Аймақта қандай хабар бар?

Жәрдемақы түсе бастады
Облыста. ТЖ кезеңінде коммуналдық төлемдерді өтеу жәрдемін облыста 2 мың ғана адам алған. Ал жалпы өтінімдері мақұлданған мұқтаж жандар саны 16 мыңнан асады. 2 айдың төлемақысы мамырдың алғашқы онкүндігінде түсуі тиіс болған. Алайда қаражат енді ғана түсе бастады. Бүгінге дейін 22 млн теңге таратылған. Облыс бойынша 15 мың алуға 32 мыңнан астам адам өтініш берген.
 
Фабрика аяққа тұрады
Қарабалық. Биыл желтоқсан айында құс фабрикасы іске қосылады. Бұл жобаны 10 жыл өткен соң "Жас Қанат-2006" қолға алып, инвестиция құйып отыр. Фабрикада 20 мың тоннаға дейін ет өндіру жоспарлануда. Кәсіпкерлер жаңа өндіріске 4 млрд теңге қаржы құюды көздейді. 260 жаңа жұмыс орны ашылмақ.
 
Уақытша жабық
Қостанай а. 28 мамыр мен 6 маусым аралығында облыстық маңызға ие "Затобол-Садчиков-Сергеев" автожолы жабылады. Құрылыс-монтаждық жұмыс жүргізілмек. Соған байланысты 4,5-тен 11 шақырымға дейінгі учаскеде 3,5 тоннадан асатын жүк көліктерінің қозғалысына уақытша шектеу қойылды.
 
Ұры ұзамай ұсталды
Рудный. Қала тұрғыны кәсіпорындардың бірінде мыс кабелін ұрлап кеткен. Шығын сомасы – 107 мың теңге. Полицейлер жедел іс-шаралар жүргізіп, 37 жастағы күдіктіні ұстады. Ол әуелі гаражда жасырынған. Кейіннен металл қабылдау пунктіне мысты тапсырмақ болған. Істі сот қарауда. Кәсіпкер ұрлықты жедел ашқаны үшін тәртіп сақшыларына алғысын білдірді.
 
Сапа қадағалауда
Қостанай. Қала ішінде жол сапасы тексерілуде. Оны Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаменті жүргізіп жатыр. Тексеріс Назарбаев көшесіндегі орташа жөндеуден басталды. Мамандар жаңадан төселген жолдан сынама алды. Оның сапасы зертханада анықталмақ.  
 
Пиццерия ашылды
Амангелді. Ауданның жас кәсіпкері Ерзат Дүйсеков “PIZZA HOUSE” атты пиццерия ашты. Бұл нысан былтыр ғана салынған Жастар саябағы ішінде орын тепті. Жаңа бизнестің құрылуымен аудан әкімі құттықтай барып, керме жібін қиды. Аталған саябақ ішінде бұған дейін де ауданның жас кәсіпкерлері өз нысандарын ашқан.
 
Жұмыс қызған шақ
Лисаков. "Жұмыспен қамтудың жол картасы" бағдарламасы аясында қалада 27 нысан жөнделеді. Анығында, жолдар, тротуарлар, инженерлік коммуникациялар жаңартылмақ. Бөлінген сома – 2,7 млрд теңге. Бұған мүмкіндігінше көбірек жергілікті материалдық өнімдер пайдаланылмақ. Сондай-ақ, жұмысқа қала тұрғындары тартылады. Жоспар бойынша, 580 адам қос қолға бір күрек ұстайды.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓