НҰРАЛЫ САДУАҚАСОВ: “Бізге керегі – мызғымас бірлік, баянды тірлік”

Қостанай облысының әкімі НҰРАЛЫ МҰСТАФАҰЛЫ САДУАҚАСОВТЫҢ облыс баспасөзінің қара шаңырағы  – "Қостанай таңы" газетінің сауалдарына орай облыстың әлеуметтік-экономикалық ахуалы, ел мен жер, тіл мен діл туралы газетіміздің  Бас редакторы, Қазақстанның Құрметті жорналисі Жанұзақ Аязбековке берген сұхбаты
IMG_0934Аким– Нұралы Мұстафаұлы!   Арғымақ жыл аяқталып келеді. Облыстың биылғы экономикалық-әлеуметтік даму барысы, еңсерген белестер, негізгі көрсеткіштер хақында не айтар едіңіз?
 
Садуақасов: Биылғы тоғыз айдың қорытындысын шығару әзір ертерек. Ал өткен сегіз айдың нәтижесіне көз жіберсек, облыстың жалпы экономикалық дамуы республикамыздың даму барасымен үндес. Бұл ретте сыртқы фактор: әлемдегі саяси-экономикалық ахуал, Кеден одағындағы мемлекеттерінің дамуы, Украинадағы жағдай, Евроодақтың Ресейге жасап жатқан санкциясы, Ресейдің кері жауапты санкциялары, тұтас елімізге, оның ішінде шекаралас біздің облыстың қалыпты дамуына әсерін де, ықпалын да тигізді. Мұны біз былтырдан бері  сезе бастадық. Мысалы, еліміз бойынша мұнай мен газ секторында бәсеңдік байқалды. Сол сияқты тау-кен өнеркә-сібінде, мысалы  биыл жыл басында облыстағы тау-кен өндірісі 5,5% кемісе, қазір жағдай біршама тұрақталды. Бұл жерде біз Қытаймен белсенді жұмыс істегенімізді айту керек. Облыс әкімінің орынбасары Қытайдың Ганьсу провинциясына делегациямен барып, іскерлік байланысты орнатып нығайта түсті. 
Изображение 231Бұл провинция Рудныйдың Соколов-Сарыбай кен-байыту өндірістік бірлестігінің кен шикізатын тұтынатын. Енді оларға тағы қосымша кен жөнелтуге қол жеткіздік. Әрине, бұған Үкімет, министрліктер тарапынан қолдау, көмек болды. Соның нәтижесінде өткен жылдың деңгейімен салыстырғанда  Қытай, Ресейдің Челябі облысындағы Магнитогорск, өзіміздің Қарағанды металлургия комбинаттарын қоса есептегенде ССКБӨБ 100 %-ға жұмыс істеуіне толық мүмкіндік бар. 
Тау-кен өндірісінің басқа саласында да, мысалы, Жітіқара асбест комбинатының қарқыны шамалы бәсеңдеді. Оған Үндістандағы рупий валютасының құнсыздануы, сол сияқты бауырлас Өзбекстан, Тәжікстан республикаларынан да сұраныстың азаюынан  10 % төмендеді. Жалпы алғанда, тау-кен саласындағы көрсеткіштің кемуі  4,4% құрды.
Бірақ ең бастысы, негізгі бағыт – Елбасының бастамасымен жүргізіліп  жатқан индустрияландыру бағдарламасы. Ондағы басымдық – өңдеу өнеркәсібі. Соңғы төрт жылда облыста ондаған кәсіпорын ашылды. Жұмыс қарқынды жүргізіліп, өнім көлемі  6,6% артты. Осы өңдеу өнімдерінің арқасында  тау-кен саласындағы жетімсіздіктердің орны толды. Бұл металлургия, машина жасау, азық-түлікті өңдеу тағы басқалар. Негізгі капитал бойынша инвестиция өсімі 3-4 %, тұрғын үйден 150 мың шаршы метр пайдалануға берілді, жыл соңында 246 мың шаршы метрге жетпек. Ал, жоспар 233 мың шаршы метр.
Инфляция 8 айда 4,8%,  республика бойынша 5,4%.  Сондықтан негізгі көрсеткіштер  бойынша еліміз бойынша 3-4 орында келеміз.
Изображение 375Қазір егін орағы белортасынан асты. Биылғы жағдай күрделі.  Маусым айында бір тамшы жаңбыр тамбаса, шілдеде көл-көсір жауын болды. Ауа райының осындай құбылмалылығы егінге әсер етті. Облыста биылғы астық орташа. Әзірге түсім гектарына 9,3-9,4 центнерден айналуда.  Оңтүстік аудандарымыз егінді аяқтады.  Солтүстік аймақтарда: Қостанай, Федоров, Қарабалық, Ұзынкөл, Қарасу, Меңдіқара, Сарыкөл аудандарында бітік егін бар. Орташа 10,5-11 центнерге дейін түсім беретін сыңайлы. Енді бәрін жобалай келгенде облыс бойынша 4,7  млн. тонна  астық жиналып қала ма деген үміттеміз.  Елбасы мен  Үкіметтің біздің облысқа қойған  макроэкономикалық көрсеткішті сақтаудағы міндеттер тиянақты орындалуда.
Облыста мемлекеттік бағдарламалар, атап айтқанда, "Жұмыспен қамтудың жол картасы", "Бизнестің жол картасы", "Индустрияландыру картасы" жыл сайын тың-ғылықты іске асырылуда. Соның нәтижесінде жаңа жұмыс орындары ашылуда. Мұның облыстан тысқары жермен қарым-қатынасқа  оң әсері бар. Қазір іргелес Ресей облыстарымен белсенді іскерлік байланыстамыз. Челябі, Омбы, Қорған, Орынбор облыстарымен тауар айналымы  өсе түсті.
– Нұреке, бүгінде Қостанайдан  автокөліктің түр-түрін шығара бастадық. Осылай кете берсе, көп ұзамай еліміздегі  бұл салада өндіріс орталығына  айналатын түріміз  бар.  Перспективасы туралы не айтасыз?
 Изображение 188Садуақасов: Машина жасау кәсіпорындарының келешегі бар. "Агромашхолдинг" дегенді білесіз. 2004 жылы  аумағы 100 мың шаршы метр Қостанайдағы дизель зауыты қаңырап бос  қалған болатын.  Қазір соның 85 мың шаршы метрі игерілді. Автомашина құрастыра бастадық. Жапон, Корей технологиялары батыл қолданысқа енгізілді. Мысалы, 2012 жылы 2 мың ғана автомобиль жиналса, былтыр 7 мың автомашина құрастырылды. Биыл 8 мыңнан асты.  Жалпы олар алдағы уақытта 15 мыңнан 25 мыңға дейін көбейтуді көздеп отыр.
Қостанайлық машина құрастырушылар өз тірлігін 4-5 бағыт бойынша істеуді жоспарлаған. Алдымен Ресейдегі Ульяновскінің "УАЗ" көлігін қолға алып еді, бірақ келешегі жоқ деп тоқтатты. Украинаның "Шанс" маркасы елдегі жағдайға байланысты ол да  тоқтады.
Корейдің "Сан Енг", "Номад" автомобиль маркалары құрастырылып шығарылу қалыпты жағдайға көшіп келеді. Елбасының қатысуымен "Тойота" сондай-ақ, Италия, Франция маркалары конвейерден шығып жатыр. Қазір осы  машина жасайтын аумаққа теміржол  төселді. Комуникация да орнады. Енді логистикалық орталық ашсақ  деп  отырмыз.  Бұл жерде "Бәйтерек" холдингі 15 млд. теңгемен  қолдау көрсетуді көздеуде. Осы көлік тауарларын Ресейге, Ресей арқылы шетелдерге шығаруға мүмкіндік туа ма деген ойымыз бар. Жалпы, Сот Ашык есик фото 073автомашиналардың  технологиялық үрдісін айталық, жапондардың  өздері қадағалайды. Өздері өндіріс желілерін іске қосты. Оларда өндірістік  тәртіп қатаң. Қазір біздің жұмысшылар сонда жұмыс істеп, талапқа сай  жақсы үлгі көрсетуде.
Бүгінде дуалды оқу әдісі осы кәсіпорындармен енгізіле бастады. ҚМУ, КинЭУ Қостанайдың бірқатар колледждері келісім-шартқа отырып, осы зауыттарда тәжірибеден өтуде. Байқасақ, Қостанай автомобиль жолдары колледжінде биыл оқуға түсуге 1 орынға 5 адамнан келіпті. Бұрын мұндай болмаған. Өйткені, колледждегі бірнеше мамандық бойынша осы зауыттарда жұмыс та, қызмет те бар.
– Арқалық-Шұбаркөл  теміржолы іске қосылды. Енді оның өңірге тигізер пайдасы, Торғай аймағына берер тың серпіні  жөнінде елдегі жұрт елеңдеулі, осыған тоқталып өтсеңіз?
Садуақасов: Мұның енді маңызы  зор. Бүгінде Арқалық, Аманкелді, Жанкелдин аудандарында 71 мыңның көлемінде тұрғын бар. 2002-2003 жылдардан бастап бұл аймақта үдере көшу тиылды. Қазір шынтуайтына келгенде, табан тіреп тұрақтаған, өз жерім, елім деп тірлікке көшкен нағыз отаншыл замандастар мекендейді. Елбасы, Үкімет, облыс осы аймақты үнемі назарда ұстап,  қамқорлық жасап келеді. Оның себебі белгілі. Жермойны қашық, өнімділігі төмен, жолы нашар. Те-міржол енді келешекте  осы өңірдің  бәсекелес  өнімін еліміздің орталық, батыс, шығысы арқылы Қытайға шығаруға мүмкіндік беретін болды. Теміржолдың ұзындығы – 214 шақырым. Оның бойында енді сервистік қызмет, шағын және орта бизнесті тиімді де серпінді дамуға жол ашылды. Бұдан былай Арқалық тоқырау аймағы деген аттан құтылатыны анық. Қазір Арқалық қаңыраған жарамсыз үйлердің қаңқаларынан біртіндеп тазартылуда. Былтыр 17 үй, биыл 40 үй, 2016 жылда Изображение 595толық құтылу көзделуде. Арқалықта мектептер, жолдар жөнделуде.  Әлеуметтік нысандар салынуда. Биыл теміржолшыларға арнап 45 пәтерлік үй салып пайдалануға берді.  "Алюминстрой" 65 пәтерлі үйді жөндеп, жаң-ғыртып берді. Өңір көз қызығатындай жаңаруда.
Ал, енді,  Аманкелді мен Жанкелдин аудандарында "Агробизнес 2020" атты бағдарлама бойынша іс-шара қолға алынды. Оның мақсаты – осы алыс өңірдегі мал өнімдерін өткізу, өңдеу, ұқсату. Бұл Арқалық арқылы  шешімін табады. Моноқалаларды дамыту бағдарламасын пәрменді іске асыруы, шалғайдағы ауыл шаруашылығы тауарларын өңдеп, Астана, еліміздің орталық өңірлеріне,  Алматыға  дейін жеткізу көзделіп отыр. Арқалықтың келешек перспективасы зор. Сонымен қатар айта кетсек, Арқалықта жел қондырғысы арқылы электр энергиясын өндіру, көмір жағатын жылу-энергиялық орталық салынып, мазуттың орнын таскөмір алмастыратын болады. Бұл Арқалық қаласын жылумен тиянақты қамтамасыз ету мәселесі толыққанды шешіледі деген сөз.
Арқалық аумағында мұнымен қатар 330 мың гектар егін өсіретін құнарлы жер бар. Былтыр мұнда гектарына 12, биыл 8 центнерден өнім алды. Сонымен бірге мал өсіретін шаруашылықтардың саны  артуда. "Нұржайлау" жобасы іске асырылды. Қалада құс фабрикасы жұмыс істейді. Аманкелді ауданында 5 мың бас жылқы өсіретін табын ұйымдастыру биылдан қолға алына бастады. Бұған біз қолдау көрсетеміз.
– Нұреке, осы орайда тағы бір сұрақтың реті келіп тұр. Арқалық-Амантоғай-Аманкелді-Жанкелдин бағытындағы автокөлік жолының салына бастағанына біраз уақыт болды. Қазір асфальт  жол Амантоғайға дейін жетті.  Жұртының көңілін күпті еткен сауал біреу. Жол қашан  салынып бітпек?
Садуақасов: Бұл сұрақ тікелей маған байланысты емес. Жол республикалық бюджеттің қаржысына салынып жатыр. Оған мемлекеттен бөлінген трансферт бар. Жолдың жалпы ұзындығы – 280 шақырым. Қазір 120 шақырым жерге асфальт төселді. Бірақ құрылыстың қарқыны тағы осы қаржыға байланысты. Биыл республика 450 миллиард теңге секвестр жасап жатыр. Яғни, жолға бөлінген қаржы көлемі қайта қаралып,  азаюы да ықтимал. Бұған біз де алаңдаймыз.
Изображение 633 ПортретОблыста 9,5 мың  шақырым жол бар. Оның 1,5 мыңы – республикалық, 2,5 мыңы – облыстық, қалғаны қала мен аудандарға қарайтын жол. Бұл жерде дұрыс түсіну керек.  Біз осы жолдың құрылысына бірлесіп қаржы қарастырып жұмысты тиянақты тоқтаусыз жүргізудің Үкіметпен ортақ шешімін жасауды ұсынғанбыз. Бірақ Үкіметті де түсінуге болады. Мұндай өзекті іс ел аумағында жеткілікті.  Ал Үкіметтің де өзіндік стратегиялық жоспары, іс-қимыл шаралары  бар.
Қаржы-қаражаттың өзі негізгі табыс көздері, айталық, тау-кен өнімдерінен түсетін салықтан қаралады. Қазір әлемде нарық тұрақсыз. Мысалы, біз айтып отырған Қытай біздің кен шикізатын 120 долларға сатып алып келсе, енді басқа жақын Монғолия және тағы басқа да  елдермен сауда-саттықтың көзін  тапқан көрінеді. Соның салдарынан кеннің бағасы 83 долларға түсіп кетті, 30% төмендеді. Мұндай  жағдай өзге де облыстарға тән. Жанар-жағармай, газ және басқаларынан көлемі олар да төмендеп қалды.
– Енді, әңгімемізді әлеуметтік жағдаймен сабақтастырсақ. Қазіргі кезде Елбасы, Үкіметіміз оралмандарды  орналастыруда солтүсік өңірлерге басымдық беретінін атап айтып отыр. Неге бұлай екені аян. Бірақ ниет түзу болғанымен, осы үдерістің шешімін күткен мәселелері бар. Сіздің айтарыңыз?
Садуақасов:  Оралмандар бізге керек. Бірақ мәселе шынында бары бар. Айталық, Рудный қаласына Өзбекстаннан оралмандар келген. Бірақ квота болмағаннан  кейін оларға қаражат бөлінбеді. Сол себепті де сол келгендерге жәрдемақы, азаматтық алу қиындап қалды. Келіп жатқандар туған-туыстарын паналап, сығылысып, он-он бестен бір үйде тұрып жатыр. Біз бұл мәселені Үкіметтің алдында қойдық. Қазір 19 мың адам кезекте тұр. Бір кезде оралмандарға арнап Заречныйда мектеп те, үйлер де салына бастаған. Кейін қаражаттың бөлінбеуінен бұл қозғалыс тоқтап қалды. 
Оралмандар бізге керек дейтінім, Рудныйдан бастап  өнеркәсіп кәсіпорындарына кәсіпқой техникалық-технологиялық мамандар көптеп керек. Сонымен қатар облыс ауыл шаруашылығына агрономдар, зоотехниктер, мал дәрігерлер жетпей жатыр.  Жұмыс ресурсы барған сайын зәру болатын түрі бар. Бірақ бәрін қамтамасыз етіп, іске асыруға облыстың күші жетпейді. Республика Үкіметтің арнайы шешімі, көмегі арқылы ғана көп мәселе шешілері хақ. Әлі де болса  алыс және жақын шетелдерден  келетін оралмандарға арналған нақтыланған мемлекеттік бағдарлама болса, ойдағыдай шешімін табатыны сөзсіз.
IMG_4830– Соңғы кезде облыс аудандарына бірнеше жаңа да жас әкімдер келді. Олар өңірге өзіндік бетбұрыс, тың серпін әкеле алды ма? Сіз олардың қызметіне қандай баға бересіз?
Садуақасов: Баға бергенде, оларға әлі уақыт керек.  Көбісі, бұрынғы кездегідей директордан  бастап, комсомол, партияда, басқарма, орынбасар болып дегендей жақсы мектептерді көрмеген. Көрмегеніне олар кінәлі емес. Бұл әкімдерде білім де, білік те бар. Жетпейтіні өмірлік, іскерлік тәжірибе. Ол да бірден пайда болмайтыны белгілі. Уақыт керек дейтінім сондықтан. Жас әкімдер өздеріне тізгіні берілген қала мен аудандарда жұмысты неден, қалай, қайтіп бастап істеудің нақты іс-қимыл жоспарын жасай білуі керек. Әсіресе, қандай қиын жұмыс болса да жергілікті халықпен ақылдасып, ауыл-ауылды аралап, пікірлесіп барып  істесе, жүрмей-тін жұмыс жоқ. Қазір сол 8 жас әкімнің атын атамай-ақ қояйын төртеуі жақсы жұмыс істейді. Алымды да қарымды. Ал қалған төртеуі жаман дегендік емес, бірақ өзін-өзі толық көрсетуге үлгере алмай жатыр.  Бәлкім, уақыт керек шығар.
– Шыны керек, біздің оқырмандарымыз,  туған жер перзенті – Сізден ұлтымыздың тілін, ділін, дінін ілгері бастыруда  ауқымды тың  іс-шаралар, ұйғарым-шешімдер күтетіні анық. Осы төңіректе ой-пікірлеріңізді ортаға салсаңыз.
Садуақасов: Өңірдегі руханият үнемі менің назарымда. Әсіресе мемлекеттік тілдің тағдыры мені де толғандырады. Бұл орайда бір қуантатыны, облыста соңғы жылдары заманауи қазақ  мектептері Таран, Әулиекөл, Федоров аудандарында ашылуда. Мемлекеттік тілдегі сыныптар көбейіп келеді. Барлық аудан орталықтарында қазақ тілін оқытатын орталықтар ашылып, жұмыс істеуде. Жергілікті театрлар, концерттік қойылымдардың саны арта түсті. Сондай-ақ жергілікті БАҚ-та мемлекеттік тілде мемлекеттік тапсырысқа ие болуда. Алдағы  жылдарда  да  мұндай  алға басуды қолдап, жалғастыра беруді көздейміз. Бірақ мұның бәрі де қазіргі қоғамның сұранысымен салыстырғанда аз шығар. Дегенмен де әлеуметтің жанына  жақын істерді, мысалы, айтулы мерейтойларды (Ілияс Омаровтың 100 жылдығы, Шәңгерей Жәнібековтың 90 жылдығы) тұрақты түрде лайықты атап өтіп келеміз. Биыл Ыбырай Алтынсарин ашқан мектептің 150 жылдығы тойланады. Қазақ драма театрында жергілікті авторлардың жерлес ұлт ардақтыларының өмірінен спектакльдер қойылуда.  Осының бәрі де біздің төл мәдениетімізге бей-жай қарамайтынымызды аңғартса керек. Әрине, мәселе бар. Біз оны шешуге міндеттіміз.
– Осыған  орайлас  тағы бір сауал,  облыстағы ономастика мәселесіне қалай қарайсыз?
Садуақасов: Ономастика мәселесіне өте мұқият әрі сергек қарау керек. Біздің облыс еліміздің солтүстігінде. Мұнда әртүрлі этнос өкілдері тұратынын қаперден шығармауымыз абзал. Таяуда Қостанайдағы Павших борцов көшесін ауыстыру мәселесін жергілікті мәслихат қарады. Депутаттар қолдап дауыс берді. Сонымен қатар көшенің қазіргі атауының да тарихи мәнін, Қостанай үшін көтерілісте мерт болғандарды  жақтағандардың да дауысы естіліп қалды. Біз бәрін де  ескеріп, шешім қабылдауда жеті рет өлшеп,  бір рет кесуіміз керек. Қазір көшенің, ауданның атын ауыстыру туралы жан-жақтан ұсыныстар түсуде. Меніңше, қазіргі уақыт мұндай мәселені  қарайтын кез емес. Себебі, түсінікті де, төрткүл дүниеде түрлі ұлт текетіресіп, Украинада қантөгіс болып жатқанда, біз өз ішіміздегі бірлікке мұқият болуымыз керек. Ұлт өкілдері арасындағы татулыққа сызат түсірмеуді жіті қадағалаған жөн. Бұл хақында Елбасы үнемі ескеріп, айтып отыруының мәні зор.
Изображение 1189Осындай  жағдайдың өзінде облыста қазақ тілі  тыңғылықты  дами  беретін болады. Бұл даму еліміздегі көп ұлтты этностың тату-тәтті жағдайында, Елбасы құрған халықтар Ассамблеясының ортақ мақсаттағы қызметімен үндесіп, үйлесіп, ілгері басқаны ләзым. Бүгінде  облыс көлемінде мемлекеттік тілдегі іс-шаралар, қарым-қатынас, салт-дәстүр көріністерінің арта түскені қуантады. Ешкімнің мүддесіне, құқығы мен абыройына нұқсан келтірмей қазақ тілін ілгері дамыта беруден таймаймыз.
–  Нұралы Мұстафаұлы!  Айып етпеңіз, жеке басыңызға қатысты мынандай сұрағымыз бар. Сіздің уақытыңыздың барлығы да белгілеген, тығыз екені белгілі. Әйтсе де, ағайын-туыс, жақындарыңыздың дені облыста. Өмір болған соң қуаныш-қайғы бар дегендей. Олармен араласып, жағдай сұрасудың сәті түсіп жүр ме?
Садуақасов:  Шынымды айтсам, ағайын-туыстармен араласуға уақыт өте аз. Ең етжақын ата-анаммен, туған-туыс, жақындармен  ретіне қарай хабарласып, есен-саулықты білісіп тұрамыз. Бірақ жұмыс өз алдына, өмірде жақыныңның қуанышы мен қайғысына ортақтасу да үлкен парыз. Қызмет қолдың кірі дегендей, бүгін  бар,  ертең жоқ. Өмірде ағайын-жұрттан шет қалған дұрыс емес қой.
– Баспасөздің қара шаңырағы – "Қостанай таңының" барлық сауалдарына жауап алдық. Ағайын-жұртқа, оқырмандарға  айтар қандай тілегіңіз бар?
 Садуақасов: Біз өзіміздің туған жерімізде еңбек етіп, тату-тәтті өмір сүріп жатырмыз. Тәуелсіздігіміздің арқасында өз тірлігіміз, өз тізгініміз өз қолымызда. Қандай қиындық болса да, қайыспай көтеріп, маңдай тер еңбекпен  жеңіп шығуға ұмтылғанымыз жөн. Біз жаңашыл, бастамашыл, әлеуеті зор ұлтпыз. Бізге керегі: ұйымшылдық, баршамен мызғымас бірлік, баянды тірлік. Осы бақ-бақытты мықтап ұстағанымыз ләзым. Менің тілегім осы. Есен-сау болайық!
 
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓