Тәртіпке бағыну – азаматтық парызымыз
Қостанай облысының мемлекеттік санитарлық бас дәрігері В.Нечитайлоның қаулысы бойынша облысымызда карантин режиміне сәйкес қойылған шектеулердің тағы біразы жеңілдетілді.Бұған дейін кәсіпорындар, банктер мен халыққа қызмет көрсету орталықтары өз жұмысын қайта жандандырып, балалардың ойын алаңдарына шығуы, саяжай иелеріне учаскеде көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге рұқсат берілген болатын.
Енді 18 мамырдан бастап енгізілетін шешіммен қалалық қоғамдық көліктердің қозғалысына және халықтың тұрмыс-тіршілігін ұйымдастырудың өзге де маңызды мәселелері өз шешімін тапты деп есептеймін.
25 мамырдан бастап, аумағы 2000 шаршы метрден асатын азық-түліктік емес сауда орталықтары мен дүкендер, мектепке дейінгі қосымша білім беру ұйымдары, 30 орынға дейінгі кафелер мен қоғамдық тамақтану орындары, моншалар мен спорттық нысандар, кітапханалар өз жұмысын қайта бастайды.
Өкінішке қарай, індеттен толық құтылған жоқпыз. Бір сәтте барлық карантиндік шараларды алып тастап, халықтың емін-еркін қозғалысына мүмкіндік берсек, онда мұның арты жақсылыққа апармауы мүмкін. Осы уақытқа дейін қол жетізген жетістіктеріміздің бәрі, нақты айтқанда, вирустың тарау жағдайын бақылауда ұстаудың зая болғанын және ауруға шалдығудың жаңа толқынын көреміз. Қазақтың «Сақтықта қорлық жоқ», «Қамданған қапы қалмайды» деген жақсы сөздері бар. Сондықтан кейбір шектеулерді әлі де ұстап, сақтық шараларын қолға алған дұрыс деп есептеймін.
Қазір жалғыз біздің қоғам ғана емес, бар әлем жаман індеттен зардап шегуде. Елімізде тұңғыш рет төтенше жағдай жарияланып, бұл жағдай біраз мәселелерге көзімізді ашты. Елбасымыз Н.Назарбаев айтқандай, «бірлесе білген ел бәрін жеңеді». «Көппен көрген ұлы той» демекші, сабыр сақтай білсек, алдағы өмірде болашағымыздың жарқын, келешегіміздің кемел болатынына сенімім мол. «Өзіңді сақтау – өзгені сақтау» деген сөзді ұғынып, санитарлық бас дәрігердің айтқанын бұлжытпай орындау аса маңызды деп ойлаймын. Жауапкершілікті сезініп, тәртіпке бағыну және сол арқылы халықтың денсаулығын қолдан келгенше сақтап қалуға ат салысу – біздің азаматтық парызымыз.
Тоқтарбай Қадамбаев,
Қостанай облысының құрметті азаматы