Ел үшін ерте қамданамыз
Коронавирус індетінің жаппй таралуы ауыл тұрғындарын да алаңдатып отыр. Тәртіпке бағынып, сақтану ережелерін дұрыс ұстансақ, біз оны жеңе аламыз.
Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін үлкен сынақ тосып тұр. Ел Президенті Қ.Тоқаев өзінің үндеуінде көктемгі дала жұмыстарын осы айда бастап кету керек екенін айтты.
«Пестицидтер мен тыңайтқыштар, сапалы тұқым мен жанар-жағармай сатып алу үшін фермерлерге қолдау көрсетілуі тиіс. Көктемгі егіс жұмыстарын қаржыландыру көлемі 3 есеге, 170 млрд теңгеге дейін артты», – деді мемлекет басшысы. Мұндай қолдау шаралары диқандарға жұмысты жинақы әрі сапалы атқаруға мүмкінді беруі керек.
Әрине, қазіргі жағдайға байланысты аздаған мәселелер туындауы да мүмкін. Президент оны да ескеріп: «Ауыл шаруашылығы азық-түлік тауарларын жеткізушілердің көліктерін карантин енгізілген қалаларға кедергісіз өткізуді қамтамасыз ету, «жасыл» аймақтар арқылы өту үшін рұқсатнамалар жедел беру қажет», – деді.
Іске қазірден білек сыбана кірісіп, егін себуге әзірленіп жатқан жайымыз бар. Елді сапалы, жеткілікті азық-түлікпен қамту – ауыл шаруашылығы саласына артылған бір жауапкершілік. Осы жауапкершілікті жұмысты абыроймен атқару – біздің міндетіміз.
Марат Құдайқұлов,
«Қарабатыр Агрофирмасы» ЖШС директоры
«Қарабатыр Агрофирмасы» ЖШС директоры