РЕСМИ АҚПАРАТҚА ЖҮГІНІҢІЗ

Қостанай облысында аймақ басшысы Архимед Мұхамбетовтың төрағалығымен арнайы ақпараттық штаб құрылғаны мәлім. Халықты індеттің таралуы, алдын алу жұмыстарымен таныстыруды көздеген  штаб жұмысымен облыс әкімдігінің Ішкі саясат басқармасы айналысуда. Штаб жұмысының қыр-сырын білу мақсатында, Ішкі саясат басқармасының басшысы Зәуре Байменованы сөзге тартқан едік.

287af9555e20efd6fc1d0ca0bfcbc45a

Зәуре Әнуарбекқызы, коронавирустық инфекцияның алдын алып, тұрғындарға тек ресми ақпарат тарату мақсатында облыста қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр?

– Қостанай облысында аймақ басшысы А.Мұхамбетовтың төрағалығымен арнайы ақпараттық штаб құрылды. Онымен облыс әкімдігінің ішкі саясат басқармасы айналысатын болады. Ақпараттық штаб БАҚ, әлеуметтік желілер, мессенджерлер арқылы ресми жедел, өзекті ақпаратты ұсынуды қолға алды. Сонымен қатар, халықты толғандыратын мәселелерді, сондай-ақ арандатушылық ақпаратты анықтау мақсатында БАҚ және әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізілуде.

Қазіргі таңда ақпараттың дені әлеуметтік желі арқылы таралуда. Бұл бағытта қандай жұмыс жүргізілуде?

– Облыс тұрғындарымен кері байланыс орнату мақсатында телеграмм-чатта бірыңғай желі құрылды. 24/7 тәртібінде қостанайлықтардан келіп түскен барлық сұрақтарға жедел жауап беріледі. Облыстың әр тұрғыны "Қостанай облысының ақпараттық чат" телеграмм-арнасына жазыла алады және онда өзін алаңдатқан мәселелерге қатысты сұрақтарын қоя алады.

Төтенше жағдай тәртібінде барлық көңіл көтеру орындарына белгілі бір талаптар қойылған. Олардың сақталуына бақылау жүргізіліп жатыр ма?  

– Төтенше жағдай режимінде кафелердің, дүкендердің, сауда орталықтарының, қоғамдық мекемелер мен көлік жұмысына біршама шектеу қойылды. Талапқа бәрі де бағынуы тиіс! Ел Президенті Қ.Тоқаевтың заң бұзушыларға қатысты қатаң санкцияларға көшу туралы тапсырмасын орындау барысында мемлекеттік органдар талаптардың сақталуына күнделікті мониторинг жүргізеді. Тәртіпті бұзу фактілері анықталған жағдайда, болашақта мұндай кемшіліктердің алдын алу мақсатында БАҚ-та бұл туралы кеңінен жарияланатын болады.

Мысалы, тексеру барысында 24 наурызда Қостанай қ. Баймағамбетов к-сі 148, Баймағамбетов к-сі 235 және Дощанов к-сі 9 мекенжайларындағы көңіл көтеру орындарында шектеу талаптарының орындалмағаны белгілі болды. Әкімшілік құқықты бұзғандар "Әкімшілік құқық туралы" кодекстің 476-бабына сәйкес, төтенше жағдай режимін бұзу бойынша 10 АЕК-ке дейін немесе 15 тәулікке дейін қамауға алынуы тиіс.

Төтенше жағдайлар  жағдайында жалған ақпаратты тарататындарға қандай шара қолданылмақ?

– Мұндай мәліметтерді таратқандардың жазасыз қалмайтынын айта кеткен жөн. ТЖ жағдайында жасалған қылмыстық құқық бұзушылықтар үшін неғұрлым қатаң жаза көзделген. Мысалы, ҚР Қылмыстық кодексінің 274-бабының 4-бөлігіне сәйкес көрінеу жалған ақпарат таратқандар үшін 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан шектеу немесе айыру жазасы қаралған.

 Мен тағы да облыс тұрғындарын дүрбелең тудырмауға және тек ресми ақпаратқа сенуге шақырамын. Біздің барлығымызға үрейлі ақпараттың мәселені жеңе алмайтынын, тек жағдайды ушықтыратынын ұғыну қажет. Сондықтан тыныштықты, барлық медициналық ұсыныстарды сақтау маңызды.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓