Кеніштің әлеуетті артты
Қазақстанда төтенше жағдай жарияланып, көптеген кәсіпорындар жұмысын тоқтатқанына қарамастан «ССКӨБ» АҚ өндірістік үдерісті жақсарту үшін жаңа жобаларды жүзеге асыруда. Соның бірі – қойнауына екі Эйфель мұнарасы сыйып кетер Сарыбай кенішіндегі қайта тиеу қоймасын қайта құру.
Бұдан былай кеніштегі бос жыныстар жер бетіне шығарылмай, ішкі үйіндіге төгіледі. Бұл аймақтың экологиясына оң әсер етіп, кәсіпорынның сақтау, шығару және тасымалдау шығындарын азайтады.
– Бұл жоба бізге не береді? Алдымен жүк көліктерінің жоғарыға көтерілу биіктігі 120-130 метрге төмендеді. Сонымен қатар тау жынысын тасымалдау қашықтығы шамамен бір шақырымға қысқарды. Осылайша кенішті өндіру аяқталғанға дейін 1,2 млрд теңге үнемделмек, – дейді тау-кен өндіріс кешені бөлім басшысы Александр Король.
Бүгінгі таңда қойманың көлемі 30 мың текше метр. Бұл 100-ге жуық пойыздың кенмен тиелуін қамтамасыз етеді.
Мамандардың айтуынша, Сарыбай кенішінің шығыс беткейін – 105 метр горизонтында қайта құру кен қорын 44 миллион тоннаға арттырып, кен орнының қызмет ету мерзімінің ұлғаюына әсер етеді.
Қуаныш ЕСҚАБЫЛ