Қайыс өңдеп, қамшы өрген

Қамшы мен торсықты ата-бабамыздың кешегі көшпелі өмірінен сақталған тұрмыстық бұйымы десек, бүгінде олар этнографиялық сипатымызды айшықтай түсетін құндылыққа айналды. Осы күндері де қолөнер туындыларына деген сұраныс жоғалған емес. Атадан балаға мирас болып келе жатқан өнерді жаңғыртып жүргендердің бірі – Айдын Диханбаев. Жақында шеберханасына барып, ұлт өнері туралы әңгімелескен едік.
IMG_4509
Айдын – Торғай өңірінің тумасы. Қолөнер әкесінен дарыған. Қамшы өруді мектеп жасынан бастапты.
– Балалық шағым Аралбай ауылында өтті. Әкем Мәлік Диханбай әлі ауылда. Бала кезден әкемнің қасында жүріп, қолөнердің қыр-сырын меңгере бастадым. Қолы қалт еткенде қамшы өріп, торсық жасайтын. Ауыл адамдары бұзылған, сынған ер-тұрмандарын әкеме алып келіп жөндететін. Қазір де осы әдетінен танбаған, мектепте еңбекке баулу пәнінен сабақ береді. Ауыл балаларын қолөнерге үйретіп жүр, – дейді әкеден тәлім алған Айдын.
Шебер жігіттің өнері Қостанай қаласына келгенде дамыды. Бала күнінен күреспен айналысқан Айдын белгілі спорт бапкері Нұржан Ермағамбетовті жолықтырады. Бойындағы өнерін Нұрекең біліп, жас шеберге қолөнермен айнылысу үшін саяжайдан орын береді. Бұл 2009 жыл болатын.
IMG_4528
– Нұржан ағай менің қолөнерге деген икемімді байқады. Өзі де қазақ өнерінің жанашыры ғой. Рас, қалада шеберхана табу қиындау. Сөйтіп, Нұржан ағамыз берген орында қолөнермен айналысып, қазақтың қамшысын, торсығын, өзге де дүниелерін жасадым. Негізі ұлттық бұйымдарды байқауларға қатысып, өнерімді шыңдау үшін жасай бастадым. Сол уақытта халықаралық «Шабыт» фестивалі өтіп жатты. Еңбегім еш кетпеді. Жасаған заттарым елордадағы шеберлердің жақсы бағасын алды, – дейді шебер.
IMG_4544
Айдын Диханбаевтың таңдауы тері бұйымдарына түсті. Ол бүгінде қайыс немесе иленген теріден бұйым жасайды. Мәселен, Айдынның қамшылары тек атбегілерге ғана емес, ұлттық өнерді бағалайтын әр қазаққа таныс. Қайыс қамшылары құрлық асты. Айтуынша, оның қамшыларын Америка, Армения, Ресей, Словакия елдерінен сатып алған. Бағасы да қолжетімді. Сапалы жасалған қамшылар жақсы қəзіргі таңда, жақсы бағаланады.
IMG_4516
Кез келген қолөнер шеберінің жұмысы көрмелерде бағаланады. Айекең де елдің түкпір-түкпірінде өтетін көрме-байқаулардан қалмауға тырысады. Бастапқыда ол қолөнерші ретінде ғана танылып, түрлі бәйгелерге қатысып, түрлі марапатқа ие болып жүрді. Осыдан бірнеше жыл бұрын жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, өнерін заңды кәсіпке айналдырды. Бір қызығы, ол бұйымдарын қатып қалған қағидамен жасамайды. Қолөнерге шығармашылық талғам қажет деп есептейді.
IMG_4550
– Қамшыны иленген теріден жасайды. Оның түрлері көп. Халық тұрмысында кеңінен тараған. Мәселен, жуан тобылғы сапты «дойыр» қамшы бар, оның өрімі де жуан келеді. Аңға шығуға таптырмас құрал. Өрімнің басына қорғай салып та өреді. Өрімді өре білу – үлкен өнер. Кезінде қамшының қаншалықты жақсы екенін өріміне қарап білген. Қамшы сабы көбінесе 4-5 тұтам тобылғыдан, еліктің сирағынан, киіктің мүйізінен жасалып, барынша әсемделеді. Оның терімен қапталған қолға ұстайтын бөлігі – тұтамы, оған тесіліп өткізген қайыс таспа бүлдіргісі деп аталады. Қазір 6 өрім қамшыны көбіне бәйгешілер ұстайды. Шабандозға да жеңіл, атқа да ауыр тимейді, – дейді ол.
Айдынның айтуынша, қамшы жасауды қолға алмас бұрын, оның қасиеті туралы түсініп алу керек. Сол себепті, кейіпкеріміз қолөнерге байланысты оқулықтарды көбірек оқуға тырысады.
IMG_4565
– Мысалы, «неке» қамшы деген болған. Айттыра келген жігіт жағы болашақ келінге сыйлаған. Ерте кезде жігіт қыздың үйіне барғанда қамшысын отырған жерінде тастап кететін болған, ол – қызды қалап келгенінің белгісі. Қыздың әкесі қамшыны қайтарып бермесе келісімін берді деген сөз. Қазақ тобылғы саптысын тұрмыста көп пайдаланған. Қамшыға сап болатын тобылғыны іздеп жүріп, тобылғы сайға, тобылғы өсетін жерге барып, қарап таңдап алады. Одан кейін ырғай саптыны білеміз. Мүйіз сапты, еліктің сирағынан жасалған қамшыға да сұраныс мол. Кей адам жез сапты қамшыларды пайдаланады. Сыртына жезді орап жасайды. Оны сарыала қамшы дейді. Қазақта «Сарыала қамшы тұрған үйде сайтан болмайды» – деген мақал бар. Қазір мұндай қамшылар қалалық жерде көбіне сый-сыяпат ретінде беріліп жатады, – деді Айдын Диханбаев.
Торсық жасау – ежелден келе жатқан қолөнер туындысы. Айдынның айтуынша, оны көбіне сиырдың терісінен өңдейді. 
– Кезінде теріні іркіттің сары суына салып илеген. Негізі торсықтың жасалу кезеңі ұзақтау. Теріні тобылғы ағашының түтініне ыстау қажет. Сонда терінің сапасы арта түседі, кейін қалпын жоғалтпайды. Ішіне құйған сұйықтықты өзіне сіңірмейді. Ары қарай ішіне қара шай құйып бірнеше рет шайқап аламыз. Қаймақ жағып, қайтадан тобылғының түтініне ыстаған соң, пайдалануға жарай береді. Әр пайдаланар алдында осылай жасап отырған жөн. Тек тобылғы ағашымен ыстау қажет, өйткені тобылғы пайдалы қасиетке ие. Бабаларымыз осыны білген ғой. Ысталған торсыққа қымыз құйып ішкен, сонда асқазан, ішек ауруларына адам шалдықпайдын көрінеді. Сондықтан торсық жасаушыларға осы әдісті ұсынамын, – деп кеңес берді ол.
IMG_4568
Торсық жасауды ұқыптылықты талап етеді. Теріні тез кептіру үшін күннің көзіне, болмаса ыстық жерге қоюға болмайды. Тері өз бабымен қоңыржай ауада кепкен жөн. Дайын терінің ішіне құм толтырып, нығыздап отырып бізбен екі қайта тігіп шығады. Міне, шебер бұйымы дайын.
Осы күні Айдын Диханбаев – Қостанайдағы Назарбаев зияткерлік мектебінде «Қолөнер» үйірмесінің жетекшісі. Шәкірт даярлау ісін қолға алған. Тағы бір айта кетерлігі, алдағы уақытта «Қостанай агромеханикалық зауыты» ЖШС басшылығы қолөнер шебері үшін арнайы цех ашып бермек.
– Біз Айдынның өнерін жоғары бағалаймыз. Оған жақсы мүмкіндіктер жасап, цех ашып бере аламыз. Бұл сұрақты шешу уақыттың еншісіндегі шаруа. Ол осы цехта жұмыс істеп, қолөнер үйренем деушілерге дәріс бере алады, – дейді «Қостанай агромеханикалық зауыты» ЖШС бас директоры Ерлан Нұртазин.
 
Суреттерді түсірген Игорь Нидерер

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓