Қырағы камера – қауіпсіздік кепілі
Рудный қаласының аумағында орнатылған 29 бейнебақылау камерасының арқасында былтыр 7 мыңнан астам құқықбұзушылықтың жолы кесіліп, заңды белшесінен басқандар қазынаға 60 млн теңге айыппұл төледі. Сонымен қатар дер кезінде қабылданған шаралардың нәтижесінде 13 қылмыстың беті ашылды.
Биыл «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының аясында шаһарда алты «Ураган» ақпараттық-бағдарламалық кешенін орнату жоспарда бар. Олар қаланың барлық кіреберіс қақпасы мен өндірістік аумақтағы қауіпсіздікті қамтамасыз ететін болады.
Ішкі істер басқармасы учаскелік полиция пункттерінің маңында тағы 9 бақылау камерасын іске қоспақ. Мұндағы ақпарат бір мезгілде Жедел басқару орталығы мен учаскелік полицейлерге таратылатын болады.
Қала билігі қолға алынған шаралар тұрғындардың қауіпсіздігін арттырып қана қоймай, қылмыстың да азаюына сеп болатындығына сенімді.
Қуаныш ЕСҚАБЫЛ