Қоқыс төгудің де әдебі бар
Өңірімізде жылына 250 мың тонна тұрмыстық қатты қалдық (ТҚҚ) қоқыс полигондарына төгіледі. Еліміздің «жасыл экономикаға» көшу концепциясын жүзеге асыру мақсатында Қостанай облысы жоспарға қойылған 40%-ды 41,7% етіп артығымен орындаған. Жыл басындағы есеп бойынша өңірімізде қалдық төгілетін 266 алаң бар, оның 111-і ғана заңды талаптарға сай келеді. Осы және ТҚҚ алаңдарын қалыпқа келтіру, олқылықтарды жою мәселесі жөнінде аймақ басшысының орынбасары Сергей Карплюк облыс әкімдігінде өткен кеңейтілген жиында баяндады.
Қазіргі таңда қоқысты қайта өңдеу мен жою күн тәртібіндегі мәселе. Біздің өңіріміз бұл жағынан 10,1% көрсеткіште тұр. Оған қалдықтарды реттеу жөніндегі Жол картасы, утилизациялау мен қайта өңдеу кешенді шаралары, сондай-ақ шағын және орта бизнестің қатысуы нәтижесінде қол жеткізіп отыр. Концепцияның басты міндеті – қоқыс төгілген аумақты қалдықтар көлемін азайту есебінен ластауға жол бермеу.
– Былтыр 40 ауылдық округті оңтайландыру-біріктіру нәтижесінде қоқыс полигондарының саны 306-дан 266-ға қысқарды. 2019 жылы 22 полигонды санитарлық-эпидемиологиялық талапқа сәйкестендіру жөнінен жұмыстар жүргізілді. Оған 12,5 млн теңге жұмсалды. Жоғарыда айтылған 266 қоқыс полигонының 75-інің қоршаған ортаға эмиссиялау (шығару) рұқсаты жоқ. Аудандар бойынша: Әулиекөлде – 12, Жангелдинде – 8, Денисовте – 2, жітіқарада – 4 , Қарабалықта – 1 , Қостанайда – 1, Науырзымда – 8, Б.Майлинде – 28, Ұзынкөлде – 11. Экологиялық жоба мен сараптама өткізуге орташа 3 ай уақыт қажет. Сол себепті, аталған аудандардың әкімдіктері қоқыс полигоны иелерімен бірлесіп, алдағы 10 шілдеге дейін жағдайды реттеу керек, – деді С.Карплюк.
Аймағымызда 2018 жылдан бері облыс орталығынан радиусы 50 шақырым аумаққа «Ғарыш Сапары» АҚ рұқсат етілмеген қоқысқа мониторинг жүргізу мақсатында ғарыштан түсірілім жасап келеді. Тек былтыр Қостанай, Рудный қалалар мен Алтынсарин, Қостанай, Федоров, Меңдіқара, Б.Майлин аудандарында рұқсат етілмеген 313 ТҚҚ төгу дерегі тіркеліпті. Аталған өңірлердің жергілікті әкімдіктеріне ескерту жасалғанмен, тек 155-і ғана жойылған. Облыстық экология департаменті Қостанай, Рудный қалалары мен 26 ауылдық округ әкімдігінің жауапты тұлғаларын жауапқа тартқан екен.
2019 жылдан ҚР Экология кодексіне сәйкес пластмасса, платик, полиэтилен, макулатура, картон, қираған әйнек қағаздарын қоқысқа төгуге тыйым салынған. Сол себепті, аймағымыздың 26 елді мекенінде оларды сұрыптау алаңдары жұмыс істеуде. Биыл да Жітіқарадағы «Соцсервис» ЖШС полигонында қоқыс сұрыптау желісі іске қосылмақ екен. Жоба құны – 20 млн теңге.
Қостанайда 2010 жылы негізі қаланған «Тоқылмаған материалдар фабрикасы» S.M.F.-System» ЖШС Қазақстанда құрылыс индустриясына арналған геосинтетикалық инновациялық материалдар шығаратын алдыңғы қатарлы кәсіпорын. Қоқыс қалдықтарын сұрыптаудан өткізіп, қайта өңдегенімен қоса, құрылыс, тұрмыстық, су жүйесі қажеттіліктеріне жаратып келе жатыр. Қазіргі таңда жол, ұшу жолағына арналған геосүзгі, геошілтір, геотоқыма, геомембрана, полиэтилен құбырларын шығарумен айналысады. Пластик қалдықтарынан қайта өңделетін бұлардың барлығы ұзақ жылға шыдамды әрі ең бастысы, экологиялық таза өнім болып саналады. Компанияда қазір 3 цех жұмыс істеп тұр. Былтыр түрлі диаметрлі полиэтилен қаптамалы трубалар өндірісі іске қосылды. Мұндай өнеркәсіп бізден бөлек Қарағандыда ғана бар. Ал 2018 жылы «Тоқылмаған материалдар фабрикасы» S.M.F.-System» мен «Руслана и З» серіктестіктері жылына 40 мың тонна қоқыс сұрыптау кешені жобасын (Тобыл қаласының сырты) жүзеге асырды. Алайда сол 300 млн теңге өз қаражатына салынып, 50 адамға жұмыс орнын ашқан кәсіпорынның түйткілдері де жоқ емес.
– Қоқыс сұрыптау цехында жұмыс күші жетіспейді. Ондағы жалақы 150 мың теңге. Пластик қалдықтарын қайта өңдеу циклы да толық емес. Бұдан бөлек, қазақстандық өндірушілерге салық заңнамасы тұрғысынан қолдау қажет. Биыл өндіріс көлемін арттырып, Eco City KZ жобасын аяқтау үшін қосымша құрал-жабдық сатып алу керек. Бұған жергілікті билік тарапынан көмек сұраймыз. Жалпы инвестициялауға 120 млн теңге қажет. Мұның сыртында жұмысшыларымызға тұрғын үй салуға бос жер телімін сұрасақ дейміз, – деді «Тоқылмаған материалдар фабрикасы» S.M.F.-System» ЖШС бас директоры Марат Садуақасов.
Қазір аймағымызда қалдық заттарды қайта өңдеумен айналысатын 6 кәсіпорын бар. Олар оннан аса дайын өнім шығарып келеді. Алайда бұл аздық етеді, кемінде 20 болу керек дейді облыс әкімі.
– Алдағы уақыт Қостанайдағы индустриалдық аймақ аумағында металл қалдықтарын қайта өңдеу зауытын салу жоспарымызда бар. Бұл мәселені үкіметтік деңгейде көтеріп отырмыз. Мұндай кәсіпорын машина жасау, темір илемдеу өнеркәсіптері бар өңіріміз үшін ауадай қажет. Жаңа зауыттың жобалық құны да арзан емес – 2-3 млрд теңге аралығында, – деді Архимед Мұхамбетов.
Өңір басшысы барлық аудан-қала басшыларына қоқыс төгу заңнамасын қадағалау мақсатында алдағы уақыт еріктілерді көбірек жұмылдыруды тапсырды.
Қыдырбек ҚИЫСХАНҰЛЫ
Суреттерді түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ.