Басты міндет – жұмыссыздықты болдырмау
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен биыл Жұмыспен қамтудың Жол картасына сәйкес инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру жоспарланып отыр. Бұл халықты жұмыспен қамтуға, жұмыссыздық деңгейінің өсіп кетпеуін болдырмауға, азаматтардың табысын қамтамасыз ету және өмір сүру деңгейін арттыруға бағытталады.
Қостанай қаласында білім, денсаулық сақтау, инженерлік-көліктік құрылыс-жөндеу бойынша 91 инфрақұрылымдық жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Жобаларды жүзеге асыру 6346 жұмыс орнының құрылуына, соның ішінде жұмыспен қамту орталығы тарапынан 3176 жұмыссыздың еңбекпен қамтылуына жол ашпақ. Орташа жалақы 85 мың теңгеден кем емес мөлшерде белгіленетін болады.
Қара жұмысшылар, ағаш шеберлері, газ-электр дәнекерлеушілер, көлік жүргізушілері, авто слесарьлар, жол жұмысшылары, аспаздар, әрлеушілер, сылақшы-сырлаушыларға бос жұмыс орындары бар. 12 мамырдағы жағдай бойынша облыс орталығында 221 адам жұмысқа орналастырылды.
Қостанайда жүзеге асырылатын жобалар бойынша азаматтар Egov.kz сайтына жұмыс іздеуші ретінде тіркелуі қажет. Тіркелу кезінде барлық анықтамаларды толтырып, қол қою барысында https://www.enbek.kz/ еңбек электрондық биржа сайтына ізденуші ретінде түйіндемені (резюме) орналастыру керек.
Толық ақпарат алу үшін Қостанай қалалық әкімдігі Жұмыспен қамту орталығының 8(7142)52-20-44, 52-20-43 телефондарына хабарласуға болады.
Рүстем Қаркенов, Қостанай қаласы әкімінің орынбасары.