40 құқық бұзушы жазаланды
Қостанай облысында бір тәулік ішінде ТЖ режимін бұзғаны үшін 40 адам әкімшілік жазаға тартылды. Бұл туралы облыстық ПД баспасөз қызметі хабарлайды.
Облыс аумағында карантин енгізілуіне байланысты өңір полицейлері 3 күн бойы тұрғындар арасында алдын алу шараларын жүргізіп, облыс жұртына осы кезеңде қандай шектеулер қойылғанын түсіндірді.
Тәртіп сақшылары тәулік ішінде карантин режиміне бағынбаған 40 құқық бұзушыны анықтады. Оның ішінде, еш қажеттіліксіз көшеге шыққаны үшін 27 азаматқа әкімшілік хаттама толтырылды, 13 қостанайлыққа қоғамдық орындарда бетпердесіз жүргені үшін айыппұл салынды.
Бір жүргізуші куәландыру құжаттарынсыз үйден шыққаны үшін ҚР ӘҚтК 476-бабы бойынша жауапкершілікке тартылды.
Естеріңізге салайық, ТЖ режимін бұзған азаматтар ҚР ӘҚтК 476-бабына сәйкес 10 АЕК көлеміндегі айыппұл арқалайды немесе 15 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алынуы мүмкін.