Газет жүлдесі иесін тапты
Облыстық «Қостанай таңы» газеті көптеген іс-шараларға қол ұшын созып жүр. Мәселен, басылымның бастамасымен облыс орталығында «Домбыра-думан», жыр мүшәйрәсі, қайырымдылық концерттері ұйымдастырылса, бұл жолы редакция ұжымы бокстан өткен облыстық чемпионатқа арнайы жүлде тікті. Естеріңізде болса, өткен аптада Қостанайда КСРО спорт шебері Виталий Левшинді еске алуға арналған біріншілік туралы жазғанбыз.
Үш күнге ұласқан дүбірлі додаға барлығы отызға жуық былғары қолғап шебері қатысты. Шаршы алаң шеберлері сегіз салмақ дәрежесі бойынға сынға түскенін айта кетейік.

-Жалпы, елімізде Қостанай боксының алар орны бөлек. Өздеріңізге мәлім, біздің өңірден Сеул олимпиадасының күміс жүлдегері Александр Мирошниченко, Эрик Хакимов, Рио-де-Жанейро және Лондон олимпиадасының қола жүлдегері Иван Дычко, Антон Пинчук және Жан Кособуцкий тәрізді әлем таныған былғары қолғап шеберлері шыққан. Бүгінде олардың ізін басқан жас спортшыларымыз аз емес. Мына өтіп жатқан біріншілік алда Ақтау қаласында қтетін Қазақстан чемпионатына іріктеуге мүмкіндік беріп отыр. Осы жарыста суырылып, алға озғандар облыс құрама командасының сапына ілігеді, – дейді жарыстың бас төрешісі Өзбек Қазин.




69 келі салмақта ринг төріне көтерілген жұптың арасында қостанайлық Әлихан Жақыпов жеңіске жетті. Әлихан да өзінің әпжіл соққыларымен көптің есінде қалғаны сөзсіз. Ол барлық кездесуінде айқын басымдылықпен жеңіске жетті.

-Финалда мен рудныйлық Нұрбол Бердімұратовпен жұдырықтастым. Ол өте мықты боксшы. Әсіресе, тактика жағынан да, физикалық жағынан да сауатты дайындалған. Маған бұл кездесу оңайға түскен жоқ. Тек, бапкерлерімнің айтқанын ақылын тыңдап, сол арқылы жеңіске жеттім,-дейді Әлихан. Мен бұған дейін екі кездесу өткіздім. Оның біреуін нокаутпен жеңдім.
Әлихан боксқа бес жасында келген. Содан бері талай рет халықаралық, республикалық біріншіліктердің жүлдесін еншілеген. Виталий Левшин турнирінің чемпионы атанған қостанайлық боксшы енді облыс құрама командасы сапында ел біріншілігіне аттанады.
Әлібек ЫБЫРАЙ
Суреттерді түсірген Бағдат Ахметбеков