Бәрі де халықтың қамы үшін
Әлемді дүрліктіріп жатқан коронавирус індетінің зардабын біздің еліміз де тартып отыр. Елімізде күн санап дертті жұқтырғандар қатары артып барады. Қазіргі төтенше жағдайда билік басындағылар да, дәрігерлер де қолдан келгенше барынша күресіп жатыр.
Бұл жағдайдың қазақстандықтардың қалтасына да ауыр соққы болғаны рас. Төтенше жағдайды пайдаланып, сатушылар да бәрінің бағасын аспаннан бірақ шығарды. Қазір қымбаттамаған не қалды, өзі? Баға күннен күнге өсіп жатыр. Осыны ескерген Президентіміз де кеше ғана қазақстандықтарға өз үндеуін жариялады. “Төтенше жағдай режимінің қашанда экономикалық және әлеуметтік салдары болады. Біз үшін азаматтардың денсаулығымен қатар, олардың өз табысынан айырылмауы да маңызды” деген ел президенті қазіргі инфляцияның артуына байланысты төтенше жағдай уақытында зейнетақы, мемлекеттік жәрдемақы және атаулы әлеуметтік көмек мөлшерінің 10 пайызға көбейетіндігін айтты. Өзі жабырқап, еңсесі түсіп отырған халыққа бұл үлкен демеу болары сөзсіз. Сондай-ақ, табысынан айырылған азаматтарға ең төменгі жалақы мөлшерінде қолдау көрсетілетіндігін, әрі 42 500 теңге көлеміндегі осы көмекті алатын азаматтардың санатын кеңейтуді тапсырды. Сонымен қатар, Президент азық-түлік тегін алатын азаматтардың санын арттыруды да айтты. Осының арқасында қазіргі төтенше жағдай кезінде тұрмысқа қажетті заттар мен азық-түлікті тегін алатын азаматтардың қатары көбеймек. Бір қуанарлығы, мұндай көмекті мүгедектер және жұмыссыз ретінде тіркелген азаматтар да иеленеді екен…
Ең бастысы, бәріне сабырлық танытып, үйден шықпай, індеттің одан әрі ушығып кетуіне жол бермейік. Себебі, әлі де сезінбей, үйден үйге, ауылдан ауылға шауып, ел кезіп жүргендер жетіп артылады. Жалпы, карантинді жайдан жай жариялаған жоқ қой. Біз сияқты зейнет жасындағы әжелер осындай қысылтаяң уақытта үйде қалып, немерелерімізді бағып, жұмыста жүрген балаларымыз бен келіндерімізге жәрдемімізді тигізіп, қолдау білдірейік. Бас аман болса, бәрі де болады. Сондықтан, мұның бәрін уақытша қиындықтар деп түсінейік. Алла елімізге тыныштық, халқымызға амандық берсін!
Бақытжамал ҒАБПАСҚЫЗЫ, зейнеткер
Қостанай қаласы