Ауылы жақсы ырысты болар

Ауыл – қазақтың құт мекені, қайнар көз, алтын бесігі. Бүгінде өркениетті ел болып, даму жолын қаладан тапқанымызбен, ауылдың алар орны ерек. Бұл – Елбасы бекіткен «Ауыл – ел бесігі» жобасының басты қағидасы. «Ауылдық жерлердің әлеуметтік ортасын жаңғыртуға да кірісуіміз қажет. Осыған байланысты арнайы «Ауыл – ел бесігі» атты жобаны жүзеге асырамыз. Бұл арқылы қазақстандықтардың жергілікті жердегі еңбегіне қатысты идеологияны қолға алуымыз керек. Бұл әкімшіліктердің міндеті», – деді Мемлекет басшысы.
IMG-20200425-WA0007
Сонымен, Қостанай облысында «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында 63 жоба жүзеге асырылады. Бұл туралы облыс әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Гүлбарам Мұсағазина мәлім етті. Жоба шеңберінде ауылдарда әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымдарды дамыту бойынша бірқатар міндеттерді шешу көзделген. Басқарма басшысының айтуынша, 2020 жылы 13 ауылда ілкімді жұмыстар атқарылады. Оның ішінде 7 аудан орталығы бар. Олар: Обаған, Денисов, Қамысты, Торғай, Амангелді, Қараменді, Ұзынкөл. Бұған қоса Меңдіқара ауданының Первомай, Қостанай ауданының Октябрь және Шеминов, Алтынсарин ауданының Силантьев, Денисов ауданының Антонов, Бейімбет Майлин ауданының Тобыл ауылдарында бірегей жобалар қолға алынбақ.
IMG-20200425-WA0009
IMG-20200425-WA0010
«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасында білім саласына да басымдық берілген. Мәселен, Амангелді ауылындағы А. Боранбаев атындағы орта мектеп, Қостанай ауданының Октябрь және Меңдіқара ауданының Первомай ауылдарындағы орта мектептер күрделі жөндеуден өтеді.
 
Табалдырықтан төбеге дейін
 
Қостанай ауданы әкімдігі білім бөлімінің Совхозный орта мектебі 1962 жылы салынған ғимаратта орналасқан. Аудандық білім бөлімінің басшысы Маржан Салмағамбетованың айтуынша, бұл мектеп салынған кезінен  бастап мектеп ғимаратында  күрделі жөндеу жұмыстары  жүргізілмеген. 2019 жылы «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында Совхозный орта мектебінің ғимаратына 2 жылдық күрделі жөндеу жұмыстарына келісім-шарт жасалған.
Алайда мердігер компания ғимаратты уақытынан бұрын тапсырмақ екен. Бас мердігер «Аллюминстрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің ресми өкілі Қажымұрат Баймусиннің сөзінше, жөндеу жұмыстары сапалы жүргізілуде. Құрылыс материалдары Арқалық, Қостанай қалаларынан әкелінген. Қазір еденді жабу демонтажы жүргізілді,  қабырғалар мен  төбе сылақтан  тазартылды. Жасалған шарттың жалпы сомасы – 495325090,96 теңге. Құрылыс-монтаждау жұмыстары 2020 жылғы 13 сәуірден бастап  басталған, іске асыру мерзімі –2020 жылғы 15 тамыз.
IMG-20200425-WA0011
– Мектепте 318 оқушы бар. Өздеріңіз білесіздер, COVID-19 коронавирустық жұқпасының таралуының алдын алу үшін  оқу үрдісі қашықтан жүргізіледі. Нысанда санитарлық-дезинфекциялық режим күшейтілген. Мектеп аумағында ойын алаңдарын және спорттық құрылғыларды пайдалануға тыйым салынды. Зарарсыздандырғыш құралдар құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүзеге асыратын  адамдарға пайдаланылады. Мектеп қолға арналған  антисептиктермен толық қамтамасыз етілген, – деді мектеп директоры Марат Өтемісов.
IMG-20200425-WA0006
Марат Жасарұлының мектеп директоры болғанына 10 жылдан асып кеткен. Қызметке тағайындалған соң, бір жылдан кейін мектеп ішіне орташа жөндеу жұмыстарын жүргізіп көрген. Алайда, табалдырықтан бастап, шатырға дейін ақау шығып, күрделі жөндеуге ілінетін білім беру нысаны санатына енді. Жөндеу жұмыстарын жүргізуді облыс әкімі Архимед Мұхамбетов толығымен қолдады. Қазірдің өзінде бөлінген соманың жартысы игерілді.
IMG-20200425-WA0003
Жұмыс алаңында әзірге 45 адам бар. Қажымұрат Баймусин айтқандай, жергілікті жұмыспен қамту орталығы арқылы тағы бірнеше адам жұмысқа алынады. Олар заң талаптарына сай, толық медициналық тексеруден өткен соң ғана құрылыс жұмыстарына кіріседі.
IMG-20200425-WA0005
 
Боранбаев мектебінің болашағы зор
 
«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасының шарапаты Амангелді ауданына да жетті. Биыл мұнда мектеп жанындағы интернат күрделі жөндеуден өтуде. Жөндеу жұмыстары туралы нақтылау үшін Амангелді ауданы әкімінің орынбасары Сүндет Жолдыбекұлына хабарластық.
IMG_0005
– Аудан орталығындағы Ә.Боранбаев атындағы орта мектебіне 2018 жылы күрделі жөндеу жұмыстарына 180 млн теңге қаражат бөлініп, жұмыс атқарылған болатын. Сонымен қатар сол жылы 24 млн теңгеге материалдық-техникалық базасын жаңартуға ақша қарастырылды. Білім нысанына қажетті барлық құрал-жабдықтар алынды. Мектептің жылу қазандығы үшін жеке ғимарат салынып, мектептен бөлек орналастырылды. Бұл бір жағынан гигиеналық талаптарға байланысты еді. Ал мектеп жанындағы интернат көп жылдардан бері жөндеу көрмей, қиындық тудырып келген-ді. 2020 жылы «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында интернатқа күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу мақсатында қаражат бөлінді. Алдағы уақытта жөндеу жұмыстарын өз уақытында аяқтаймыз деген ойдамыз, – деді аудан әкімінің орынбасары.
IMG_0034
Қазір соңғы жағдайларға байланысты мектеп оқушылары қашықтан оқуға көшкені мәлім. Сол себепті жөндеу жұмыстары ертерек басталып кетті. Жалпы, интернат 52 балаға арналған.
Мектеп интернатының меңгерушісі Айгүл Дихамбаеваның айтуынша, білім нысаны 18 жыл бұрын толық жөндеуден өткен. Одан кейін, 2016 жылы мұнда ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Осы жылы жүргізіліп жатқан жұмыстарға «Алюминстрой» ЖШС құрылыс компаниясы жауапты.
IMG_0011
– Жөндеу аяқталып, толық қалпында іске қосылған соң мұнда 70 бала тәрбиеленеді деп жоспарлануда. Жалпы интернатты күрделі жөндеу жұмыстарынан өткізу мақсатында 133 млн теңге қаражат бөлініп отыр. Мекеменің шатырынан су ағып, ішкі құрылысының барлығы түсіп, ескірген болатын. Қазіргі таңда шатыр қалыпқа келіп, терезелері заманауи пластикке ауыстырылды. Сонымен қатар тәрбиеленушілерге ыңғайлы болу мақсатында ішкі бөлмелерді екі баладан орналастыру үшін арақабырғалар қойылуда. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстарының 20%-і жүргізілді. Интернат тәрбиеленушілері үшін барлық қолайлы жағдай жасалуда, – дейді Айгүл Мұратқызы.
IMG_0019
«Алюминстрой» ЖШС құрылыс компаниясы – «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасының тұрақты қатысушысы. 2000 жылы құрылған кәсіпорын облыстың дамуы үшін мінсіз қызмет атқарып келеді. Жыл өткен сайын әлеуеті артып, ауқымы кеңейді.
– «Ауыл туралы тозып барады», «халқы қалаға босып жатыр», «жұмыс жоқ» деген әңгімелерден жауыр болдық. Өзіміз өмір бойы ауылда тұрып келеміз. Әрине, қараусыз қалған ауылдар бар, сонымен бірге, тұрмыс-тіршілігі қаладан бір мысқал кем емес елді мекендер барын да ұмытпаған жөн. «Ауыл – ел бесігі» нағыз халықтық бағдарламаға айналды. «Алюминстрой» ЖШС сияқты құрылыс компаниялары қаншама ауылға жақсылығын көрсетіп отыр. Міне, игілікті істер білім саласына да келді. Төрт балам мектепте оқиды. Жаңа ғимарат оқушыға қосымша серпін береді. Нәтижесінде сапалы білім орнығады. Меніңше, бағдарлама аясында, ең әуелі, ауыл мектептерін назарға алған жөн, – дейді Қатима Жоламанова есімді ана.
IMG_0014
«Ауыл – ел бесігі» жобасының негізгі мақсаты – ауылдардың әлеуметтік ортасын жаңғырту, оларды өңірлік стандарттарға жеткізу. Бұл дегеніңіз – елді мекендердегі инженерлік инфрақұрылымды дамыту. Ал ауылдардың ажарын ашатын білім нысандары десек, бұл бағыт бойынша Қостанай облысының өз жоспары бар.
 
Суреттерді түсірген Бердіболат Көркембаев және
аудан әкімдіктерінен алынды

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓