Шарапаты мол шара
Ұлттық мәдениетіміз бен әдебиетімізді, рухани өмірімізді тар қапаста ұстап келген кеңестік дәуір құлағалы төл мұрамызды түгендеуге үлкен жол ашылды. Иә, мұның бәрі – баға жетпес Тәуелсіздігіміздің арқасы. Сол кездегі тарихтың тамыры терең тартқан сүрлеуі мен бұрылыс-бұралаңы көп кезеңдерімен астастырылып, талай ардалар жазықсыз жаланың құрбанына айналды. Солардың бірі – Ыбырай Алтынсарин. Ұлт ұстазы туралы соңғы жылдары алып-қашпа әңгімелер де айтылды. Жазылды. Қалай болғанда да бұл жастардың санасына кері әсер ететін пікір екені рас. Осы мақсатта Қостанай қалалық мешіті мен Ы.Алтынсарин атындағы мемориалдық мұражайы бірігіп, Ыбырай Алтынсаринге арнап алақалы ас берді. Отырысқа елімізге танымал ақын-жазушылар, ғалымдар да қатысып, өздерінің ойларын ортаға салды. Сондай-ақ, мешітке әке-шешесінен ажырап қалған жеткіншектер де келді.
Алдымен, тұңғыш ұстаздың аруағына құран бағышталып, алғашқы сөз қалалық мешіттің бас имамы Шоқан қажы Әмірхановқа берілді.
– Халқымыздың ежелден келе жатқан ең үлкен ғұрыптарының бірі – ас беру. Бұл ұйымшыл елдің ғана қолынан келетіні белгілі. Осындай астарда мәнді әңгімелер, тағылымды сөздер айтылады. Сол себепті мұражай қызметкерлерімен қосылып, асқа мұрындық болып отырмыз. Негізі, осы бастаманы алғаш көтерген өзіміздің бір қарындасымыз еді. «Оң қолың берген садақаны сол қолың көрмесін» деген ұлағатты сөз бар ғой. Сол себепті ол мұсылман қыз аты-жөнін айтпауды сұрады. Біздің негізгі мақсат – Ыбырай бабамыздың естеліктері туралы жастарға кеңінен түсіндіру, – деді ол.
Ал осы Ыбырай туралы бірнеше кітап жазған Серікбай Оспанов:
– Ислам дінінің таралуына қазақ жерін толық жаулап алғанша Ресей империясы еркіндік беріп, қамқоршысы болғансыды. Ыбырай сол кезеңде өмір сүрді, дінінен безген жоқ. Ыбырайды атеист етіп көрсетуге барынша тырысқан кешегі кеңес дәуірі. Атамыз бос мақтанды жек көрген, бір ұлтқа ғана емес, бар халыққа жанашыр, пайдалы адам болуды көксейді. Мұны талай шығармаларынан көруге болады, – деді.
Ал ыбырайтану бойынша біршама зерттеп келе жатқан Қалқаман Жақып Ұлт ұстазының барлығы 89 хатында 36 рет құдай, 20 рет дін деген сөздің қолданылатынын айтты. Ы.Алтынсарин өмірінің соңғы тоғыз жылында Алла сөзін 26 рет пайдаланыпты. Оның 14 өлеңінің бесеуінде 29 рет діни тақырыптағы сөздер айтылады. Профессордың айтуынша, қазақ халқына пайдамды тигізсем деп өткен бірегей тұлға туралы айтылған жаңсақ пікірлерден аулақ болу қажет.
Рас, сол заманғы озбыр саясаттың бір ұшы қазақты тілінен, дінінен мәңгүрт ету болды. Аталған сұмпайы саясаттың әрекеті қазақтың өз қолымен жасалынғаны олар үшін олжадай еді. Тіпті, дін атын жамылған миссионерлер бет-бейнесін жасырып, қара халықтың қолымен от көсеу арқылы өз мүдделеріне қол жеткізуді көздеді. Алайда ұлы ұстаз Ыбырай Алтынсарин миссионерлердің мүддесіне емес, қазақтың болашағын бекемдеуге жұмыс жасады. Міне, бұл пікір филология ғылымдарының докторы Алмасбек Әбсадықовтың аузынан шықты.
Осы ас беру кезінде мектеп оқушылары өздерінің жүрекжарды жырларын оқыды. Ал мұражай қызметкерлерінің ұйымдастыруымен сахналық қойылым болды. Онда жас ұстаз Ыбырайдың қазақ даласына келгені сомдалады.
Қасқырбай Қойшыманов
Суреттерді түсірген Айбек Жүзбай