Қаржыландыру көлемі 15 млрд теңгеге артты
“Қостанай – адалдық алаңы” кеңсесінде “Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры” КЕАҚ Қостанай облысы бойынша филиалының директоры С.Аймұхамбетова медициналық сақтандыру жүйесі мен оның артықшылықтары, тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемінің шеңберінде көрсетілетін медициналық қызметтерді сатып алу жұмыстары жайлы айтып берді.
Биылдан бастап еліміздің денсаулық сақтау саласы жаңа жүйе бойынша жұмыс істеп жатыр. Аталған жүйенің арқасында біздің облыс бойынша медициналық қызметті қаржыландыру көлемі 15 млрд теңгеге артып, 55 млрд теңгені құрап отыр.
-Жаңа жүйе шеңберінде медициналық қызмет көрсету екі пакеттен тұрады. Біріншіден, бұрынғыдай алғашқы медициналық көмек, жедел-жәрдем шақыру, санитарлық авиация көмегі, басқа да науқастың өмірін құтқаруға қажетті дәрігерлік көмектің барлығы тегін көрсетіледі. Екіншіден науқастың дертін анықтау мен толықтай емдеуге қажетті шығынды жабу енді медициналық сақтандыру жүйесі арқылы іске асырылады, – дейді филиал директоры С.Аймұхамбетова.
Сондай-ақ, медициналық сақтандырудың арқасында бүгінде өңір тұрғындарына құны қымбат тұратын компьютерлік томография (КТ) және магниттік-резонанстық томография (МРТ) сияқты қызмет түрлері тегін көрсетіле бастады. Мәселен, ағымдағы жылдың қаңтар айында КТ қызметін 117 адам, ал МРТ қызметін 186 адам тегін пайдаланды. Осылайша, жаңа жүйенің арқасында отбасылық бюджетті үнемдеуге мүмкіндік туып отырған көрінеді. Б бейінді мамандардың қызметі де қолжетімді болмақ. Жүйенің тағы бір тиімділігі, тегін дәрі-дәрмекті кешіктіру және препараттарды дәріханалардан таппай қалу сынды мәселелер толық шешімін тауып, рецепт алу бойынша да қиындықтар жойылады.
Филиал директорының айтуынша, сақтандыру жүйесі енгізілгеннен бері қала тұрғындарынан көптеген сауалдар түсуде. Сұрақтардың негізгі бөлігі жарна мәселесі, яғни азаматтарды қанша жарна төлеуім керек, сақтандыру шеңберінде көрсетілетін қызметтерге сомасы жағынан шектеу бар ма, әскерилер қалай төлейді деген сияқты т.б. сұрақтар мазалайтын көрінеді.
-Жаңа жүйе аясында мемлекет халықтың әлеуметтік осал топтарына, жұмыс берушілер жалдамалы қызметкерлеріне, ал жұмысшылар мен өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар өздеріне жарна төлейді. Естеріңізге сала кетсек, жұмыс берушілер қарамағындағы қызметкерлер үшін 2017 жылдың шілдесінен бастап жарна төлеп келеді. 2020 жылы аталған санат өз қаражаты есебінен әр қызметкердің жалақысынан 2 пайызын аударады. Қалған санаттардың барлығы жарна аударуға биылдан бастап кірісті. Аймағымыз бойынша 409 мың адам мемлекет тарапынан тегін сақтандырылады, – дейді С.Аймұхамбетова.
Суреттерді түсірген Б.АХМЕТБЕКОВ
.