Қыстың «қаһары» қайтқан жоқ  

Өткен мерекелік демалыс күндері желдің қатты ұйытқуы салдарынан өңіріміздегі бірқатар аудандардың тас жолдары қар құрсауында қалды. 7-8 наурыз күндері Алтынсарин ауданының Первомай ауылына баратын жолда бірнеше көлік кептеліп қалған деп хабарлайды облыстық ТЖД өрт сөндіру және авариялық құтқару жұмыстары жедел тобының өкілдері.IMG_20200309_094624
«ТРЭКОЛ көлігі арқылы жеңіл автодағы 4 адам құтқарылды: екі әйелдің біреуінің ай-күні таяған екіқабат және ер адам мен 2008 жылы туған бала.  Құтқару мұнымен аяқталған жоқ. Введен тас жолында сынып қалған микроавтобустағы 10 жолаушы Павлов ауылына жеткізіліп, жергілікті мектепке орналастырылды. Құтқарушылар Майалап елді мекенінің тұсында қар құрсауында тұрған бір ер, төрт әйел адамды Қостанайға жеткізді. Жамбыл-Самир жолында жүрмей қалған көліктегі 8 адам (екеуі бала) Самир ауылына жеткізілді», – делінген хабарламада.     
Бұдан бөлек, Александров, Мичурин-Садовый елді мекендері жолдарын тазалау кезінде қар астында қалған көліктер шығарылып алынған. Ал жітіқаралық құтқарушылар сыртпен 5 тәулік ұялы байланыссыз қалған далада жатқан ер адамға азық-түлік, медициналық керек-жарақ жеткізіп беріпті. s5qMdS6wc0k
9 наурыз күні газетіміздің тілшісі Қостанай ауданының Айсары және Қостомар ауылдарының арасындағы Алматы-Екатеринбург халықаралық тасжолындағы қар кептелісінің куәгері болды.  Жүздеген көлік Әулиекөл бағытына қарай өте алмай тұр. Жүргізушілер мен жолаушылардың айтуынша қардың биіктігі 150-200 сантиметрге жеткен. Салдарынан бірнеше шақырым көлік кептелісі пайда болды. Кейін бұл жөнінде ТЖД қызметінен нақты ақпарат түсіп отыр:
«Жолда 400-ден астам көлік қозғалыссыз қалған. Ұзын-сонар көліктердің ішінде әйелдер мен балалар көп. Құтқарушылар ТРЭКОЛ көлігімен барып, қар тазалау жұмыстары аяқталғанша және барлық автомобильдер орындарынан кетіп қалғанша төтенше жағдайдың алдын алу мақсатында сол маңда болды», – делінген.
Міне, қыстың қаһарынан қайтпағаны қаперімізде болса, құрметті оқырман. Себебі, алдағы күндері де күн райы қуантып отырған жоқ. Мәселен, 11 наурыз күні Қостанайда дауыл болады деп хабарлайды ауа райын болжаушылар. 
 
Қыдырбек ҚИЫСХАНҰЛЫ

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓