Татулықты ту етіп…
Қостанайда облыс әкімінің орынбасары Марат Жүндібаевтың қатысуымен этно-мәдени бірлестіктердің алқа отырысы өтті. Жиынға аудан әкімдерінің орынбасарлары, облыстық департамент басшылары мен ішкі саясат бөлімдерінің жетекшілері қатысты. Алдымен облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Бибігүл Аққожинаның баяндамасы тыңдалды. Бибігүл Бүркітқызы 2019 жылы атқарылған жұмыстарға тоқталды.



Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдығы жоғары дәрежеде өтпек. Келісім, тұрақтылық, халықтар достығы, түрлі этностық топтар, діни конфессиялар арасындағы өзара құрмет – жоспарланған іс-шаралардың тақырыбы.
Облыстық Ассамблея қайырымдылыққа көп көңіл бөледі. 2019 жылдың басында қазақ халқының дәстүрлері негізінде әзірленген қайырымдылық іс-шаралар күнтізбесі бекітілді. Әрбір аудан мен қалада Ассамблеяның қоғамдық құрылымдары бар. Олар тұрақты негізде демеушілік көмек көрсетіп отырады.

– Қазақстан халқы Ассамблеясының облыстық филиалының қатысуымен былтыр түрлі деңгейде алты жүзден астам қайырымдылық іс-шарасы өткізілді. Көрсетілген қайырымдылық көмек сомасы екі жүз млн теңгеден асты. Ассамблеяның Аналар кеңесі қайырымдылық іс-шаралар күнтізбесі аясында «Мейірімді істер күні» акциясын өткізуге бастама жасады. Медиация институтын дамыту үшін өңірде 1 облыстық медиация кабинеті ашылды. Сондай-ақ, соттар, әкімдіктер, үкіметтік емес ұйымдар жанындағы 27 медиация кабинеті тұрақты жұмыс істейді. Этномәдени бірлестіктер жанынан 10 шығармашылық ұжым, төрт жастар қанаты және «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының филиалы бар, – деп толықтырды хатшылық меңгерушісі.
Жиын барысында этно-мәдени бірлестіктердің жетекшілері сөз алып, облыс тұрғындарына алғысын білдірді.

– Сонау тоқсаныншы жылдардың қиындығын барлығыңыз білесіздер. Қиын заманда Елбасымыздың соңынан еріп, түзу жолға түстік. Елімізді мекен еткен әр ұлт бірлікте өмір сүріп келеді. Бұл бағытты өзгертпей, алға қадам басуымыз керек. Қазір велосипед ойлап табудың қажет жоқ. Тек өзімізді, ұрпағымызды тәрбиелеу керек. Әрине ұрыс-керіссіз отбасы болмайды. Аздаған келіспеушіліктер болса, оны тез арада ретке келтірудің жолдарын іздейік. Бұған біз жауаптымыз. Кез келген адам қателеседі. Мен үш облыста жұмыс істеймін. Кәсібімді игеріп, 1000-нан астам адамға жалақы төлеп отырмын. Міне, осы үшін де мен қазақ халқына ризамын! Осы уақытқа дейін жеткенімізді сақтайық! Келешек ұрпаққа осы керек, – деді Шешен-ингуш этно-мәдени бірлестігінің төрағасы Эльбрус Тимаев.
Қасқырбай ҚОЙШЫМАНОВ
Суреттерді түсірген Бердіболат Көркембаев