Өртенбей қалған құран кітабы
Л.Н.Толстой атындағы Қостанай облыстық кітапхананың сирек кітаптар қоры қасиетті жәдігермен толықты. Оны руханият ордасына қала тұрғыны, ардагер журналист Нәзира Жәрімбетова табыстады. Әріптесіміз кітаптың тарихы туралы айтып берді.
"Бұл Құран — ата-бабаларымыздан қалған мұра. Бауы бар қалтаға салынып, үйде үнемі жоғары ілініп тұратын. Әжем анда-санда алып, маңдайына басып тәу етіп, қайтып орнына іліп қоятын. Үлкендердің айтуынша, қасиетті кітап ХІХ ғасырда шығарылған", — дейді Нәзира Жәрімбетова.
Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары ел үдере көшкенде Жәрімбетовтер отбасы Сыр өңірінен Шымкент қаласына қоныс аударады. Ол жаққа көшудің бір себебі — ағайын-туысқа жақындау.
"Әке-шешем барак типтес бір баспананы сатып алыпты. Бірақ онда көп тұрмады. Кіші ұлымен Қостанайға келді. Мен де осындамын. Бірақ Шымкенттегі үйде сіңілім қалған еді. Бір күні сол баспана өртеніп кетті. Сіңілім от тиген нәрсенің бәрін буып-түйіп, сарайға тастапты. Кәдеге жарайтын не бар деп, ешкім мән бермеген. Былтыр үйді аз-мұз ақшаға сатып келейін деп бардым. Сарайдағы заттарды реттеп жүріп, кітаптарым мен альбомдарымнан түк қалмағанын көрдім. Арасынан Құран кітап көзіме оттай басылды. Парақтарының шеті қап-қара күйе, ал ішіндегі сүрелері сол қалпы тұр. Таңдандым. Орамалға орап, осында алып келдім", — дейді әріптесіміз.
Кітаптың күйік шалған жиектерін анасы сүртіп, ақ матаға орап, үйдің төріне іліп қойыпты. Анасы көз жұмған соң, әулет мүшелері сирек кездесетін мұраны кітапханаға тапсыруды жөн көрген.
Аслан Қанғожин