Оқырмансыз газет тұл

"Қостанай таңының"  Меңдіқара ауданындағы күндері
IMG_8673цв"Қостанай таңы" газетінің күндері" жобасы биылғы жылдың көктемінде бастау алған болатын. Осынау игі шара өткен жұмада Меңдіқара ауданында жалғасын тапты.
Оқырмандар мен газет ұжымының кездесуіне меңдіқаралықтар шама-шарқынша жиналды. Қатысушылардың қарасы аздау болғанымен басылымның шынайы жанашырларын көріп, жүрегіміз елжіреп қалды. Іс-шараның алғы сөзінде газеттің директор-бас редакторы Жанұзақ Аязбеков басылымның 92 жылдық тарихын, бел-белесін қысқаша баяндап берді. "Қостанай таңының" қазіргі жағдайына шолу жасады. Сондай-ақ біздің газетке облыс әкімінің айрықша ықылас, қолдау көрсетіп отырғанын баса айтты.
– Облыстық ішкі саясат басқармасының бастамасымен социологиялық орталық құ-рылды. Оның негізгі қызметі – облыстың экономикалық-әлеуметтік ахуалын сараптап, нәтижесін халыққа ұсыну, – деді басылымның редакторы.
Өңіріміздегі қара шаңырақ "Қостанай таңы" газеті биыл ерекше қарқын алғаны рас. Басылымның жеке сайты мен әлеуметтік желілердегі парақ-шалары уақытылы жұмыс істеп тұр. Соның бәрі оқырман үшін жасалып жатқан игі істер. Газеттің аудандардағы күндерін өткізу де халыққа бір табан жақындаудың айқын көрінісі емес пе?!
Кездесу барысында газеттің таралымы туралы әртүрлі пікірлер айтылды. Кейбір аға буын өкілдері "Біздің толқын орысша оқып өсті. Қазақша түсінбейміз" деген ойларын ашық айтты. Ал енді бірі "Газетте біздің аудан туралы мақала аз. Сондықтан басылымға жазылуға құлықсызбыз" десті. Оқырмандардың бұл сөзіне іс-шараға арнайы қатысқан облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Жанділдә Мақанов былай деп жауап берді:
IMG_8664цв– Біз Тобыл-Торғай өңіріміз. Талай арыстарды дүниеге әкелген Торғайдың атын ұмытуға құқығымыз жоқ. Торғай туралы мақалалар газет бетінде көп басылса, оған ренжудің қажеті болмас. Себебі газеттің негізгі оқырмандары сол жерде. Мәселен, Жанкелдин ауданының халық саны 14 мың. Олар "Қостанай таңының" 1595 данасын жаздырып алады. Ал сіздерде 234 дана.
"Қостанай таңы" газеті талай жастың тұсауын кесіп, шығармашылығын шыңдап келеді. Бүгінде республикаға белгілі ақын Серікбай Оспановтың балаң жырлары дәл осы басылымға жарияланған екен. Оны кездесу барысында ақын ағамыз ел алдында айт-ты. Біздің газетте жауқазын жырлары мен тырнақ алды туындылары шығып жүрген жастар Меңдіқара ауданында да баршылық. Оған кездесу барысында куә болдық.
Өнегелі шара барысында облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Ж.Мақанов, аудан әкімінің орынбасары М.Ерканов, белгілі ақын С.Оспанов сөз сөйледі. Кездесудің соңында "Қостанай таңы" газетінің жанашырлары Сатыбалды Еркенов, Қайырбек Аюпов, Мұрат Айсағалиев және жас тілшілер Арайлым Серікбаева, Эльмира Дүйсембаева, Евгения Гаммерге арнайы куәліктер мен Алғыс хаттар берілді.
Осы уақытқа дейін газет ұжымы он тоғыз аудан-қаланы аралапты. Бір айта кетерлігі, алғаш рет Меңдіқара ауданында өзге ұлт өкілі "Қостанай таңының" жас тілшісі куәлігімен марапатталды. Мемлекеттік тілде шығатын басылымның жас тілшісі атанған Евгения Гаммер болатын.
 
IMG_8803цвЖанділдә МАҚАНОВ,
облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы:
– Облыста 127 бұқаралық ақпарат құралы бар. Соның 4%-ы мемлекеттікі. Қалғаны жекешелендірілген. Мемлекеттік БАҚ-тың бірден бірі – "Қостанай таңы" газеті. Елбасының саясатын бұқара халыққа жеткізу және елдің тұрмыс-тіршілігін баяндау аталмыш газеттің міндеті.
Біріншіден, бұл кездесу ана тілімізге деген құрметтің белгісі. Екіншіден, бұл кездесу сіздерге, оқырманға деген құрмет.
"Қостанай таңында" шашылып жатқан маржандай әртүрлі мақалалар бар. Соның қадірін білу оқырманның міндеті. Оқырманы болмаса кез келген кітап, газет-журнал жетім. Оның басшылары мен журналистері неше жерден талантты болса да басылымның болашағы оқырманға байланысты.
Менің арманым Тобыл-Торғай тұлғалары деген мұражай ашу. Қазірдің өзінде Қостанай өңірінен шыққан 100-ден артық тұлға анықталды. Біз оларды неге насихаттамаймыз? Ел мен жердің тарихы ұрпақ үшін керек. Балаларымыз соларға қарап еліктеп өседі. Өңіріміздің дамуына үлес қосқан аяулы азаматтарымыз туралы "Қостанай таңы" жазып жүр.
 
Оқырманмен  жүздесу: оймақтай ой
IMG_8726цвМырзахан ЕРКАНОВ,
Меңдіқара ауданы әкімінің орынбасары:
– "Қостанай таңы" облысымыздағы мемлекеттік тілде шығатын бірден бір басылым. Газеттің алғашқы саны 1922 жылы "Ауыл" деген атпен таралды. Басылымның ақпараттық кеңіс-тікте өз орны бар. "Қостанай таңы" өзіндік бедері бар байырғы, беделді басылым. Газет облыстың қоғамдық өмірінің айнасы болып табылады.
 
IMG_8734цвСатыбалды ЕРКЕНОВ,
аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы:
– "Қостанай таңы" газетіне бірнеше жылдан бері жазыламын. Сондағы байқағаным Торғай өңірінен материалдар көп беріледі. Аталған ауданның меншікті тілшісі бар. Менің айтайын дегенім, ауданымызға тілші ұстауға бола ма? Сонымен қатар, біз туралы көбірек жазсаңыздар екен. 
 
IMG_8756цвАлтынай СЕРІКБАЕВА,
Ғаббас Жұмабаев атындағы Боровской орта мектебінің  оқушысы:
 – Менің ең алғашқы мақалам дәл осы басылымға биылғы жылдың қыркүйек айында шықты. Сіздерге алғысым шексіз. Еңбектеріңізге табыс тілеймін. Менің сұрағым, не себепті газетке қосымша ретінде жастарға арналған бет арнамайсыздар? Облысымыздағы жастардың мақалалары сіздердің газеттеріңізде жарияланғанын қалаймын. Себебі, жастардың дені жазған-сызғандарын әртүрлі сайттарға жібереді. Біз сол сайттардан оқимыз. Жастар өздерінің мақалаларын сіздерге жіберсе оқырмандарыңыз да көп болар еді…
 
IMG_8766цвҚайырбек АЮПОВ,
М.Қарабаев атындағы облыстық туберкулезге қарсы шипажайдың бас дәрігері:
– Редакция ұжымының біздің ауданға келіп, жұртшылықпен жүздесіп жатқанына ризамын. "Қостанай таңын" қазақтар оқымағанда кім оқиды? Газет жылдан жылға жақсарып келе жатыр. Басылымның Меңдіқара ауданына арнаған бетінде Боровской ауылының бұрынғы аты Қарағайлы деп жазыпсыздар. Оған да рахмет.
Келесі жылы Қазақ хандығының 550 жылдығын ел болып тойлағалы жатырмыз. Сондықтан қазақтың көне тарихын көбірек насихат-тауымыз керек. Елдің, әр өңірдің тарихы туралы көбірек жазып, халыққа түсіндірсеңіздер екен. Себебі, жергілікті жердің өткені, жер-су атаулары тасада қалып жатыр. Өткенді ұмытпауымыз керек. "Қостанай таңы" газетінен тарихи мақалаларды көргіміз келеді.
 
IMG_8811цвСерікбай ОСПАНОВ,
ақын, Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтының профессоры:
– Бір авардың палуаны Түркияға барып күресіп жатыр екен. Қарсыласы қолы шығып кеткен сәтте аварша боқтап жіберіпті. Сол сәтте авар жігіті қарсыласын құшақтай алыпты. Көрдіңіз бе, аварша бір сөз айтқаны үшін қарсыласын құшақтап алды. Ал "Қостанай таңы" басынан аяғына дейін қазақша. Газетті қазақша шыққаны үшін жаздырып алуға болады ғой. Ана тілімізде шығатын басылымды оқымау маған біртүрлі ерсі көрінеді. Өз басым осы газетті жаздырып оқып келе жатқаныма 53 жыл. Аталған газетке сонау 1961 жылы алғаш рет "Туған жер" деген өлеңім басылды. Мен ол кезде 6 сыныпта оқыдым.
Біз газет көрмесек емшек ембеген баладай болатынбыз. Газетті күнде күтіп жүретінбіз. Себебі, біз жазуға ынтық болдық. Алматыда 36 жыл тұрдым. Бірақ бұл газеттен қол үзгенім жоқ. Үнемі хабарласып отырдым. Менің өлеңдерім мен поэмаларымның көбі осы газетке жарияланды. 
Қымбат Досжанова
Суреттерді түсірген  Бағдат АХМЕТБЕКОВ
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓