жоспарлануда. Жоба жүзеге асырылған жағдайда 36 адам тұрақты жұмыспен қамтылмақ.
Сонымен қатар, биыл жалпы құны 2,5 млрд теңге болатын элеватор, құрама жем зауыты және диірмен кешені пайдалануға беріледі. Құрылыс кезеңінде 80 жұмыс орны ашылды, ал пайдалану кезеңінде 45 адам тұрақты жұмысқа тартылмақ.
Жиын барысында етті мал шаруашылығын дамыту мәселелерін талқыға салған аймақ басшысы Арқалық қаласының әкімі Қ. Әбішевке өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша жұмысты жалғастыруды, сондай-ақ жобалардың іске асырылуын бақылауда ұстауды қадап тапсырды.