6 ЖОБАҒА – 6,4 МЛРД ТЕҢГЕ
Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов облыс орталығындағы инфрақұрылымдық жұмыстармен танысып шықты. Бұл жайында ол өзінің "Инстаграм" парақшасында жазды. Аймақ басшысы алдымен Чкалов және Арыстанбеков көшелерін қайта жаңарту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарды қарап шықты. Қазіргі уақытта Арыстанбеков көшесінің 1,245 шақырымы қалпына келтірілуде. Жақын арада ұзындығы 1, 288 шақырым болатын Чкалов көшесінің автомобиль жолын жөндеу қолға алынбақ.
«Өңірлерді 2020 жылға дейін дамыту» бағдарламасының жүзеге асырылуы әкім назарынан тыс қалмады. Осы бағдарлама бойынша құны 6,4 млрд теңгеге шақталған 6 жобаны іске асыру жоспарланған. Сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін қайта жаңарту жүргізу – осы жобалардың бірі.
Аймақ басшысы осыдан кейін Гашек көшесіндегі шаңғы базасының құрылысын тексерді. Қазіргі уақытта трассаны тігінен жоспарлау, ФБС монтаждау, қазан шұңқырын әзірлеу, жылу трассасын орнату жұмыстары жүргізілуде. Шаңғы трассасының ұзындығы 2,5 километр болады. Қазіргі уақытта, жолдың негізі салынуда.
"Жұмыспен қамту жол картасы" аясында бұл арада 110 жұмыс орыны ашылған, Жұмыспен қамту орталығы арқылы 55 адам іске жұмылдырылды. Жобаның жалпы құны 397,1 млн теңге. Құрылысты ағымдағы жылдың қазан айында аяқтау жоспарлануда.
Құрылыс жұмысының қыр-сырына қаныққан аймақ басшысы қала әкімі Қ.Ахметовке тиісінше тапсырма жүктеп, жобалардың жүзеге асырылуын қатаң бақылауда ұстауды тапсырды.