«Сәлем, саған, туған ел»
Мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақов аптаны өзі айтқандай тың бастамасымен бастады. Бұл жолы басқарма үйде отырған көпшілікке түрлі салада жемісті еңбек етіп жүрген Тобыл-Торғай өңірінің талантты перзенттерімен Instagram әлеуметтік желісінде тікелей онлайн байланыс арқылы емен-жарқын әңгіме дүкен құруға мүмкіндік беретін тың жобаны қолға алған еді. Инстаграм парақшада алдын ала айтылған бұл хабарламаға оқырмандар да бей-жай қарамай, өздерінің кіммен сұхбаттасқысы келетінінін ұсынып жатты.
«Қадірлі достар! Аптаның алғашқы күнін жаңа онлайн жобамен бастағалы отырмыз! Бұған дейін хабарлағанымыздай, Қостанай облысында дүниеге келіп, бүгінде есімі елге танылған өнер қайраткерлері мен зиялы қауым өкілдерімен болатын сұхбаттар сериясына «Сәлем, саған, туған ел» деген ортақ атау бердік. Кешкі эфирде шығатын басқа да жобалардың болуына байланысты, әрі карантинде отырған көпшілікке күндіз де тұщымды дүниелер ұсыну мақсатында бастапқыда сұхбаттарымызды күндізгі уақытқа жоспарлап отырмыз.
Сіздердің өтініштеріңізге байланысты, алғашқы кездесуімізді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, «Құрмет» орденінің кавалері, Тұңғыш Президент-Елбасы қоры сыйлығының лауреаты Сүндет Байғожинмен @sundetbaigozhin өткізетін боламыз. Бүгін сағ. 16.00-де тікелей эфирге қосылып, жерлесімізбен жүздесуге асығыңыздар!» – деген үндеу тастады Facebook парақшасында Ерлан Қалмақов.
Сонымен күміс көмей әнші Сүндет Байғожин жобаның алғашқы қонағы болды. Алғашқы тікелей онлайн кездесу бүгін сәтті өтті. Көрермендер тарапынан түрлі сұрақтармен қоса ақжайма тілектер де көптеп келе бастады. Әнші каранитин кезінде немен айналысып жатқаны жөнінде, өнері жайлы әңгімелер айтты.
«Жалпы алғашқы сұхбаттан алған әсеріміз жақсы. Бастама жаман емес, ретіне қарай бастаманы жалғастыра беретін боламыз. "Инстаграмға" тіркелмеген, не болмаса өзге себептермен тікелей эфирді көре алмаған көпшілік асықпай отырып, сайттан тамашалай алады. Ертең дәл осы уақытта белгілі әнші жерлесіміз Шахаризат Сейдахметпен кездесу болады», – дейді басқарма басшысы.
Айтолқын Айқадамова