Қашықтан оқытуға көшті
«Қостанай таңы» газетінің 2020 жылғы 15 сәуір сәрсенбі күнгі №43 (18995) санында тілшіміз Шұға Қоңқабайдың «Шолақсай неге алаңдаулы?» атты мақаласы жарық көрген болатын. Онда газет жанашыры Өмірзақ Ихтиляпов Шолақсай орта мектебінің қашықтан емес, штаттық режімде білім беріп жатқанына алаңдаушылық білдіріп, мәселе етіп көтерген еді. Олай деуге де негіз жоқ емес, жылдың басында Шолақсай ауылы облыс әкімінің қолдауымен талшылықты-оптикалық интернет желісіне қосылыпты. Яғни, қазіргідей төтенше жағдай мезгілінде мектептің қашықтан оқуға мүмкіндігі бар. «Шолақсай-1» ЖШС құрылтайшысы елді мекендегі 140-қа жуық оқушыны мектепке жинап алып білім беру санитариялық-эпидемиологиялық қорғану жағынан қауіп болатынын, одан гөрі өз үйлерінде отырып оқыған әлдеқайда қауіпсіз екенін жеткізген. Себебі, оқушылардың отбасында білім алуына бар жағдай жасалған.
Мақала авторы осы мәселеден кейін біржақты пікірмен шектеліп қалмай, облыстық білім беру басқармасының басшысы Василий Цымбалюк пен Науырзым аудандық білім бөлімінің басшысы Гүлнар Досқұлованың жауабын қоса келтірді. Көп өтпей, Өмірзақ Бекділдәұлы редакциямызға хабарласып, жоғарыдағы мәселенің шешімін тапқанын, Шолақсай орта мектебі қашықтан оқытуға көшкенін жеткізді.
«Расымен де ауыл балаларының штаттық режимді оқып жатқанына алаңдап едік. Енді міне, мәселеміз өңіріміздегі қарашаңырақ басылым арқылы көтерілгеннен кейін шешімін тауып отыр. Жанайқайымызды тыңдап, үн қосып, бізбен бірге болып, түйткілдің шешілуіне атсалысқаны үшін «Қостанай таңы» газетіне зор ризашылығымды білдіремін», – дейді ел ағасы.