Пойыз рельстен шығып кетті
Қостанай облысында Қазанбасы-Апанов аралығында жүк пойызы рельстен шығып кетті. Бұл туралы "ҚТЖ-Жүк тасымалы" АҚ баспасөз қызметі хабарлады деп Tengrinews.kz тілшісі жазады.
Темір жол апаты 24 мамырда сағат 14.40 шамасында болған.
"Қазанбасы-Апанов өткелігіндегі жүк пойызын тексеру кезінде Құсмұрын-Тобыл учаскесінде локомотив манометрі вагондар арасындағы ауа қысымының төмендеуін көрсетуіне байланысты машинист шұғыл тежеу әрекетін қабылдағаны анықталды. Локомотив бригадасын тексеру барысында рельстен 23 вагонның шығып кеткені, байланыс желілерінің бағандары және темір жолдың бұзылғаны белгілі болды", – делінеді ҚТЖ баспасөз қызметі хабарламасында.
Хабарламада бос вагонды составтың сағатына 68-70 шақырым жылдамдықпен келе жатқаны айтылады.
Қазіргі уақытта оқыс жайттың салдарын жою жұмыстары жалғасып жатыр. Ол үшін "ҚТЖ" ҰҚ" АҚ және "ҚТЖ-Жүк тасымалы" АҚ басшылығының өкілдерінен арнайы комиссия құрылған.
Сурет интернеттен алынды