Бәрі де халықтың қамы үшін
Президенттің бұйрығымен елдегі төтенше жағдай уақыты сәуір айының соңына дейін ұзартылды. Өз басым бұл дұрыс шешім деп есептеймін. Себебі, әлемді алаңдатқан індет біздің елімізде де күн санап көбейіп жатыр. Сондықтан, індетке қатысты жағдайды жеңілдетуге болмайды әрі мемлекет алдында тұрған бұл маңызды міндеттерді түсінуіміз қажет. Әрине, бір ай бойы үйде қамалып отырған халықты да түсінуге болады. Амал қанша, денсаулық бәрінен де маңызды, ол үшін ел болып қиын кезеңдегі шектеулерге түсіністікпен қарап, карантин режімін сақтап, оқшауланғанымыз дұрыс. Алайда, өмір болған соң күнделікті тірлігімізді де жалғастыруымызға тура келеді. Осындай қиын-қыстау кезде қарап отырмай, біз де екі аптадан бері еріктілермен бірге қаламыздағы ардагерлер мен зейнеткерлерге дәрі-дәрмектерін тасып, өзімізше қолқабыс қылып жатырмыз. Мұның бәрі уақытша қиындықтар ғой. Ел басына күн туғанда бір-біріміздің жанымыздан табылып, бір-бірімізге қолдау білдіргенге не жетсін.
Әлемді дүрліктірген індеттің біздің елімізде әріқарай өршуіне жол бермес үшін, бәріміз үйде болып, шыдамдылық танытайық ағайын!
Дүйсенғали ОСПАНОВ,
“Үміт-Надежда” қоғамдық бірлестігінің төрағасы