Бәрі де дәрігерлердің арқасы

“Бұл менің шетелге алғашқы ұшуым. Бірақ қызығушылықтан гөрі қорқыныш сезімі басым болды” дейді коронавирус инфекциясынан сауығып шыққан қостанайлық келіншек. Аня (есімі өзгертілген) облыстық аурухананың жұқпалы аурулар бөлімінде коронавирусты емдегеннен кейін сауығып шыққан үш пациенттің бірі. Ол жұбайы екеуі бір айдан астам уақыт алдымен карантиндік госпитальде оқшауда, кейін емдеуде стационарда болған.
-Аня қалайсыз, қазір үйдесіздер ғой?
-Иә, үйдеміз. Ең алдымен Жаратушымыздың, сосын дәрігерлер мен барлық медицина қызметкерлерінің арқасында үйімізге аман-сау оралып жатырмыз.
-Қазір өзіңізді қалай сезінесіз?
-Жағдайымыз жақсы, өзімізді керемет сезінеміз.
-Не дегенмен үйде біраз уақыт болмадыңыздар ғой, сағынған шығарсыздар?
-Әрине, “өз үйім – өлең төсегім” демекші, шаңырағымызға келіп қуанып жатырмыз. Өз үйіңде отырып, арқаны кеңге салып, мәре-сәре болудан артық бақыттың жоқ екендігін енді сезініп жатырмыз. Біз үшін күнделікті көзге көрінбейтін, еленбейтін, жәй ғана кофе дайындап ішудің де өзі бақыт екен ғой.
-Үйде қанша уақыт болмадыңыздар?
-Бір жарым ай болмадық, сондықтан, үйге келгенде бір ерекше толқу сезімінде болдық. Осы аралықта біз бостандықтың, жалпы өмірдің қадірін түсіндік. Біз әлі үй карантинінде боламыз, сондықтан әлі де күтімде болуымыз керек. Ең бастысы, аман-сау үйімізге оралғанымызға шүкір дейміз.
-Әлі есімде, сіз бастапқыда жағдайдың, аурудың ауырлығына мән бермедіңіз? Осы уақыттан кейін бір нәрсе өзгерді ме?
-Солай болғаны да рас. Біз әбден шатасып кеттік, бір жағынан сау сияқтымыз, бір жағынан дәрігерлер сырқат екенімізді айтқанда, екі ойлы болғанымызды да жасырмаймыз. Мүмкін ауру жеңіл түрде өткендіктен шығар. Дәрігерлерге және барлық медициналық қызметкерлерге кәсібилігі мен пен жеделдігі үшін алғыс айтамыз. Өйткені, бәрі басқаша болуы мүмкін еді. Бір жағынан, аурудың айқын белгілері білінбеген соң бәрі жақсы деп ойлайсың, ал екінші жағынан …Тезірек бәрін ұмытқымыз келеді, бірақ біз барлық жағдайға (оқшаулау, карантин, инфекция) көңіліміз толмаса да, өміріміз үшін қорқып, дәрігерлердің барлық талаптарын орындадық. Егер дәрігерлер уақытылы қимылдамағанда соңы не болар еді деген қорқыныш сезімі де бойымды билейді.
Сіздер Covid-19 пандемиясының бірнеше елге тарала бастағанын біле тұра демалуға шықтыңыздар. Бірақ, індет біздің елімізге әлі жете қоймаған еді. Сонда да бару-бармау туралы ой мазалаған жоқ па?
– Бұл менің шетелге алғаш баруым еді. Бірақ, шынтуайтында қызығушылықтан гөрі қорқыныш сезімі басым болды. Сондықтан да мен қатты қорықтым. Өзі күдікшіл адаммын. Вирус тек Қытайда тарап жатқанның өзінде мен мұнда өзімді де, күйеуімді де маска киюге мәжбүрледім. Ал, кетер алдында екеуіміздің де қатты уайымдағанымыз рас. Бірақ туристік агенттік бәрі керемет болады деп сендірді, біз де “бәрі жақсы, бізге әсер етпейді” деп өзімізді жұбатқандай болдық. Египетке аман-сау жеткен соң, көңіліміз таныштанды. Шындығында, біз Қазақстан өз шекарасын жаппай тұрғанда барып-келген едік.
-Алдымен сіздер карантиндік ауруханада болдыңыздар ма? Қанша уақыт? Ол жақтағы күндеріңіз қалай өтті? Үйге шығаратынын айтқанда қатты қуанған шығарсыздар..
-Біріншіден, бізді Алматыдағы уақытша ауруханаға жатқызды, онда біз бір күн жаттық. Теріс сынақ келді. Бірақ үйге оралғанда бізді бірден карантинге жіберді, өйткені ұшақта жұқтырған жағдай анықталды ғой… Әрине, сырқаттан айығып, үйге оралатынымызды естігендегі қуанышымызда шек болмады. Жалпы, біз жұбайым екеуіміз бір жарым ай бірге болдық. Ал, бұл біздің бір-бірімізге қолдау білдіріп, ауыр ойлардан арылуымызға септігін тигізді. Әйтеуір, бірге екенімізге әрі мамандардың қарауында болғанымызға қуандық. Үйге де жететін күн туар, ең бастысы жазылып шығуды ойладық. Дәрігерлердің арқасында қатарға оралдық. Бір қуанатынымыз, бізден ауруды дер кезінде анықтап, оқшауға алып, ешкімге жұқтырмадық.
Күйеуім капсуламен тасымалдау туралы естігенде қатты уайымдады. Шынында да, капсула ыңғайсыз ғана емес, оның ішінде жатуды ойлаудың өзі қорқынышты болды. Бізді ауруханаға жеткізетін күні аяқастынан қатты боран соғып, жолда кептелістер болып, қатты қиындық тудырған еді. Ауа-райының қолайсыздығына байланысты біз де жолда тұрып қалдық. Бірақ, дәрігерлер менің жағдайымды қайта-қайта сұрап, біліп отырды. Жалпы, жедел-жәрдем қызметі жоғары деңгейде жұмыс жасады деп айта аламын.
– Әрине, бұл сауалым оғаш естілер, дегенмен қандай да бір жағымды естеліктер қалды ма?
-Адамдар. Дәрігерлер. Жедел-жәрдемнің қызметі туралы айтып өттім ғой. Мәселен, облыстық ауруханада медбике Галина Ивановнаның бізге туған балаларындай қарап, қатты алаңдаушылық танытып, ерекше қамқорлық танытқанының өзі бізге демеу болды. Бас дәрігер Юрий Сергеевичтің өзі бізбен үнемі байланыста болып, моральдық тұрғыда қолдау көрсетіп отырды. Жалпы, дәрігерлер мен медбикелерге, санитарларға айтар алғысымыз шексіз. Осындай қиын кезеңде үйлерінде, отбасыларының жанында емес, біз сияқты науқастармен бірге болып, емдеп қана қоймай, моральдық қолдау білдіргендерінің өзі біздің ауруымыздан тез айығуымызға септігін тигізгендей болды. Сондықтан, ол кісілерге айтар алғысымыз шексіз.
– Ғаламтор, әлеуметтік желілер қолжетімді болды ма?
-Иә, бізге ешнәрседен шектеу болған жоқ. Әрине, біз төтенше жағдай режимінде жөнсіз ақпарат, сурет таратудың заңсыз екендігін білеміз, сондықтан әлеуметтік желілерге көп шықпауға тырыстық. Әрі жергілікті кейбір бұқаралық ақпарат құралдарында “оларды өртеп жіберу керек”, “бәрі солардың кесірінен болды” деген пікірлерді оқудың өзі оңайға соққан жоқ. Алайда, ешкім сақтандырылмаған, алда не болатынын болжау мүмкін емес. Дегенмен, бәрі тәртіпке бағынып, карантин режимін сақтаса, жағдайдың тезірек жақсарары сөзсіз. Барлықтарыңызға денсаулық, шыдамдылық пен сабыр тілеймін. Әсіресе, қазіргі қиын шақта дәрігерлер мен полицейлерге оңайға соғып жатқан жоқ. Осының бәрі уақытша қиындықтар екендігін ұмытпайық. Ең бастысы, карантин режимін сақтап, ол кісілерге де қолдау білдірейік.
-Біздің сұқбатымыз анонимді түрде бола ма? Ал, достарыңыздың, таныстарыңыздың біреуі сіздің қайда және неден емделгеніңізді білді ме?
-Иә, солай болғаны дұрыс. Себебі, адамдардың бізден үркіп, ала көзбен қарағанын қаламаймын. Өкінішке қарай, иә, туыстарымыз бен достарымыз біздің демалуға баратынымызды білді, менің ойымша, бұл фактілерді жасыру қиын емес.
-Үйге оралғандарыңызды естіген туғандарыңыз қоңырау шалып жатқан шығар…
-Біз үйге күндізгі сағат бірде келдік және тағы да отау құрған күніміздегідей көптеген қоңыраулар түсіп, бәрі бізді құттықтап жатыр.
-Қандай жоспарларыңыз бар?
-Карантиндік өмірімізді босқа өткізбеуге тырысып, көп уақытымызды спортқа бөлсек дейміз. Жолдасым ағылшын тілін үйренуге құлшыныс танытып отыр. Жақында менің туған күнім, сондықтан туған күнімде үйде болудың да өзі мен үшін үлкен бақыт. Алдағы уақытта бәрі жақсарып, індеттен құтылып, бұрынғы мамыражай күнімізге оралатынымызға сенемін. Барлық алдыңғы шепте жүрген бүгінгі күннің батырлары – дәрігерлерге, полицейлерге, еріктілерге зор денсаулық, қызметтеріне сәттілік тілеймін.
-Сұхбаттасқаныңызға көп рахмет. Ауырмаңыз, аман болыңыз..
К.ЖЫЛҚЫБАЕВА
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз-хатшысы

 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓