Қаныпезер
Ұзынкөл аудандық ішкі істер бөлімінің аға тергеушісі, полиция майоры Қымбат Сейдахметова өзінің ісіне аса мұқият. Қандай қылмыстық істі болмасын асығыс, үсігіс зерттеуді ұнатпайды. Терең ойланып, толғанбай тұрып, шешім қабылдамайды.
Бүгін де алдындағы қылмыстық істер құжатына ерекше назар аударды. Шындығына келгенде, қылмыстық істің құжаттарын қолға алғалы мазасы кетті. "Адам өлтірген кім?" деп таяуда көз жұмған әйел Наташаның күйеуі Алексей тызақтап, дәкпірін алды. Ізін суытпай жұмбақ оқиғаның сырын ашуды талап етті.
Тергеуші тағы да терең ойланды. Алексей Валиевпен пікірлескен сайын оның күдігі ұлғайды. Қайтқан әйелінің қайғысы жанын жегідей жегенін дәлелдеп жүрген Алексейді нағыз сценарист сияқты көз алдына елестетті. Түптеп келгенде солай болды.
Бұл оқиға былай болып еді. Ақпан айының аязды түні еді. Зейнеткер Бузакина түн ортасына дейін ұйықтамады. Теледидарға қарап ұзақ уақыт отырды. Терезе әйнегінен ұйытқи соққан боранның дыбысы ішке естіледі. Кемпірдің ұйқысын ашқан ауа райының осы құбылысы. Кенет есік қағылды. Бузакина құлағын түре қалды.
– Көрші, Рая апай, есік ашыңызшы, – деп айқайлады ер адам.
Бузакина ширақ қимылдап, орнынан атып тұрып, дәліздің есігін ашты. Келіп тұрған көршісі Алексейді көрген кемпір оның түр әлпетінен шошып кетті. "Саған немене болған?" деп сұрауға оқтала бергенде Алексей:
– Наташа қатты жараланды. Сіз ұлыңызды үйге шақырыңызшы, – деді абыржыған сыңаймен.
Бузакинаның ұлы жедел жәрдем машинасының жүргізушісі. Көршінің "Ұлыңыз" деп тұрғаны сол жігіт.
– Атай көрмеңіз, мен ұлымды шақырмаймын. Жедел жәрдемге өзің телефон соқ, – деді кемпір.
Валиев телефон соғуға ұмтылмады. Учаскелік полиция пунктіне барды. Полиция қызметкерімен бірге ауруханаға хабарласты. Дәрігерлер үйге жылдам келуін келгенмен, Алексейдің әйелі Наташаны құтқара алмады. Қан көп кеткендіктен әйел сол жерде жан тапсырды.
Алексей қалтырап, дірілдеп жыламсырай бастады. "Наташа, сенің бұл қайткенің? Мені неге тастап кеттің?" деп қиналғандай кейіпке енді.
…Наташа ата-анасының тұңғышы. Балабақшасына барып, мектепте оқыды. Бойжеткесін тұрмыс құрды.
Дегенмен, отбасы шырқы жылдам бұзылды. Кішкене ұлын құшақтап, ата-анасының үйіне оралды. Бірінші күйеуінен бала үшін алимент алып тұрды.
Қостанайдағы қалалық балалар ауруханасына санитарка болып орналасып, алаңсыз жұмысын істеп жүрді. Бір күні бейтаныс жігіт Алексей кездесіп, онымен ұзақ сырласты. Кешік-пей екеуі қосылды.
Наташаға үйленген Алексей Валиев – Ұзынкөл ауданының азаматы, бұрын сотталған. Денсаулығы сыр берген жігітке жұмыс табылмады.
Қостанай қаласында жұмысқа орналасты. Наташаға қосылғасын оның ұлын отбасына алды. Қалада үшеуіне күнелту қиындады. Алексейдің анасы Ұзынкөл ауданындағы Троебрат селосында мал дәрігері. Анасы ұлы-на тәп-тәуір жұмыс тауып берді. Наташаның соңына еріп келген ұлды мектепалды бөліміне апарды.
Наташа еңбекақысын үнемдеп, ақша жинаған-тын. Ата-анасы берген қосымша ақшамен үй сатып алды. Күйеуінің күтімін жақсартты. Тату-тәтті өмір бұзылады деп ойламады. Алайда, Алексей арақ ішсе, тез мас болып, әйелін соққыға жығуды әдетке айналдырды.
Наташа баласына тиесілі алиментті алуға Қостанайға келгенде ата-анасы қызының көңіл күйсіз екенін байқады. Денесіне дақ түскенін байқады. Олар сұрап қоймағасын Наташа күйеуінен таяқ жейтінін мойындады.
– Ұлыңды біздің үйде қалдырып, Алексейден айрылуға бар, – деді ата- анасы. Наташа олардың ұсынысын қабылдады. Троебратныйдағы үйін сатуға бел буды.
Троебратныйда көршілері Светлана және Андреймен араласып, құраласып тұратын. Сол күні көрші әйелдер сырласты. Сәлдесін бұлардың қатарына ерлері қосылды.
– Света, менің күйеуім ұйықтағанға дейін кетпеші. Ішіп отырғанын көрдің ғой, – деп қиылды Наташа көрші әйелге.
Светаның күйеуі Андрей қызғандықтан сол үйде ұйықтап қалды. Света біраз отырғасын үйіне кетті. Сол сәттен бастап, Наташа мен Алексей ұрсысуды бастады.
– Сен үйді сатсаң, қайда барамын? Мені неге ойламайсың? – деп кіжіңдеді Алексей.
Валиевтың ашуланған кейіптегі ащы даусынан шошып оянған көрші жігіт Андрей орнынан тұрып, үйіне кетті.
– Жанжалшыл сенімен тұра алмаймын. Кішкене ұлыма тыныштық керек, – деді Наташа.
Наташа үйді сатып алушыны тапқанын, ата-анасынан ақша сұрағанын көлденең тартты.
Қаны басына шапқан Валиев асүйлік пышақпен Наташаға пышақ жұмсады. Наташаның білегінен аққан қан тоқтамады. Жаралы әйел есеңгіреп, ұлының атын атап, міңгірледі. Қатыгез Алексейдің жедел жәрдем шақыру қаперіне де кірмегені сол кезде болатын. Қылмыскер керісінше әйелінің көз жұмғанын қалап, безерген-тін.
Алексей Валиев қылмысы үшін түрмеге жатудан шошынды. Оның ойына сұмдық бір әрекеттер кірді. Әйелдің табан астындағы өлімінің себебін суицидке жабуға бекінді. Сұрағандарға Наташаның ұлын қатты сағынғанын, ата-аналары онымен кездесуге тиым салғанын айтуға ұмтылды.
Сценарий жобасын жасауға шебер Валиев жұртшылық жалған сөзге сенеді деп тұжырымдады. Алайда, Алексей бұған дейін де сұғанақ қол ұры ретінде танылған.
Медициналық-криминалдық сараптама Наташаның өлімі кісі қолынан болғанын дәлелдеді. Тергеуші Қымбат Сейдахметова ойлана келе осы мәліметке сүйенді. Валиевті бұлтартпас айғақтармен тырп еткізбеді. Амалы құрыған Алексей қылмысын мойындады. Баспанасыз қалмас үшін осындай қылмыс жасағанын жасырмай айтуға тура келді.
Алексей Валиев адам өлтірген қылмыскер ретінде жеті жылға бас бостандығынан айрылды.
Ермекбай
ХАСЕНОВ