Лазарсонның немересі
Онсызда қан жұтып, қасірет шеккен қазақ даласы кімдерді паналатпады. Кешегі отыз жетінің ойранында біздің елге жүздеген адам жер аударылды. Олардың ұрпақтары сол бір қиын-қыстау кезеңде панасызға пана болған қазақ халқына айтар алғыстары шексіз.
Қостанайлық зейнеткер Ирина Каменскаяның атасы – Александр Лазарсон мен әжесі Мария Савичеваны 1937 жылы Қазақстанға жер аударған. «Соның алдында ғана атамның туған екі ағасын «халық жауы» деп нақақтан нақақ ату жазасына кесіпті. Қарындасы мен оның күйеуі де жазықсыз жапа шеккен. Ол кезде менің атам Ленинградта телефон стансасында қарапайым жұмысшы болған, ал әжем машинка басқан. Соған қарамастан оларды «Халық жауының» туыстары ретінде Қазақстанға, Ақтөбеге жер аударыпты. Кейін Қостанайға көшірген. Менің ата-анам осындағы №10-шы мектепте мұғалім болды. Мен 1974 жылы сол мектепті үздік бітіріп шықтым»,-дейді Ирина Николайқызы.
Ол білім ошағынан түлеп ұшқасын Томск қаласындағы медицина институтының фармацефтика факультетіне оқуға түскен. Жоғарғы оқу орнын тәмамдаған соң Қостанайға оралып дәріханаға жұмысқа орналасыпты. Қырық жылдан артық бір мекемеде еңбек еткен Ирина Каминская қазір бейнетінің зейнетін көріп отыр. Екі ұлынан төрт немересі бар. Қолы боста кітап оқып, тарих ақтаңдақтарына тереңірек үңіледі. Ескі суреттерді жиі ақтарады. Атасы мен әжесінің сонау бір елең-алаң шақтағы ескі суреттері мен көзі тірісінде тұтынған бұйымдарын көзінің қарашығындай сақтап келеді.
– Жылда 31-мамыр күні мен атам мен әжемнің бейітіне барып, гүл шоқтарын қоямын. Марқұмдармен сырласамын. Менің қолымнан басқа не келеді? Енді ондай зұлматты адамзат баласының басына бермесін!,-деп тілейді Александр Лазарсонның немересі.