Лисаков жаңарады
Лисаков қаласында «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы бойынша 27 нысан жөндеуден өтеді. Кеше Лисаков қаласының әкімі Алмат Исмағұлов «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында ағымдағы жылы жөндеуден өтетін бірқатар нысандарды аралады.
Биыл жөндеумен айналысатын бригада саны бірден 27-ге жеткен. Кеншілер қаласында мұндай көрсеткіш бұрын-соңды болмаған. Қаланың көшелерінің жолдары, тротуарлары, шатырлары, инженерлік коммуникацияларына дейін жөндеу жүргізіледі. Қала басшысы мердігерлермен кездесіп, олардың тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.
–Жол құрылысына пайдаланылатын материалдар зертханадан өткізілмек. Себебі біз құрылыс жабдықтарының сапасын білуіміз қажет. Ең бастысы, сапалы жол салынуы керек, – деді қала әкімі.
Қазіргі таңда мемлекеттік сатып алу конкурсынан өткен «Вахстрой», «Белый аист» сынды бірқатар компания жол жөндеу жұмыстарымен айналысып жатыр. Аталған жолдарға тротуар, көгал төсеу сынды шаралар жасалады.
Алмат Исмағұловтың айтуынша, жыл сайын нақты белгіленген аудандарда абаттандыру жұмыстары толық көлемде жүргізіледі. Білім ошағының сыртқы келбетін абаттандыру мәселесі де қолға алынып, аулаларға асфальт төселеді, су құбырлары жөнделеді. Сондай-ақ қала аумағына жасыл желекті көптеп егу де жоспарда бар.
-Бұл 27 жобаға 2,7 млрд теңге көлемінде қаржы бөлінді. Мұның біз қадағалау тиіс кейбір тұстары да бар. Мысалы, отандық өндіріс материалдарын барынша қолдануға тырысамыз. Екіншіден, қала тұрғындары үшін жаңа жұмыс орындары ашылады. Бұл өз кезегінде «Жұмыспен қамту орталығы» арқылы 292 жұмыс орнының ашылуына мүмкіндік берді, – деді қала әкімі БАҚ өкілдерімен кездесу барысында.
Бірқатар нысандарда жұмыстар басталып кеткен. Алмат Ерікұлының айтуынша, маңызды нысандарды жөндеу жоспарын құру кезінде тұрғындардың әкіммен кездесу кезінде айтылған өтініш-тілектері де ескерілген. Биыл қала көшелерін жөндеуге басымдық берілген. Келесі айдың аяғына дейін 200 мың шаршы метр жолды асфальттау жоспарланған.
– Қала көшелеріндегі жолдың жайы – өте өзекті мәселе. Расымен де, бір жыл ішінде 27 нысанды жөндеу мұндай бұрын-соңды болған емес. Жалпы, биыл «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы бойынша барлық жерде рекордтық қаржыландыру бар. Енді жұмысты сапалы, уақытылы және тұрғындар игілігі үшін орындау міндеті тұр, – дейді Лисаков қаласының әкімі Алмат Исмағұлов.