Жұмыртқа тегін таратылуда
Қостанайлық кәсіпкер Роза Есментаева зейнеткерлерге, тұрмысы төмен отбасыларға және мүмкіндігі шектеулі жандарға тауық жұмыртқасын тегін таратуда. Ол осылайша ТЖ кезеңінде тұрғындарға жәрдем қолын созғысы келген.
Қостанай ауданының Алтын дала ауылындағы бұл дүкенді Р.Есментаева 2009 жылы ашқан. Қазіргі уақытта дүкен директоры "Тобыл" ӘКК АҚ-мен жасасқан келісім-шарт аясында облыстың тұрақтандыру қорынан белгіленген бағамен жұмыртқа әкелген. Оны ауылдықтарға тегін таратып жатыр. Әр тұтынушыға 20 дана жұмыртқадан беріледі.
Кәсіпкердің сөзінше, жалпы саны 3600 дана жұмыртқа сатып алынған. Оның тең жартысын ақысыз үлестіріп, қалған бөлігін белгіленген тұрақты бағамен сатпақ.
"Жұмыртқаны әлі екі-үш күн тегін тарату жоспарланып отыр. Бұл туралы әлі барлық тұрғын білмейді. Тіпті, мұны дүкенге келгендерге ғана бермейміз, кейбір отбасылардың үйіне жеткізіп береміз. ТЖ кезінде жергілікті жұртты қолдауға тырысамыз. Бұған дейін медициналық бетпердені тегін үлестірген едік. Оны осы ауылдың тұрғыны өзі тігеді", – дейді Роза.