Желідегі «жазғыштар» жазаланбақ
Астанадағы «Қазмедиа» орталығында ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев халықпен есептік кездесуін өткізді. Кездесу барысында министрліктің атқарған жұмыстары мен алдағы уақыттағы мақсат-міндеттер айтылды.
– Біздің министрліктің құрылғанына көп болған жоқ. Дегенмен, осы уақыт аралығында біршама істерге куә болдыңыздар. Министрлік отандық ақпарат құралдарының халық үшін тартымдылығын арттыру жұмысын да жүйелі жүргізуде. Мәселен, өткен жылы «Қазақстан» мен «Хабар» телеарналары 16 сериал түсірді. Олардың арасында «Әке», «Анаға іңкәр жүрек», «Ақылдың кілті» сияқты сәтті жобалар бар. Олардың кейбірін көрші мемлекеттер де тамашалауда. Тағы бір жаңалық –«Қазақстан» және «Қазспорт» телеарналары НD форматында көрсете бастады. Ендігі жылы «Балалар пакеті» іске қосылады. Мұндағы мақсат – атыс-шабысқа толы фильмдер мен баланың ойлау қабілетіне зиян тигізетін бағдарламалардан ада болу. Сондай-ақ, БАҚ зорлық-зомбылықтың элементтерін насихаттайтын хабарлардан аулақ болғаны жөн. Әйтпесе, қатаң жазаланатын болады, – деді министр.
2018 жылдың соңына дейін еліміздің барлық облысы толықтай цифрлық эфир таратуға көшеді. Қазірге дейін халықтың цифрлық телевизиямен жалпы қамтылуы 77 пайызға дейін жетті.
Дәурен Абаевтың айтуынша, әлеуметтік желілерде тексерілмеген ақпаратты жариялау немесе адамға тіл тигізу бүгінгі қоғамдағы үлкен мәселе болып отыр. Әзірге, желі парақшаларын БАҚ ретінде тіркеу мүмкін емес. Ал желі белсенділерінің жеке басқа тіл тигізген жағдайлары кездессе, құқық қорғау органдары іске араласатын болады.
Министр әр өңірден қойылған сауалдарға жауап берді. Қостанайлық журналист өңірдегі мемлекеттік тапсырыстың орындалуы барысын сұраса, «Орал өңірі» газетінің бас редакторы бұқаралық мәдениетті қалыптастыратын жүйелі бағдарламалар ойлап табуды ұсынды. Қарағанды облысынан жарнама туралы заң бойынша сұрақ қойылды.
– Телеарналарда жарнамалар қазақ және орыс тілдерінде тең берілуі тиіс. Ал газеттерге ондай міндет жүктеуге болмайды. Себебі, Қазақстандағы баспасөздың тоқсан пайызы жекенің қолында. Сондықтан барлық газет тек қана қазақ тілінде жарнама беруі керек дей алмаймыз. Осыдан он жыл бұрынғы жағдаймен салыстырғанда БАҚ-тағы тіл мәселесі едәуір шешілген. Келе-келе қазақ тілі алдыңғы орынға шығады деп ойлаймын, – деді Дәурен Абаев.
Кездесуде журналистерге үй беру мәселесі де қозғалды. Министр қолдан келгенін жасауға уәде етті.
Қасқырбай ҚОЙШЫМАНОВ