Керек дерек: Төл теңгенің тарихы
Бүгін ҚР Ұлттық валютасы күні. 1997 жылы ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен 15 қараша төл теңгеміздің туған күні әрі қаржыгерлер күні болып белгіленген еді. Төл валютамыздың алғаш пайда болуы, өзгеруі және түрленуі тарихына көз жүгіртейік:
-1992 жылдың 27 тамызы күні Ұлттық банк теңге купюрасының үлгілерін бекітті. Ертесіне қазақ валютасын өмірге келтірген суретшілер Тимур Сүлейменов, Меңдібай Алин, Ағымсалы Дүзелханов, Қайролла Әбжәлеловтер Англияға аттанды;
-1992 жылы теңге дизайнындағы портреттер бекітілді. Теңге Ұлыбританияда басылып шықты. 1993 жылдың 12 қарашасы күні Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасында ұлттық валюта енгізу туралы» Жарлыққа қол қойды;
-1993 жылдың 15 қарашасында Тәуелсіз Қазақстан Республикасының төл валютасы айналымға енді;
-Ескі ақшаны қазақстандық теңгеге айырбастау 1993 жылы 15 қарашада сағат 8.00-де басталып, 20 қарашада сағат 20.00-де аяқталды;
-Ұлттық банк бастапқыда 1 теңгені сол кездегі мың рубльге бағалаған болатын. Дегенмен, еліміздің саяси, әлеуметтік мәселелері және мемлекетаралық қатынастар ескеріліп, 1 теңге 500 сомға бекітілді;
-Теңге бірінші айналымға кірген күні 1 доллар 4,75 теңге болып бекітілді. 1994 жылы қағаз тиындардың орнына жезден жасалынған 2, 5, 10, 20 және 50 теңге номиналды монеталар шықты;
-Ұлттық валюта банкнот және монета түрінде айналысқа енгізілді. Қазір банкнот – Ұлттық банктің Алматы қаласындағы Банкнот фабрикасында, ал монета – Өскемендегі Монета сарайында шығарылады;
-Ел Президентінің Жарлығымен 1997 жылдан бері 15 қараша төл валютамыздың туған күні әрі қаржыгерлер күні болып белгіленді;
-2006 жылы 15 қарашада жаңа үлгідегі банкноттар айналысқа енгізілді.