Жанкешті жауынгер
Ел үшін кеудесін оққа тосқан ардагерлердің бәрін қаһарман деуге болатындай. Сондай жанкешті жандардың бірі – қанды ұрыста бірнеше мәрте жараланып, қауқары қалмағанша қолынан қаруын тастамаған жауынгер Жұмақан Мадиярұлы еді.
Ол қазіргі Қостанай облысы Жанкелдин ауданының Қаракөл ауылында 1913 жылы дүниеге келді. Ел басына соғыс қасіреті төнгенге дейін әртүрлі жұмыс атқарған. 1934-1937 жылдары Алакөл атты серіктестіктің мүшесі болса, 1938-1941 жылдары Алакөл және Ақшығанақ елді мекендерінде колхоз есепшісі болып қызмет еткен.
1942 жылы ҚазКСР Қостанай облысы Торғай ауданының әскери комиссариатында әскер қатарына алынған. Майдан даласында 1942-1944 жылдар аралығында от пен оқ кешті. Нақтылай айтқанда, Орловский бағытында, 258 атқыштар полкінің сапында болды. 1943 жылдың шілде айында жараланып, Калинин облысының Кострома қаласында үш ай көлемінде госпитальде ем алған. Сол жылдың қараша айында соғыс майданына қайтадан қайтарылды. 1944 жылдың ақпан айында сол аяғынан ауыр жарақат алып, Рязань облысының Сасово қаласындағы госпитальге түседі. Кейін, емделіп шығысымен 67-атқыштар дивизиясының 196-атқыштар полкіне жіберілген. Алайда 1944 жылдың наурыз айында кескілескен ұрыс кезінде тағы да жараланып, Рязань қаласының госпиталіне жатқызылады. Сол жердегі комиссия шешімі бойынша Ұлы Отан соғысының ІІІ дәрежелі мүгедегі атанып, майдан даласынан еліне жіберілген.
Жұмақан Мадиярұлы соғыстағы жанкешті ерлігі үшін омырауына он бес шақты орден-медаль тағынған. Оның ішінде Үкімет пен партия тарапынан "І дәрежелі Ұлы Отан соғысы орденімен", «1941-1945 жж. Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін» медалімен, "Еңбек ардагері" және Жеңістің 20-дан бастап, 60 жылдық мерейтойы және КСРО Қарулы күштерінің 50, 60, 70 жылдық қарсаңындағы медальдарымен, төсбелгілермен марапатталған.
Жұбайы Дартай Шалдыбайқызы Мадиярова екеуі 11 бала (5 ұл, 6 қыз) тәрбиелеп өсірді. Сол үшін Дартай Шалдыбайқызы «Алтын алқа» төсбелгісімен марапатталып, «Батыр ана» атағын алған. Балаларының, немере-шөберелерінің қызығын, қуанышын көріп, бақытты өмір сүрді. 2008 жылдың қаңтар айында 95 жасында өзі туған Торғай жерінде, Ақшығанақ ауылында көз жұмды.