Шұғыл әрекет ету штабы құрылды
Мұнайды негізгі экспорттаушы елдер арасында мұнай өндіруді шектеу және коронавирустың таралуы әлемдік бағаның айтарлықтай төмендеуіне алып келді. Осылайша, Brent маркалы мұнайдың бағасы әлемдік нарықтарда барреліне 31-33 $ шегіне жетіп, 30%-дан астамға төмендеді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 9 наурызда елдегі экономикалық ахуал жөнінде жедел кеңес өткізіп, Үкіметке, Ұлттық банкке және басқа да мемлекеттік органдарға нақты тапсырмалар берді. Басты тапсырма – мемлекеттің халық алдындағы барлық әлеуметтік міндеттемелерін толық көлемде орындау. Осыған орай облыс әкімдігінде шұғыл әрекет ету штабы құрылды. Оған негізгі сала басқармалары, Ұлттық Банктің, прокуратураның, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, полиция, Мемлекеттік кіріс департаменттерінің, кәсіпкерлер палатасының басшылары кірді.
-Қалыптасқан жағдайларға байланысты Ұлттық банктің Қостанай филиалына, ҚР Қаржы нарығын реттеу мен дамыту жөніндегі агенттігінің өңірлік өкілдерінің басқармасына теңге бағамының өсуіне байланысты алыпсатарлыққа жол бермеу, қаржы нарығындағы тұрақтылықты сақтау жөнінде шаралар қабылдау қажет. Сонымен қатар, кәсіпкерлік басқармасына «Атамекен» ҰКП филиалымен – жұмыс орындарын сақтау, Қазақстандық қамту үлесін арттыра отырып, ішкі нарыққа бағдарланған жаңа өндірістерді дамыту, ағымдағы сауда ағындарын сақтау үшін баламалы өткізу нарықтарын іздеу бойынша шаралар қабылдауды тапсырамын, – деді облыс әкімі.
Сонымен қатар, шұғыл әрекет ету штабының алғашқы жиынында өңір басшысы еңбек инспекциясы жөніндегі басқарма еңбек заңнамасының сақталуына қатаң бақылау жасауды, кәсіпорындармен жұмыс орындарын сақтау және жалақыны уақтылы төлеуді қамтамасыз ету бойынша жаңа меморандумдарды жасау және сақтау мониторингін қамтамасыз етуді жүктеді. Қаржы, экономика және бюджеттік жоспарлау басқармалары – бюджеттік шығыстарды қысқарту, жергілікті бюджеттерді оңтайландыру жөнінде шараларымен қоса, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына, «Тобыл» ӘКК қалалар мен аудандар әкімдерімен бірлесіп, әсіресе әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаның негізсіз өсуіне жол бермеуді қадап тапсырды.
Әлемдегі жағдайға байланысты жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы-2020 жылға жоспарланған жұмыс орындарын құру мәселелері сол қалпы қалады.
Шұға ҚОҢҚАБАЙ,
Суреттерді түсірген Б. КӨРКЕМБАЕВ