Азық бағасы айрықша назарда

Елімізде COVID-19 індетіне байланысты азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғау мақсатында төтенше жағдай енгізілді. Осыған орай аймағымызда сақтық, қауіпсіздік шараларымен қатар, азық-түлік бағасын тұрақты ұстап тұру, оны негізсіз өсіру қатаң қадағалауға алынбақ. Бұл мәселе өңір әкімдігінің жанындағы шұғыл әрекет ету штабының кезекті селекторлық жиынына арқау болды.IMG_0126
Қостанай облысы ең қажетті тағам өнімдерін өзі шығаратын аймақ болса да, кейбір кәсіпорындар, сауда нүктелері бағаны қолдан өсіріп отыр. Айталық, әлеуметтік маңызы бар тағамның 19 түрінен тек қант пен тауық еті сырттан әкелінеді.
– Аталған 19 тағам түрінің 18-інің бағасы республиканың орташа бағасынан төмен. Тек күнбағыс майының 1 литрі 428 теңге (республикада – 422 теңге). Нан, картоп, қарақұмық жармасы, сәбіз, қант, жұмыртқа бағасы анағұрлым төмен. Тауық еті белгіленген 15%-дық бағадан артып кетіп, 16,4%-ға жетіп отыр. Бұған Ресей рублі мен АҚШ долларының қымбаттауы себеп, – деді облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Жансұлтан Тәукенов.IMG_0119
Қазіргі таңда жекелеген аудан-қала әкімдіктері бағаны бақылауда ұстай алмай жатыр. Әулиекөл ауданында 1 сортты ұн 118 теңгеден сатылса, Меңдіқара мен Қостанай аудандарында керісінше, 100 теңгеден. 1 сортты нан аймақ бойынша 83 теңгені ұстап тұрса, Жітіқара өңірінде ол небары 75 теңгеден.
– 10 нарыз күнгі жағдай бойынша Қамысты ауданында картоп келісі 87 теңгеден (облыстағы баға 83 теңге) саудаланып жатса, Меңдіқара өңірінде ол 70 теңгені құрады. 82 теңгенің сәбізін Жітіқара мен Ұзынкөлде 90 теңгеге шарықтатып жіберген, ал Қостанай ауданында керісінше, 78 теңге. Орташа 90 теңгенің қырыққабаты Әулиекөл ауданында 105, қалған өңірлерде 80 мен 101 теңгенің аралығында. Жуа келісі 78 теңгеден болса, Қарасу мен Ұзынкөл 85-ке қымбаттатып жіберген. Тек Қостанай мен Меңдіқара аймақтары оны 70 теңгеден арзан саудалап жатыр. Сиыр еті бағасының өскені аңғарылады. 1316 теңге қызылды Денисов өңірінде 1370-тен, ал Сарыкөл ауданында керісінше, 1250 теңгеден сатылуда, – деді Ж.Тәукенов.
Қазір өңір қоймалары мен сауда орындарында 64 мың тоннадан астам, ал аймақтық тұрақтандыру қорында 6,6 мың тонна азық қоры бар. Тұрақтандыру қорына 1,3 млрд-тан астам теңгеге тағам сатып алынған. Ендігі жерде бағаны шарықтатпай, тұрақты ұстап отыру басты міндет. Бұл жөнінде жергілікті атқарушы билік, бәсекелестікті қорғау және дамыту жөніндегі жауапты орган, тауар өндірушілер мен сауда орындары басшылары арасында бірлескен кеңестер өткізіліп келеді. Жыл басынан бері аймақта 66 жәрмеңке өткізіліп, нарықтағы бағадан 451 тонна өнім 15-20%-ға төмендетілген бағада сатылды.
Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту жөніндегі Комитеттің өңірдегі департаментіне бағаның өсуіне қатысты жаза қолдануы жайында ұдайы хабарлап отырғанмен, департамент тарапынан нақты шара болмай тұр екен. Аймақ басшысы аталған мекеме басшысы Жанар Адиковаға әсіресе, бүгінгідей жағдайда ешқандай шара қолданбағаны үшін Үкімет тарапынан атқарып отырған лауазымына қатысты мәселе көтеретінін ескертті.
– Тобыл қаласындағы жеке кәсіпкер Мирзоев тұрақтандыру қорынан арзан бағаға жұмыртқа сатып алып, оны «Эмма» дүкенінде қымбатқа саудалаған. Мұндай жүгенсіздікке жол бермеу керек. Өзім «Апельсин», «Раузет» супермаркеттеріндегі бағаны көрдім, жәрмеңкеде болдым, тұрақты, азық қоры бар. «Асалия» ЖШС-інде болдым, ұн қоры жеткілікті. Тұрғындар тарапынан дүрлігу, байбалам жоқ. Баға мәселесі қатаң бақылауда болу керек. Сылбырлық танытқан аудан-қала басшылары жағдайды қолға алсын. Нан бағасын кем дегенде, 3-4 ай, тіпті, жаңа орақ науқанына дейін ұстап тұруымыз қажет, – деді аймақ басшысы Архимед Мұхамбетов.   
2019 жылдан тұрақтандыру қоры механизмдерін жүзеге асыру ережесіне өзгерістер енгізілген. Сол себепті, «Тобыл» ӘКК» АҚ жауапкершілігі мен функциялары артып отыр. Атап айтқанда, бағаға сараптама жүргізу мен мониторинг, тауарлық  интервенцияны өз бетінше жүзеге асыратын болады. Осыған орай «Тобыл» ӘКК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Қайрат Оспанов кәсіпорынның штаттық жұмыс орнын 5 адамға көбейтіп, жеке құрылымдық бөлім ашу туралы ұсынысын жеткізді. Облыс әкімі бұл өзгерісті жауапты орынбасарына жүктеді.IMG_0257
Төтенше жарияланған мерзімде барлық мекемелер сақтық шараларына аса мән беру керек: ғимараттарды желдетіп отыру, дизинфекциялар жасау, жеке гигиенаны ұстанып, тұмылдырықпен жүру, жалған ақпарат таратуға, дүрлігуге, медицина қызметінен жалтарғандарға жол бермеу, карантин тәртібін бұзбау. Мемлекеттік орган қызметкерлері жиналыстарды азайтып, іссапарларға шықпау, азаматтарды жеке қабылдауды тоқтату, интернет арқылы видеоконференция түріне және телефон байланысына көшу, хабарламаларды БАҚ және әлеуметтік желілер арқылы тарату, қаржылық және құпия құжаттар мен Президент әкімшілігінен басқа құжат айналымына шектеу қою. Бұл – аймақ басшысының қатаң тапсырмасы. Бұл – халықтың қауіпсіздігі үшін қажетті шара.
 
Қыдырбек ҚИЫСХАНҰЛЫ

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓