Бір жылда 217 ота!
Елімізде, соның ішінде біздің облысымызда дәрігер мамандардың тапшылығы азаяр емес. Медицина саласындағы оториноларинголог, яғни, қарапайым тілде ЛОР аталатын кәсіп иелері ауадай қажет қазір. Мұрын, құлақ, ауыз қуысын емдеумен қатар, асқынып кеткендерге ота жасау оңай дүние болмасы анық.
Темірбек Төремұратов – елордадағы медициналық университетте жалпы хирургия бойынша жеті жыл білім алып, артынан Мәскеудегі Ресей халықтар достығы университеті медициналық факультетінің клиникалық ординатура (оториноларингология) саласын тәмамдап келген жас маманның бірі. Бір жылдан бері Қостанай қаласындағы «Жемчужина Стомед» медициналық орталығында жұмыс істеп келеді. Мұндай мамандардың тапшы болатыны сол, Темірбек негізгі жұмысымен қатар, Қостанайдағы №5 емханада және Рудныйда қосымша еңбек етіп жүр. Әсіресе, ота жасайтын мұндай мамандар жоқтың қасы. Тіпті, бұған дейін Мәскеу жоғары оқу орнынан диплом алып жатқанда, көрші мемлекетте жұмысқа қалу жөнінде ұсыныс та болған екен, бірақ жерлесіміз туған елде қызмет ету басты арманым болды дейді:
– Мен Қазақстандағы ЛОР саласын көтерісуге аз да болса үлесімді қоссам деймін. Қазіргі кәсібім, алатын жалақым ойдағыдай, өз отбасыма жеткілікті. Күніне 20-25 патциентті қабылдаймын. Бір жылдың ішінде 217 операция жасап шықтық. Мен үшін маңыздысы – әрбір отаның сәтті аяқталуы. Наркозды ота науқастың жағдайына қарай 30 минуттан 1,5 сағатқа дейін созылады. Кейбір жүрек, қант диабеті, басқа да аурулары адамдарға жасалатын операция көп уақыт алады. Бір жыл еңбек етсем де, қазір әйтеуір науқастардың көбі өздері естіп, маған келіп жатыр, – деді жас дәрігер.
Қазақстанда оториноларингология бағыты бойынша радиохирургиялық классикалық отаны Алматыдан кейін біздің Қостанайда Темірбек Серікбайұлы ғана жасап келеді. Қазір операциялардың жартысы осындай жоғары жиілік дірілді радиотолқынды тәсілге көшкен. Яғни, пациент отадан кейін 15-20 минут өткен соң үйіне бара береді де, амбулаториялық бақылауда болады.
2020 жылы «Жемчужина Стомед» медициналық орталығы басшылығы құны 10 миллион теңге тұратын эндоскопиялық аппарат сатып алуды жоспарлап отыр екен. Ал Темірбек Мәскеуде РФ Президентінің іс басқару ауруханасында дәл осы эндоскопиялық хирургияны оқып шығыпты. Алдағы жылдың сәуір айында Мәскеуге тағы бір аптаға барып, самай сүйек хирургиясы негізінде біліктілігін жетілдіріп келмек. Медицина дамып, құрал-жабдық жаңарған сайын маман да соның көшімен білімін жетілдіріп отыру керек дейді ол.
Қыдырбек ҚИЫСХАНҰЛЫ
Суреттерді түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ