Батыр ауылының батыл істері
Аманкелді ауданына қарасты Үрпек ауылы менің туған жерім деп мақтанып қойсам да болады. Себебі мақтануға тұрарлық ауыл. Кезінде Аманкелді Имановтың көтерілісі де осы жерден бастау алған. Тарихи дерекке толы, қасиетті мекен. Бұрындары Иманов совхозы атанған еді. Батырдың туған мекенінде үнемі игі шаралар қолға алынып, өзге ауылдарда жоқ бастамалар жүзеге асып жатады. Оның бәрі де ауыл азаматтарының бірлігінің арқасында.
Жыл сайын соңғы қоңырау кешінде, мамыр айында ауыл іші ерекше күйге енеді. Неге дерсіз, себебі бұл күні білім ошағымен тек түлектер қоштасып қоймайды. Ауылға сонау 60 жыл бұрын мектеп бітірген түлектерден бастап жиналады. Көптен көріспеген достар, жерлестер мәре-сәре болып, ауыл ішін үш күн бойы мерекеге кенелтеді. Бұл жерде мектеп ұжымының еңбегін, ауыл әкімдігінің қолдауын ерекше айту кетуге болар. Әр жылғы түлектер құр қол келмей, ауылды гүлдентуге барын салып, бір пайдасын келтіріп кетеді. Міне, батыр ауылының жан-жақта жүрген ұрпақтары осындай. Ұйымшыл әрі бауырмал.
Одан қалды ауыл азаматтары арнайы қор ашып, ауылдағы зираттың жан-жағын қоршап, игі істің берекесін келтіргені де былтыр еді. Бұл да айтуға тұрарлық бастама. Ол жолы да көп іс тындырылды.
Енді биылғы жылдың жайы белгілі. Мұндай кештер бола ма, жоқ па әзірге белгісіз. Бірақ ауыл тұралап қалмады. Биыл ауыл жастары бірігіп, тағы бір істі бастаған, оны бүкіл ауыл қолдаған, сыртта жүргендері тілекші болған. Ол – ауылдағы Сарыбас қажы мешітінің жаңа кейіпке енуі.
Торғай бойынша мешіт алғашқылардың бірі болып осы Үрпекте салынған. Ол сонау 90-жылдардың басы еді. Содан бері мешіт тозды. Кіргенде іші жарқырап, көзқуантып тұрса қандай жақсы. Осыны ауыл жастары жас болса да сезіп, түсініп, заманға сай дұрыстап алсақ қалай болар екен деген ниетте болды.
– Өзім Үрпек ауылының тумасымын, қазір Қостанай қаласында тұрамын. Бұл идея алғашында інім Даниярға келген еді. Ол Нұр-Сұлтан қаласындағы медреседе бірінші курста оқиды. Сол інім ауылға демалысқа келген болатын. Ауылдың мешіті қыс бойы қаңырап тұрды. Не имам жоқ, қыс бойы жабық. Намаз оқылмайды. Ауылдағы бір-екі жігіт мешіттің ішін тазалап, қыстан кейін қарын аршып, кілемін қағуға барған болатын. Содан мешіттің мына күйі біздерді ойландырып тастады. Осыны ешкімге салмақ салмай-ақ ел болып біріксе ойдағыдай етіп жөндеп алуға болады деген ой келді. Содан ауыл ағаларына ақылдасуға бардық. Соншалықты күрделі жөндеу болмаса да ішін ақтап, жұмыстар жасайық деген ой айтып ініммен қоса Оспанов Мәди, Доспанов Жантөре, Қабдырахман Шыңғыс бірігіп ауылдағы Дархан ағаға барған, – дейді Қуанышбек Ахметбеков.
Жастардың бастамасын ел азаматтары қолдап, бірден күрделі жөндеу жүргізгеніміз дұрыс деп шешкен. Ватсап желісі, инстаграм арқылы ауыл азаматтарына видео-үндеу жолдаған. Қаржылай көмек сұрап, жан-жаққа жіберген. Қазір ақпараттың тез тарайтын кезеңі. Бірден-бірге тарап, видое-үндеу ауылдан шыққан азаматтарды бей-жай қалдырмай арнайы ашылған шотқа ақша жинала бастайды.
–Таңертең үйде отыр едім. Осы ауылдың жастары Данияр, Шыңғыс, Жантөре үшеуі орынды ойларын айтып келді. «Аға, мына мешіт құлағалы тұр, бірдеңе істемесе болмас» деп ой тастады. Шынымды айтсам, баламнан да кіші балалар келіп, үлкен істің басын айтқанда ұялдым. Содан қой болмас деп, жаныма ауыл азаматтарын ертіп алып, мешітке бардым. Шынымен де іші азып тұр екен. Сол жерде видеоға түсіріп, ватсапқа тараттық. Осылайша қолда бір тиін болмай осы іс ел болып біріккеннің арқасында басталып кетті. Мешіт аумағында жекеге тиесілі екі басты үй болды. Сол үйді Минерал деген ағамыз бір сиырға сатып алып, мешіттің ауқымын кеңейттік. Барынша көмек беріп жатқандар өте көп. Әркім қолында барын береді. Бере алмаса да тілекші екенін сеземін. Қазіргідей заманда ешкімге ренжуге тиісті емеспіз, ал қолында барымен бөліскендер аз емес. Бұл орайда ауыл азаматы Рақымбеков Білім мен ұлы Даниярдың еңбегі ерекше. Сол жерде күні түні жүреді. Ал ақшалай көмек берігендер көп қой, олардың есімін атап, түсін түстемей-ақ қойғанымыз дұрыс болар. Себебі кім қанша берсе де шын көңілімен беруде, бастысы ниет деп ойлаймын, – дейді ауыл азаматы Дархан Қонақұлы.
Осылайша ауылда ел айта жүретін құрылыс жұмыстары басталып кетті. Бұл наурыз айы болатын. Кішкентай істің жобасы кеңейіп, мешіттің іші өзгерді, сыртынан жылу қазандығы, мәйітхана салынуда. Басталғанына аз уақыт болса да біраз іс тындырылды. Барлық ауылдықтар қолдан келгенше көмек беруде. Әсіресе жастар жағы белсенді. Қол босай қалғанда бірі кірпіш қалап, бірі ағашын кесіп дегендей істі іліп әкетуде. Бастысы ауызбіршілік бар. Қазіргідей жағдайда барлық сақтық щаралары да ұмытылған емес. Мешітке көмек ретінде маска тігіп бергендер де бар. Ер азаматтардан қалыспаған ауыл келіншектері де кезекпен құрылыс басында жүргендерге түстік тамақ әкелдуе. Бұл да үлкен көмек. Енді сәтін салса ораза айына дейін мешітті ашу ойда бар екен.
– Аллаға шүкір қазір жөндеу жұмыстары жақсы жүріп жатыр. Ауыл тұрғындары, сыртта жүрген ауылдықтар барынша қаржылай көмек беруде. Интернет дамған заманда әр түрлі хабарландыру беріп жатырмыз. Қазіргі сәтте миллионнан астам ақша жиналып, заттар алынды. Мешіттің жобасы өзгеріп, қасынан жылу қазандығы, мәйітхана салынуда. Ақша жинау менің мойнымда, ол дегеніміз үлкен жауапкершілік. Әр тиынға есеп беретінім де белгілі. Мені ауыл тұрғындарының бірлігі қатты таң қалдырды, әрі сүйсіндім. Жұмысты бастағаннан күннен-ақ күніне кем дегенде 25-30 адам көмекке келеді. Бір-екі адам он күннің ішінде атқарылатын істі бір күнде істеп тастаған кездер де болды. Алла разы болсын. Содан бері күнде көмек үзілген емес. Жұмыскерлер ешқандай ақша сұрамай, бір көмегім тисе екен деп іске кірісуде. Студенттер де, оқушылар да, үлкен кісілер де барын салуда. Қаржылай көмек те ойдағыдай. Бұрындары ауылға барған сайын үлкендерден «осы мешітті бір дұрыстап алу керек еді» дегенді көп еститінмін. Міне, соның сәті енді түскендей. Елдегі қысылтаяң шақта да біздер біріге білдік. Қазір енді карантинге байланысты іс тоқтап тұр. Бірақ құрылыстың дені атқарылды, – дейді Қуаныш.
Ауылға ендігі керегі жақсы имам. Себебі қазір ауылда имам жоқ. Білімді, иманды, сауатты, ауыл тұрғындарына уағыз айтатын, жастарға білім беретін, жақсылыққа бастайтын жақсы имам болса деген ел тілегі бар. Одан қалды осы жерден имамға арнап баспана салып, арнайы ас берілетін асхана тұрғызсақ деген де жоспар бар екен. Әрине, мұның бәрі де келешекке артылған жоспар. Ең бастысы қазір әр азаматтың бойында елге, жерге деген патриоттық рухтың болғаны маңызды.
Осылайша батыр ауылы бір игі іспен мақтана алады. Бұл көп істің жалғасы еді. Бұдан бұрын да қаншама іс істеліп, сыртта жүрген ағайын туған жердің түтіні түзу шықсын деп барымен бөлісуден аянған емес. Бұл жолы да сол қалыптарынан танбады. Жасай бер, менің туған жерім, жарқырай бер Иман батырдың елі.
Айтолқын Айқадамова
Керемет. Істеріңіз берекелі болсын!!!