Қауын-қарбыздан да қауіп бар

Жаз – қауын-қарбыз саудасы қызатын мезгіл. Денсаулығына шағым айтатын тұрғындар саны да осы кезде артады. Сондықтан оларды талмап емес, таңдап та жей білу керек. Бақша дақылдарының қауіпсіздігі тиісті органдардың да жіті бақылауында, деп хабарлайды "Қостанай таңы".
Қауын-қарбыз сатып алудың өзіне жауапкершілікпен қарау қажет. Дұрыс сақталмаған немесе жасанды жолмен мезгілінен ерте өсірілген дақылдар денсаулыққа қатер төндіруі мүмкін. Сондықтан мамандар күнделікті беріліп жатқан кеңеске зейін қоюға шақырады.
«Базарда жаз шығып үлгермей пайда болған бақша дақылдары жылыжай жағдайында, нитрат күшімен өсірілген дей беруге болады. Осындай амалдар арқасында жемістер маусым-шілдеде қолжетімді бола бастайды. Бірақ олардың қауіпті екенін ескерген жөн. Нитраттың қарбыздағы мөлшері 60 мг/кг, қауындағы үлесі 90 мг/кг-ден аспауы тиіс. Осы талапқа сай келмесе, көп жағдайда балалар, жүкті әйелдер және асқазанының созылмалы ауруы бар адамдар ұшынуы мүмкін», – дейді департамент маманы Гүлмира Мағзұмова.   
Олар жемістің қауіпсіздігіне ұдайы мониторинг жүргізіп отырады, яғни саудаға шығарылған тауарлардың сынамасын алып, зерттеу жасайды.
«Бүгінде бақша дақылдарынан 20 сынама алынып, сараптама жұмыстары жасалып жатыр. Әзірге, соңғы екі айда тұрғындар тарапынан шағым түскен жоқ. Қауын-қарбыздан ұшыну деректері облыс көлемінде тіркелмеді. Департамент бұл бағыттағы жұмысты маусым аяқталғанша үздіксіз жалғастырады», – деп толықтырды Г.Мағзұмова.
Сөйте тұра, департамент қызметкері бақша өнімдерін таңдаудың қарапайым ережелерін қаперде ұстауға шақырады. Ең бастысы, қарбыздың бүтіндігіне ерекше мән беру қажет. Сатушыдан бөлшегін кесіп беруді сұрамау керек. Сондай-ақ, кез келген тұтынушы саудагерден жеміс-жидектің қауіпсіздігін куәландыратын құжаттар сұрауға құқылы.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓