ҰБТ-2020: сынаққа дайынсыз ба?
Биылғы ҰБТ 20 маусымда басталып, 5 шілдеге дейін созылады. Оған облыстағы мектеп бітіретін түлектердің 71%-ы қатыспақ. Түлектердің білім сапасын тестілеу барысында санитарлық қауіпсіздік талаптарға баса мән берілмек. Ұлттық тестілеу орталығы облыстық филиалының директоры Нұргелді Хасенов «Anticor.LIVE» арнасының тікелей эфирі арқылы ҰБТ-ға қатысты тың мәліметтермен бөлісті. Бір ерекшелігі, биыл ҰБТ-ға қатысушылардың арақашықтығы кем дегенде 2 метр болуы тиіс. Дәрісханаларға жіберілетін адамдар саны 40-тан аспауы шарт. Сондықтан бұл жылы тест тапсыратын топтардың саны да көп болады деп күтілуде.
– Біздегі мәлімет бойынша алдағы жазда 3183 оқушы тест тапсырады. Егер тест тапсыруға өтініш беріп үлгермегендер болса, 55-84-55 телефоны арқылы әлі де болса өтініш беруге болатынын, я болмайтынын біліп алуға болады. Біз әр адамның мәселесін жеке қарап, оң шешім қабылдауға тырысамыз.Тест материалдарын үлестіру барысында оқушыға жауап парақшасының көшірмесі қоса берілетін болады. Тест тапсыру барысында даулы сұрақтар кездесіп қалса, оқушы оны осы парақшаға белгілеп отыру тиіс», – деді филиал басшысы.
Тестілеу аяқталған соң дұрыс жауаптардың коды ақпараттық тақтаға ілінеді. Түлек осы тақта арқылы өз жауабының дұрыс-бұрыстығын салыстыра алады. Биыл тест тапсырушыларға қойылатын талап та қатая түскен. Мәселен, филиал директорының айтуынша, дәрісханаға жасырып ұялы телефон алып өтпек болып, ұсталып қалған түлек сол жерде тест тапсырушылар тізімінен шығарылады. Мұндай оқушы бір жыл бойы ҰБТ-ға қатысу құқынан айырылады. Жалпы осы жылы болатын емтихандар сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметінің жіті қадағалауымен өтеді.
-Тест тапсыру барысын белгілі қоғам белсенділері мен арнайы мониторингтік топтың мүшелері бақылайтын болады. Бұл барлық оқушыға жоғарғы оқу орындарына түсу үшін тең мүмкіндік беру мақсатында жасалып отыр. Бұрын тестілеу кезінде оқушыларға тең жағдай жасалмайды дейтін сөз шығып қалатын. Ал бүгінде баршаға ортақ тең мүмкіндік бар. Сондықтан түлектер тек өз біліміне ғана сенуі керек деді, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті басшысының орынбасары Данияр Смағұлов.