Қамысты ауданында “Жолдағы қабылдау” өтті

"Жолда қабылдау" акциясы биыл облыста үшінші рет өткізіліп отыр. Ауданға халықтың тәртіп сақшыларына сенімін арттыру, жолда жүру қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында техникалық қадағалау, емтихан қабылдау және алдын алу жұмысына жауапты қызметкерлер келді. Жол-патруль полицейлері осындай акцияны Денисов және Жітіқара аудандарында да ұйымдастырған болатын.
Әкімшілік полиция делегациясы жергілікті ішкі істер бөлімінде болды. ІІБ бастығы Серік Нұртаев екі жылда атқарылған жұмыстар туралы баяндап берді. Полиция бөлімінде күрделі жөндеу жасалып, спорт кешенін салу жоспарлануда. Мұнда жиырмадан астам экспонат қойылған шағын мұражай да бар. "Біздің мұражайдағы экспонаттар 1957 жылдан бері жиналған. Жаңадан қызметке келген жастар даңқ бұрышына келіп, ауданның таңдаулы тәртіп сақшылары және ардагерлерімен, поли-цияның тарихымен танысады", – дейді АІІБ бастығының кадр жұмысы жөніндегі орынбасары Қайрат Хасенов.
Жалпы, Қамысты ауданында өткен қабылдау кезінде әкімшілік полиция қызметкерлері жиырмадан астам адамға құқықтық көмек көрсетті. Сауалнама жүргізіп, жүргізушілерді алаңдатқан мәселелерді білді. Сондай-ақ қабылдауда ауданның он таңдаулы жүргізушісі мен аудандық аурухананың дәрігері Юрий Логачев Құрмет грамотасымен марапатталды.
Тәртіп сақшылары осындай іс-шаралар облыс жолдарында тәртіп орнатып, халықтың полиция қызметіне сенімін арттыра түседі деп үміттенеді.
Мнауара
ҚАБДРАХМЕТОВА