Басты сый – баспана
Қазақстан Республикасы Конституциясының 25 жылдық мерейтойы қарсаңында Сурдлимпиада ойындарының жүлдегерлеріне пәтер тапсырылды. «Достық үйінде» өткен салтанатты шараға облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Азамат Бегалин қатысты. Ол құттықтау сөзінде паралампиадашылардың облыс спортының дамуына сіңірген еңбегін атап өтті.
– 2017 жылы Сурдлимпиада ойындарында еліміздің құрама командасының құрамында қостанайлық спортшылар Данияр Искендіров, Қанат Қоңқабаев және Гаип Данияров үстел теннисі бойынша командалық жарыстарда қола медаль жеңіп алды. Олар 2016 жылғы Әлем чемпионатында жүлделі екінші орынға ие болған еді. Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 3 шілдедегі № 228-V ҚР заңына сәйкес Олимпиада чемпиондары мен жүлдегерлеріне жергілікті әкімдік тарапынан пәтер беріледі. Тиісінше, чемпионға үш бөлмелі пәтер, күміс медальға екі бөлмелі, қола жүлде алған спортшыға бір бөлмелі пәтер ұсынылады, – деді басқарма басшысы.
Сонымен, Данияр Искендіров, Қанат Қоңқабаев және Гаип Данияровтарға «Юбилейный» шағын ауданынан бір бөлмелі пәтердің кілттері тапсырылды. Олардың бапкері Серік Данияровқа облыс әкімінің алғыс хаты берілді. Серік Данияров 20 жылдан астам уақыт Есту қабілеті бұзылған балаларға арналған Қостанай мектеп-интернатында жұмыс істейді. Балаларды үстел теннисіне баулып, халықаралық жарыстарға дейін шығарған.
Баспаналы болған спортшыларды облыс әкімі Архимед Мұхамбетов әлеуметтік желі арқылы құттықтады.
«Спортшыларымызды жаңа баспанамен құттықтаймын! Жаңа пәтерлерде жайлылық, жылулық және спорттық жетістіктер тілеймін!» – деп жазды облыс басшысы «Инстаграм» парақшасында.
Естеріңізге салайық, XXIII Cурдлимпиада ойындары Түркияның Самсун қаласында өткен болатын. Төртжылдықтың басты ойынына есту қабілеті нашар үш мыңға жуық спортшы қатысты. Қазақстанның атынан 9 спорт түрі бойынша 50-ге жуық спортшы барды. Олар еркін және грек-рим күресі, самбо, жеңіл атлетика, жүзу, таэквондо, үстел теннисі және спорттық бағдарлама бойынша сынға түсті.