А.Мұхамбетов: Қатаң шара қолданылады!
Қостанай облысында Төтенше жағдай режиміне қатысты 250 әкімшілік құқық бұзушылық тіркелген. Бұл туралы облыс әкімдігінде өткен жиында аймақ басшысы Архимед Мұхамбетов мәлімдеді. "Полиция қызметкерлері 250 әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады, оның ішінде сот 91 материал бойынша шешім қабылдады және 159 материал сотта қаралуда", – деді Архимед Мұхамбетов.
Жіктеп айтқанда, міндетті санитарлық-эпидемияға қарсы іс-шараларға қатысты (ҚР ӘҚБтК 476-бабының 6-тармағы бойынша) 242 құқық бұзушылық анықталып, оның ішінде сот 88 материал бойынша шешім қабылдаған. Тәртіп сақтамағандардың 18-і ескерту алса, 63 адамға әкімшілік айыппұл салынған, ал 7 азамат тұтқынға алыныпты. Мұның сыртында сотта 154 материал қаралу үстінде. Белгіленген жұмыс тәртібін бұзған, яғни 22.00-ден кейін 46 адам тұтылған. Дүкендерде маскалық режимге қайшы әрекет жасап, резеңке қолғап пайдаланбағаны үшін –125, қолды антисептиктік заттармен өңдеуге арналған санитайзердің болмағаны үшін – 53, азық-түлікті алдын ала өлшенген түрінде сатқаны үшін – 17 құқықбұзушылық тіркелген. 1 құқық бұзушылық кафеде анықталды. Онда келушілер отыратын үстелдерді орналастыру арақашықтығы сақталмаған. Аймақ басшысы баяндағандай, үй карантині тәртібін сақтамағандар да тұтылыпты.
"Тысқа шығуға тыйым салынған үй карантиніндегі тұлғалардың арасында заңға қайшы 8 дерек анықталды. Материалдар сотқа жіберілді,оның ішінде 3 материал бойынша шешім қабылданды және 5 материал қаралу барысында", – деді А.Мұхамбетов.
Облыс әкімі карантиндегі облыс тұрғындарын тәртіп сақтауға шақырды. Олай болмаған жағдайда заңмен бекітілген тәртіпте жауапкершілікке тартылатынын ескертті. Ескертпесін кәсіпкерлерге де тәптіштеп жеткізді.
"Мен кәсіпкерлерге, оның ішінде бірінші кезекте кафе, мейрамхана және көп көлемде адамдар жиналатын нысандардың қожайындарына ескерту жасаймын. Бұдан былай анағұрлым қатаң шаралар қолданылады, 15 күнге дейін қамауға алынуларыңыз мүмкін", – деді аймақ басшысы.