Шетелдік компания кен барлау жұмыстарын жүргізбек
Бүгін Қостанай облысының әкімдігі мен «Rio Tinto Exploration Kazakhstan» компаниясы жергілікті тұрғындарды әлеуметтік-экономикалық қолдау жөніндегі келісімге келіп, өзара ықпалдастық туралы меморандумға қол қойды.
«Rio Tinto» – тау-кен байыту саласында жетекші трансұлттық компаниялардың бірі. Бас кеңсесі Ұлыбританияда орналасқан. Қазақстанда 2014 жылдан бастап жұмыс істейді. Жүзеге асырған екі бірдей жобасы – Қарағанды облысында.
«Rio Tinto» компаниясы негізінен алюминий, мыс, темір, алтын, тағы басқа да өнеркәсіптік маңызы бар пайдалы қазбаларды іздеумен, өндірумен және өңдеумен айналысады. Қазір кәсіпорын әлемнің отыздан астам елінде жұмысын жандандырып отыр.
Шетелдік инвестор енді Қостанай облысы аймағында мыс-порфир кен орнын іздестірмек. Бұл жұмысқа өңір тұрғындарын тартуға ынталы.
– Біз бұл әріптестікті жоғары бағалаймыз, – деді компания өкілі Ольга Петрова облыс әкімдігінде өткен жиында.
Компанияның кен барлау жұмысына сәттілік тілеген Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов екі жақты келісімнің маңызына тоқталды.
– Кейінгі бірнеше жылда елімізде тау-кен өндірісін дамытуға қомақты инвестиция құйылады. Біздің бұл бағыттағы ең бірінші міндет – жаңа жұмыс орындарын ашу, – деді Архимед Мұхамбетов.