Біріксек – мұратқа жетерміз

сайтка 1111
     Қазақстан Халқының Бірлігі күні мерекесі әр жыл сайын біздің мектебімізде жоғары деңгейде аталып өтіліп келді. Оқушыларымыз мейрам қарсаңында әр ұлттың көрнекті композиторларының шығармаларынан үлкен концерттер әзірлеп, сахналап беретін. Жалпы, өнер тілге, нәсілге, ұлтқа бөлінбейді. Дегенмен 1 мамырда қазақ халқы мен Қазақстанды мекендейтін ұлыстардың ынтымақтастығын айшықтайтын ұлттар бірлігінің концерті біз үшін айрықша әсерлі. Бұл да біздің зор күш екенімізді айғақтап тұр. Мереке күні Қостанайдың үлкен сахналарында, алаңдарда міндетті түрде концерттерімізді ұйымдастырып келдік. Әлем халықтарының түрлі музыкалық аспаптарында дайындалған шәкірттеріміз осы күнді асыға күтетін. Оның сыртында мектепішілік фестивальдер, конкурстар қаншама, соларға қатысуға ниет білдіріп жатады.
      Бірақ өкінішке қарай, қазіргі төтенше жағдай, карантин уақытында барлық білім ошақтары секілді біз де қашықтан оқытуға көштік. Әрине, шығармашыл адамдар үшін бетпе-бет отырып дайындалғанға не жетсін. Дегенмен барлық оқушыларымыз берілген дәріс сабақтарын орындап, үй тапсырмаларын барынша тиянақтауға тырысып бағуда. Бір атап өтерлігі, карантин кезінде шәкірттеріміздің шығармашылық өрісі кеңейіп қалды. Олар өз бетінше түрлі музыкалық туындыларды өздігінен нотаға түсіріп, ойнап шығарып, жаттап алып жатыр. Осылайша репертуарын жаңалай бермек. Ал балаларының шығармашылығына серпін беріп, дайындығына барынша атсалысып, көмектесіп жатқан барлық ата-аналарға ерекше ризашылығымды білдіремін.
Бүкіл әлемге тарап, біздерді жіпсіз байлап отырған індеттің тоқтайтын уақыты алыс емес деп ойлаймын. Ең бастысы, оның таралуына жол бермегеніміз абзал. Ол үшін тазалық, тәртіп, төзім керек. Ал бұған дейін ел болып мерекеленіп келген Қазақстан халқының Бірлігі күні мейрамы биыл аталып өтілмесе де, келешекте жарқын тойланарына сенімім зор. Үйде болайық, бірге болайық! Ең бастысы, бір-бірімізге деген жан жылулығымыз, сыйластығымыз, бірлігіміз – біздің асыл қасиетіміз. 
Светлана ФЕДОРОВА,
Қостанай қаласындағы №1 балалар музыкалық мектебінің үрмелі аспаптар сыныбының оқытушысы. 
сайтка 2222 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓