Азамат Сатыбалды: «Өнерді үлкен реформа күтіп тұр»
27 наурыз – халықаралық театр күні. Қазіргі Қазақстандағы театрдың жалпы беталысы қалай? Бағытымыз қандай болу керек? Не жетіспей жатыр? Кімнен үйренеміз?..
Тізе берсек, сұрақ көп. Осы орайда өңірімізге арнайы келген Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының директоры, белгілі театр және кино актері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, тележүргізуші, продюсер Азамат Сатыбалды аз-кем сауалымызға жауап берді.
– Азамат мырза, біздің театр өнері кешегі кеңестік дәуірдің жүйесінен әлі шыға қойған жоқ. Дегенмен батыстық, яғни, еуропалық көшке ілесу қажеттігі туралы өзіңіз жиі айтып келесіз. Тіпті, оны өз қойылымдарыңыз арқылы да көрсетіп жүрсіз.
– «Қойылым мектебінен», одан соң өзіміз театр қайраткері әрі педагог Константин Станиславскийдің жүйесі бойынша «күйзеліс мектебінен» өттік. Бірақ қазір осылар қалып барады да, сахнаның үсті интуитивті, яғни, түйсікпен ойнау болып кетті. Әлемдік үлкен сахналар интуиция жолында. Онда «ойнау», «сомдау» деген ұғым жоқ, «өмір сүру» деген ұғым келді. Интуициямен ойнау керек. Ресейдің халық әртісі Владимир Машковты АҚШ-қа киноға түсуге шақырған ғой. Әлгі фильмдегі басты рольдің бірінде әлемдік киножұлдыз Роберт Де Ниро бар екен. Ал Машков «Голливудқа киноға түсудің нағыз сойқанын көрсетем» деп барғанда не болғанын білесіз бе? Фильм түсірілімінің алғашқы күнінен-ақ ресейлік майталман ештеңе өндіре алмай, режиссерден қайта-қайта ескерту ала берген ғой. Өзі де мазасыздана бастайды. Сол сәтте Де Ниро келіп, «Володя, жүйеге кіріп кете бермей, түйсікпен ойнасаңшы» деген екен. Міне, сонда барып ол өзі оқыған мектеп пен Батыс театр, кино мектебінің ара-жігі алшақ, мүлдем өзге екеніне көз жеткіздім деп ағынан жарылды бір сұқбатында.
Қалай айтсақ та, театр – энегрия. Егер актерден тер шықпаса, ол көрерменге жетпейді. Алдыңдағы жұртшылық сенімен бірге қуанып, бірге қайғырып, өзің қандай эмоцияда болсаң, көрерменің де сондай көңіл-күйде болу керек қой.
– Интуициямен ойнауға болады. Сіз я режиссер бол, я актер бол, оған қарым-қабілетіңіз жетеді. Бірақ мұндай бетбұрыс әлеуметтік тақырыптардағы қойылымдарды көріп үйреніп қалған көрермендерімізге жете қоя ма?
– Рас, біз көрерменнің жетегінде кетіп қалдық. Көрермен қандай шығарма күтеді, соны сахналайтын заманға жеттік. Ал өзіміз қалаған спектакльді ойнап жатсақ, оны түсінбей, екіге жарылып жататын кездер болады. Сын естіп қаламыз. Болмаса біздің өзімізден келіп сұрап жатады. Егер залдағы отырғандардың ыңғайына қарай қойылым ойнай берсең, түбінде қуыршақ болып шығасың. Сол себепті, сценарийшілер де, режиссер де батыл, өзінің интуициясындағы туындыларды ұсына беруден қорықпау керек. Оған мына «Годоны күте-күте» дәлел. Дамыған мемлекеттерде ондай жоқ. Қойылымды түсінбедің бе, оны ертең келіп тағы бір мәрте қарап шығасың. Біздің белгілі режиссеріміз Болат Атабаев Жапонияда спектакль көріп, өзегін ұғына алмаған ғой. Спектакль біткен соң режиссерге түсінбей қалғанын айтса, «түсінбесеңіз, ертең келіп қайта қараңыз» депті. Мен Мәскеуде «Фэст» театрында болдым. Сол өнер ордасында бес көрермен залы бар екен. Тіпті, зал жетіспегендіктен, декоративті цехты 100 адамдық зал етіп жасап жіберген. Мен әлгі театрдың басшылығымен сөйлесіп отырып, «Мына залдарды қалай толтырып жатырсыздар? Әкімшілеріңіз көрермен жинау жағынан қалай жұмыс істейді?» деп сұрасам, «Бізде әкімші жоқ, көрермен өзі келеді, зал толады» деді ғой. Ұялғаным сонда. Біздің Қазақстанда көрерменнің жоқтығы үлкен проблема. Айталық, дерек бойынша, бір Алматыға күніне 1,2 миллион адам кіріп-шығады екен. Сол миллионнан асатын адамның 500-і театрға келе ме?
– Сонда көрермен өз ықтиярымен театрға келу үшін не істемек керек?
– Қазір бір театрды басқарып отырмын. Жеке театрым да («28 театры») бар. Режиссер болмаса театр болмайтынын түсіндім. Өнер ұжымының басшысы болған соң қандай бағытта дамуымыз керек, қай жерде ақсап жатырмыз деп мониторинг жасадым. 68 театр бар Қазақстанда. Олардың көбі Фархад Молдағали, Данияр Базарқұлов, Дина Құнанбай бастаған режиссерлермен жұмыс істегісі келеді. Сол себепті, өз басыма мынадай ой келді. Маған салса, театрға режиссерді штатқа емес, келісім-шартпен алар едім. Еуропада, тіпті, Ресейде де сол жүйеге көшіп кеткен. Спектакльдің аншлагпен өтуіне режиссер жауапты. Міне, сонда ғана көрермен жинайтын жағдайға жетеміз. Футболда бас бапкерді белгілі бір мерзімге шақырмай ма? Ойының жүрсе, беделің де өсе береді әрі басқа клубтардың қызығушылығы арта түседі. Құдайға шүкір, қазір Қазақстанда дарынды жас режиссерлердің толқыны бар. Дұрысы, сол жаңа буынның талантын одан әрі ұштауымыз керек. Сонда ғана өсеміз. Керек кезде Батыстан ұрлау керек. Біздердің театрға ғылым ретінде қарайтын кезіміз жетті. Мықты жоспар, тастай пьеса, жаңашыл режиссер болған жағдайда ғана өседі. Ол үшін төрт-бес жылға стратегия қажет.
– Әрине, талап күшейеді, режиссердің де, актердің де жауапкершілігі артады.
– Мынаны айтайын. Өзім Лондонда ағылшын театрларынан «Лир патшаны», «Опера елесін», басқа да туындыларды көрдім. Олардың деңгейі әлдеқайда өсіп кеткен. Айталық, екі жарым сағаттық «Опера елесі» қойылымы кезінде бірде-бір актер жарықтан шығып кеткен жоқ. Біреуі де өз бағытынан ауытқыған жоқ. Біздің театрлармен салыстыруға келмейді. Артынан сұрастырдым, сөйтсем оларда режиссерді былай қойғанда, әрбір актермен келісім-шарт жасасып қояды екен. Егер сахнагер өз ролі кезінде жарыққа дұрыс тұрмаса немесе сөзден жаңылысса – айыппұл. Болды. Одан кейін өз репутацияң үшін жанталаспай көр. Тағы бір жаңалық – көрермен арасынан актерлерге қатысты сауалнама жүргізілетіні. Қай актер көп дауыс жинайды – оның рейтингі көтерілгенімен қоса, бонус ретінде айлығы да өседі.
– Демек, біздің елде де осы тәжірибені енгізуге болады ғой?
– Актерлер құрамының сапасын, қойылым деңгейін көтеру үшін реформа қажет. Мынаны айтайын, бір өнер ұжымында 60, 70, 80, 90 актер болады делік (бұл жерде мен мегаполистердегі театрларды айтып отырмын). Олардың ішінен біреуі айына 10, 15, 20 рет басты ролдермен, ал екіншісі бір, екі-ақ рет сахнаға шығуы мүмкін әрі айтатыны бір-екі-ақ сөйлем. Ал сол өліп-талып басты роль ойнаған мен сахнада бір көрініп кеткен екеуінің алатын жалақысы бірдей. Әділеттілік қайда? Оқу орындарында ұстаздар жүктемеге, сағатқа сәйкес жалақы алмай ма, ал бізге ондай жүйені неге енгізбеске? Батыс елдерінде, тіпті, ресейлік театрларда актерлер аз, масса кезінде өнер оқуының студенттерін келісіммен шақырып алады. Мен қазір осы мәселе жайында көтергім келіп жүр. Ерте ме, кеш пе, түбінде бәрібір сол жүйеге көшеміз.
– С.Беккеттің «Годоны күте-күте» туындысы Қазақстандағы қазақ театрларында бұрын-соңды қойылмаған екен. Өздеріңіз Қостанайға келіп, оның премьерасын тамашалап шықтыңыздар. Осы жолы қандай өзгешелік, тың дүние көрдіңіздер?
– Ілекең атындағы өнер ұжымы көп театрлардың жүрегі дауалай бермейтін өте батыл қадамға барып отыр. Материал өте күрделі. Көбі түсіне бермейді. Көрермен жеңіл түсінуге болатын шығармаларға үйреніп қалған. Бізде жаңа леп, жаңа толқын пайда болды. Жігіттерге разы болдым. Мен үшін бұл жолы Төлендінің (Әлғожа) сахнадағы образ беруі үлкен жаңалық болды. Разы болып бара жатырмын. Әр роль – әртістің туған баласындай ғой, Төленді де өз жауапкершілішгін жоғары деңгейде алып шықты. Режиссер Мекан Жұмабаевқа (Түркіменстан) да мың алғыс! Осы спектакльмен үлкен фестивальдерге қатысуға мүмкіндік бар.
– Сонда спектакльдер де фестивальге «қатысуға болатын» және «қатысуға болмайтын» болып бөліне ме?
– Жоқ. Бір үлкен өнер қайраткері: «Сапалы» немесе «сапасыз» спектакль болады. Тек қойылымның жанры фестиваль жанрына жақын болу керек» деген еді. Сол себепті, театрлар арасында «фестивальдік спектакль» ұғымы осыдан қалыптасып қалған. Мысалы, Беккеттің шығармасы («Годаны күте-күте») фестиваль жанрына жақын.
– Азамат мырза, өңіріміздегі өнердің қарашаңырағы І.Омаров атындағы қазақ драма театрының биылғы 20 жылдығы қарсаңында Асхат Маемиров, Берік Айтжанов бастаған қайраткерлер келіп отырсыздар. Былай қарағанда, сонау Нұр-Сұлтаннан, Алматыдан бір спектакльдің премьерасын көру үшін ғана келмеген шығарсыздар. Біздің театрымызбен бұдан әрі әріптестік байланыстарыңыз қалай жалғаспақ?
– Ілекең театрына өзімізбен бірге оқыған досымыз, осы ұжым құрылған күннен бастап ыстығына күйіп, суығына тоңып келе жатқан Әлімхан Мырзаханның келуі үлкен серпін әкелетініне сенімдіміз. Әрине, өзім де сонау 2000 жылы осы өнер ордасында кәсіби қызметімді бастадым. Мен үшін қанат қағып ұшқан Қостанайым өте ыстық. Сол себепті, бұл өңірмен бұған дейін де ара-байланысымыз үзілген жоқ, әрі қарай да тығыз жұмыс істей береміз. Біз театрдың 20 жылда өскенін көріп марқайып барамыз. Дегенмен алдағы уақытта театр басшылығына бір-екі ай сайын бір адамнан Алматыға тәжірибе жинап, тренингтерге қатысып тұруға жіберуін сұрап отырмыз. Әртіс деген үлкен ортаға көп шығып отыру керек. Әлімхан досымыз да шығынды толық көтеріп, қыз-жігіттерді бізге жіберіп тұруға келісіп отыр.
Сұқбаттасқан Қыдырбек ҚИЫСХАНҰЛЫ.