Өлі риза болмай…

Басқаға қайдам, ашаршылық сөзі еске түскен сайын кеудеде әлдебір мазасыз күй сыздықтайды. Жүрекпен сезінген сайын қазақ ұлтының тағдыр-талайы, бүгінгі болмыс-бітімі, аңсар-арманы  толғанта бастайды. Бұл ұғымнан хабары бар адам менің мұндай халімді түсінері, тұшынары анық.  Ал түсінгісі келмейтін кісі  «қойшы сол баяғыны, қайта-қайта езгілеп» деп тоңмойындық құлық танытса, онда оның өз білігі.ашаршылык
Сонымен, шұрайлы жерлі, мыңғырған малды, өршіл ерлі ел неге қынадай қырылды? Неге қырды? Мыңдап емес, миллиондап?! Қолдан жасалған геноцид екен, ендеше, азалы да азапты тарихтан қандай сабақ алдық? Деректерде: «Өлгендерді айтпағанда, тірі адамдарды малша ұрлап, малша сойып жеді. Қалаларда түн баласына адам көшеде жүре алмады. Жүре қалғандар болса, жылқы секілді бұғалық салып, буындырып ұстап, сойып жейтін болды. Анасы баласының етін жеуге жетті… Аштықтан адамның тәні де, жаны да азып, ес кетіп, адамгершілік жоғалып, адам хайуаннан да бетер болып кетті…», – депті. Қазақ халқының 50 %-ға жуығы көмусіз қалыпты. Жүздеген мың қазақ Қытай жағына қашты. Олардың көп көшкендігі сонша, Қытайдың 1954 жылы Іле-Қазақ автономиялық округін (орталығы Құлжа қаласы) құруына тура келді.
Америкалық сарапшы Марта Брилл Олкотт өз зерттеуінде: «1930 жылдардағы кеңестік биліктің мақсаты – қазақтарды ата-қонысынан аластату арқылы орыстарды қоныстандыру, сөйтіп өндірістің жаңа ұжымдық түрін ұйымдастыру. Бұл үшін әр ұлттың көзі ашық, көкірегі ояу азаматтарын қуғын-сүргінге ұшыратып, көзін жою», – деп   қорытады. Аз ұлттың тілі, ділі және дінінен  айырса, өзінен-өзі тозып, азып әлсірейді. Сонда оны басқару жеңілге түседі деген ұйғарым жасайды.
Міне, осындай қасірет пен зұлматты бастан кешкен қазақтың ұрпағы – біз, осы, қандаймыз?
Ашығын айтайықшы, біреудің қаңсығы бізге таңсық болып жатса да, салт-дәстүріміз жай бір декорациялық құралға айналса да, қазақы асыл қасиет-қадір ділімізге, тұла бойымызға сіңбейтін күйге ұшыраса да, туған тілімізді төрге шығара алмай жүрсек те, жіптің бір ұшығы осы геноцидте жатқанын ішіміз сезсе де, шынайы саралап көз жеткізуге селқоспыз. Бұрынғыны тұшынып, тереңіне бойлауға құнтсызбыз. Түр-тұрпатымыз да, рухани жан дүниеміз де о бастағы тамырынан ажырап, пассив молекуламен түзілген кеңестік саясаттың құлына айналғанымызды  генетиктер мен философтар айқындап қойған. Бірақ, оны мойындауымыз қиын. Мойындау дегеннен шығады, саясаттанушы Ерлан Сайыров: «Ашаршылықты БҰҰ, халықаралық деңгейде мойындату міндет. Дүниежүзілік ғылыми айналысқа енгізу керек. Біздің елімізде әрбір облыс орталығында мемориал ашу, Ұлттық аза қабырғасын орнату, 31 мамырды Ұлттық аза тұту күні деп жариялап, Жалпыұлттық аза шеруін өткізу маңызды», – деп пікір айтқан. Жөн сөз. Әруақ алдында парызымыз толық өтелген жоқ. Өлі разы болмай, тірінің байымайтынын тіліміз айтқанмен, әлі іс-әрекетіміз сай болмай тұр…
 
Сурет интернеттен алынды

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓