Төлем кімдерге тиесілі?
Қазір қоғамда «42500 теңгенің жыры» толастар емес. Жұмысы барлардың өзі «тегін ірімшіктен» дәмелі. Бірақ, жұрттың бәрі ойлағандай бұл кез келгенге үлестіріле бермейді. Мұның да өзіндік тәртібі, реті бар. Әлеуметтік көмекті ең алдымен карантинге байланысты жұмысын жоғалтқандар, немесе жұмысынан қысқарған азаматтар сияқты қиындық құрсауына іліккен кісілер алады.
Мемлекет тарапынан беріліп жатқан 42 500 теңгеге өтініш бергендердің саны облыста 20 мыңға жетті. Бұл – бір тәуліктегі көрсеткіш. Төтенше жағдай кезеңінде кірістерін жоғалтқан азаматтарға тиесілі төлемді қалай алуға болатыны туралы өткен онлайн-брифингте облыс әкімдігінің Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мамандары мен «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ филиалының өкілдері егжей-тегжейлі айтып берді.
Әлеуметтік сала мамандары әлеуметтік төлемнің ең төменгі жалақы (42 500 теңге) мөлшерінде тағайындалатындығын ескертті. Жәрдемақы үш жұмыс күні мерзімінде тағайындалады. Сондықтан, бірден үш ұйым – «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы, МӘСҚ және жергілікті жерлердегі жұмыспен қамту бөлімдері бірлесіп жұмыс атқарады. Олардың міндеті – ұсынылған құжаттардың толықтығын тексеру, үміткердің әлеуметтік сақтандыру жүйесіне, жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысу өтілін тексеру және төлем тағайындау.
Бүгінгі таңда облыс бойынша 42500 теңге алуға мүдделі 80 мың адамнан өтініш келіп түскен. Оның 60 мыңы мақұлданды. Айта кету керек, келтірілген сандардың 10% -і заңды тұлғалар.
Облыс әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Аида Құсайынованың айтуынша, өтініш берушілер ЖСН көрсеткен кезде көптеген қателіктерге бой алдырады. Мәселен, БЖТ (бірыңғай жиынтық төлем) төленгеннен кейін азаматтардың өтініші қабылданбаған. Мұндай жағдайда әлеуметтік сала өкілдері қайта өтініш беруге болатындығын айтады.
Мұны Egov (Азаматтарға арналған үкімет), TelegramBot, «42500.Еңбек.кз» сайты арқылы атқаруға болады. Ол үшін облыстың әр ауданында арнайы штаб жұмыс істейді. Оның құрамына мемлекеттік органдар, «Атамекен» Ұлттық Кәсіпкерлер палатасы және кәсіподақтар өкілдері енгізілген. Штаб мүшелері заңды тұлғалардан, жұмыс берушілерден, ірі, орта және шағын бизнес субъектілерінен түскен өтініштерді қарайды. Ал, жеке тұлғалардың өтініштері азаматтарға арналған Үкіметке түседі.
Әлібек ЫБЫРАЙ