Субсидиялау сапасы сын көтермейді
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауын радио арқылы тыңдадым. Президентіміздің аграрлық салаға қатысты айтқан сын-пікірлері орынды. Субсидиялау тәсілдерін қайта қарап, тұрақтандыру керек. Бұл мәселені бірнеше жылдан бері айтып келеміз. Расымен де қазір дәл осы саланың олқылықтары айқын көрініп жатыр. Жаңа министр тағайындалды ғой, енді мәселе дұрыс жағына шешіледі деген үміттеміз. Қазір субсидиялау мөлшерлемесі тым көп, сол себепті шағын бизнес өкілдері, ауылдағы ағайын қиналып қалып жатыр. Соңғы 5 жылдың өзінде субсидиялауға 2 трлн теңгеден астам қаржы бөлініпті. Бұл деген аз ақша емес қой. Бар мәселе оның дұрыс игерілуінде болып отыр. Былайша айтқанда субсидияны талан-таражға салуға болмайды. Мемлекет басшысы заңнамалық құжаттардың негізін нығайтып, мониторинг жүргізу жүйесін енгізу қажеттігін баса айтты. Көбі субсидияны рәсімдеу тәртібін білмей жатады. Соның кесірінен қаншама мүмкіндіктен құр қалып жатқандар бар. Мұншама қаражат бөлініп, ел игілігіне берілген соң барлығы түсінікті әрі толығымен ашық болуы тиіс. Шағын және орта шаруашылықтар үшін субсидияның қолжетімді болуы да өзекті нәрсе. Лизинг арқылы техника алғысы келетіндер жетерлік, солардың жайын бірінші кезекте ойлайық.
Жолдауда айтылған тағы бір маңызды жайт – биологиялық қауіпсіздік. Бұл жүйе жақсы жұмыс істеп кетсе түрлі зертханалардың мәселелерін шешер еді. Геологиялық барлау және жер қойнауын кешенді зерттеу саласына серпін беріледі. Қазақстан – бай мемлекет. Оны ешкімнен жасырып керек емес. Бірақ сол байлықты қаншалықты тиімді игеріп, өңдеп жатырмыз? Жер үсті зерттеліп жатқанымен, белгісіз жатқан жер асты байлықтары қаншама! Мемлекет басшысы ұсынған жоба кен орындарының жұмысын жандандырып, табиғи байлықтарымыздың ырыздығын көруге мүмкіндік берері сөзсіз.
Жолдауда әлеуметтік сала өкілдерінің жағдайы да қозғалды. Әсіресе, кітапханашылар мен әлеуметтік нысандарда жұмыс істейтін мамандардың жалақысының артатыны қуантты. 2024 жылы аудан әкімдерін сайлау мүмкіндігін алдық. Бұл жұрыс тәжірибе. Қазір ауыл әкімдерін сайлай алады. Мұны билік пен халық арасын біріктірудің бір жолы дер едім. Демократия деген осындайда көрінеді.
Сайран Бұқанов, Қазақстанның Еңбек Ері